Бұл мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі екені анық. Алайда жалпы спорттағы оң өзгерістерге қарамастан, салада шешімін күткен түйткілдер әлі де аз емес. Соның бірі – кезінде талай талантты тәрбиелеген Сыр велоспортының аяқалысы бүгінде көпшілікті алаңдатып отыр.
Аяқсыз қалған бастама
Негізінен, әлемде веломәдениетті дамыту мәселесі үлкен басымдыққа ие. Тіпті бірқатар елдерде велосипед тек спорттық жарыс құралы емес, салауатты өмір салтының, экологиялық мәдениеттің және заманауи қалалық инфрақұрылымның ажырамас бөлігі саналады. Әсіресе, Еуропа елдері мен дамыған мегаполистер велосипедті күнделікті көлік құралы ретінде пайдалануға айрықша басымдық береді. Соның негізінде көптеген елде арнайы веложолақтардың қатары артып, бұл әуесқойлар жарысының тұрақты өткізілуі мен балалар спор мектебінің жүйелі жұмыс істеуіне жол аша түсті.
Бұған дейін Сыр өңірінде де велоспортты дамытуға бағытталған бірқатар бастама қолға алынған болатын. Соның ішінде Қызылорда қаласында арнайы веложол салу жобасы көпшіліктің көңілінен шыққан еді. Құрылыс жұмыстары басталып, бұл тұрғындар арасында үлкен үміт тудырғаны да рас.
Аталған жоба шамамен 2017 жылы қолға алынған. Жоспар бойынша Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту аясында ұзындығы 8,3 шақырымды құрайтын магистралды көше салу көзделген. Жоба құрамында төрт жолақты автокөлік жолымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған жол және ең бастысы, велосипедшілерге арналған арнайы жолақ қарастырылған. Бастапқы жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары 2021 жылы толық аяқталып, пайдалануға берілуге тиіс болатын.
Алайда баянды бастама толық жүзеге аспай, веложол құрылысы аяқсыз қалды. Салдарынан, кезінде үлкен үміт артылған өңірдегі велоспорттың дамуына серпін беруі тиіс маңызды инфрақұрылымдық жоба көптің арманына айналды. Бүгінде өңір тұрғындары мен спорт жанашырларын «Веложол құрылысы неге тоқтады?» деген сауал толғандырады. Бірақ оның себебі осы кезге дейін ресми түсіндірілген жоқ.
Өңірдегі велоспортқа қатысты мәселе Қызылорда облыстық қоғамдық кеңестің де назарына ілігіп отыр. Бұл түйткіл велосипедшілердің қауіпсіздігі мен кәсіби деңгейін арттыруға айтарлықтай қиындық туғызып тұрғанын алға тартады.
«Ең алдымен, Қызылорда қаласында заманауи велотректің жоқтығы – басты мәселенің бірі. Бұған дейін велотрек салу жоспары айтылғанымен, жоба нақты жүзеге аспады. Арнайы жабық нысанның болмауы спортшылардың жыл бойы сапалы дайындық жасауына мүмкіндік бермей тұр. Сондықтан өңірде халықаралық талаптарға сай велотрек салу мәселесін қайта күн тәртібіне шығару қажет. Сонымен қатар республикалық және халықаралық жарыстарға қатысатын спортшылардың іссапар шығындары да қайта қарауды қажет етеді. Жеткіліксіз қаржыландыру олардың жарысқа толық құрамда қатысуына, тәжірибе жинақтауына және спорттық деңгейін арттыруына кері әсерін тигізеді. Сол сияқты материалдық-техникалық база мәселесі де назардан тыс қалмауға тиіс. Жаттығу велосипедтерін жаңарту, жарыстарды сүйемелдейтін арнайы автокөліктер сатып алу, спортшыларды сапалы велоформамен қамтамасыз ету де кәсіби спорттың ажырамас бөлігі екені белгілі. Бұған қоса, «Велосипед спорт түрлері бойынша кәсіпқой спорт клубының» кадрлық әлеуетін күшейтіп, қосымша штат бірліктерін енгізу және мамандардың еңбекақысын арттыру да уақыт талабынан туындап отыр. Сондықтан Сыр өңірінің велоспорттағы бұрынғы даңқын қайта жаңғырту үшін жергілікті билік тарапынан нақты қолдау мен батыл шешімдер қажет. Аталмыш мәселеге орай тиісті орынға өзіміз тарапынан ұсыныс хат та жолдадық. Бұл мәселенің қай кезде нақты шешімін табатыны әзірге беймәлім күйде қалып тұр. Алдағы уақытта түбегейлі шешімін табалы деген үміт зор», – дейді қоғамдық кеңес мүшесі Нұрбек Дәуренбеков.
Жүздеген спортшының «жыры»
Қазір Қызылорда қаласында «Велосипед спорт түрлері бойынша кәсіпқой спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыс істейді. Аталмыш клубта велоспортқа қызығушылық танытып жүрген өрендердің қарасы қалың. Клуб балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайту, бұқаралық спортты дамыту, дарынды спортшыларды анықтау, олардың теориялық және тәжірибелік даярлығын жетілдіру, халықаралық деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеу міндеттерін жүзеге асыруға күш салып келеді. Осы орайда Сыр велоспортшыларын толғандырған мәселе төңірегінде сұрап көрдік. Өз кезегінде клуб тарапынан өңірде велотрек салу өте өзекті мәселеге айналып тұрғанын растап отыр.
«Қызылорда облысында велоспорттың қалыптасуы мен дамуының өзіндік тарихы бар. Мекеме өз қызметін тиісті ережеге сәйкес жүзеге асырады. Негізгі мақсатымызға тоқталсақ, велоспорт бойынша спорт резервін даярлау және облыс пен Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларына жоғары дәрежелі спортшылар тәрбиелеуге күш саламыз. Осы орайда жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін өңірде заманауи жабық велотрек салу қажеттілігі туындап отырғаны жасырын емес. Негізінен, келешекте көрермендерге арналған трибуналары, әмбебап ойын залы, велосипед жөндеу шеберханасы, велосипед сақтайтын қоймалар, туннель, кәсіби велошабандоздардың жаттығу алаңы, жаңадан келген спортшыларға арналған оқу-жаттығу залы мен автотұрақ қарастырылған заманауи нысан салынса деген мақсат бар. Жобаның жалпы құны шамамен 1 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 2,5 млн теңге қажет. Егер жоба нақты жүзеге асырылатын болса, велосипедшілердің басты мәселесі шешімін табар еді. Жалпы, Қызылордада велотректің салынуы өңірдегі велоспорттың дамуына тың серпін берері сөзсіз. Сонымен қатар республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік жасап қана қоймай, жаңа чемпиондардың қалыптасуына жол ашылар еді. Алайда өңірден заманауи үлгідегі жабық велотрек салу мәселесі әзірге болашақтың еншісінде қалып тұр», – деп мәлімдеді аталмыш спорт клубы жазбаша жауабында.
Клубтың мәлімдеуінше, осы уақытқа дейін мекеме 5 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 29-дан астам Қазақстан Республикасының спорт шеберін, 120-дан астам спорт шеберлігіне үміткерді және 90-нан астам бірінші спорттық разряд иегерін даярлаған. Қазір клубта Қазақстан чемпионаттарына, Азия және әлем біріншіліктеріне қатысатын 300-ге жуық спортшы жаттығады. Оларды жоғары білімді, жоғары санатты 10 жаттықтырушы дайындайды екен. Алайда спортшылар бүгінде Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионның небәрі 507,6 шаршы метр аумағын жалға алып жаттығуға мәжбүр. Мамандар тарапынан өңірде велоспорт мектебі жұмыс істегенімен, спортшылар қауіпсіздігінің толық қамтамасыз етілмеуі саланың жұмысын тежеп тұрғанын жеткізді.

Бір кездері Сыр өңірі велоспорттан талай мықтыны түлетіп, республика көлемінде өзіндік мектебі қалыптасқан аймақтардың бірі саналғанын аға буын аңыз қылып айтады. Бүгінде сол дәстүрдің үзіле бастауы көпшілікті алаңдатып отыр. Қазіргі уақытта өңірде жүздеген жас спортшы шыңдалып жұргенімен, олардың заманауи талаптарға сай жаттығу жасауына жоғарыда аталған келеңсіздіктер кедергі келтіруде. Ең бастысы, велотректің жоқтығы, арнайы веложолдардың салынбауы, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі мен қаржыландыру мәселесі саланың дамуына тұсау болып отыр.
Соған орай бұған дейін Сыр бойында басталған веложол құрылысының не себепті тоқтап қалғанын жауапты мекемелер халыққа ашық түсіндіріп берсе құба-құп. Сондай-ақ велосипед спортының бүгінгі тағдырына қатысты нақты шешім қабылдағаны жөн. Ал халықаралық талаптарға сай жабық велотрек салу мәселесі кезекті жоспар күйінде қалмай, нақты іс жүзінде жүзеге асса, қанекей?! Бұл бірінші кезекте өңір спортына тың серпін беретін бірегей жоба болып, Сыр спортының дамуына сүбелі үлесін қосар еді. Сонда ғана Сыр елінде велосипед спорты бойынша жаңа буын чемпиондардың өсіп жетілуіне жол ашылары сөзсіз.
Қалай дегенде де, Сыр өңірінде велосипед спортын дамыту үшін жедел түрде кешенді шаралар құру қажеттігі туындауда. Яғни веложол салу, материалдық базаны күшейту арқылы жас спортшыларды даярлаудың тиімді жүйесін қалыптастыру өздігінен сұранып тұр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
