Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші айтты.
Қазақстан тарихтың жаңа парағын ашып, дамудың жаңа кезеңіне қадам басады – Ерлан Қарин
210
оқылды

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бұл өзгерістерді ел тарихындағы «Жаңа Өрлеу кезеңі» деп бағалап, Конституцияның құндылықтар коды ретіндегі рөлін, қоғамдық сананың жаңғыруын және жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудағы маңызын жан-жақты саралайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Республикалық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция алдағы 1 шілдеде күшіне енеді. Сөйтіп, Қазақстан тарихтың жаңа парағын ашып, дамудың жаңа кезеңіне қадам басады. Ел жылнамасындағы кезекті бір маңызды меже аяқталып, жаңа дәуірдің табалдырығын аттаймыз. Бұл – Қазақстан тарихындағы айтулы оқиға.

Осылайша, Қазақстанның саяси-мемлекеттік жүйесі мүлдем жаңа модельге көшеді. Орталықтандырылған билік жүйесінің негізгі тұғырын нығайтатын жаңа институт – бір палаталы Құрылтай өз жұмысын бастайды. Жаңадан Вице-президент, Қазақстан Халық кеңесі институттары құрылады.

Бұдан бөлек, саяси практикадағы мемлекет ісінің ішкі мазмұнын түрлендіретін жаңа конституциялық қағидаттар күшіне енеді. Мәселен, көптеген лауазымды тұлғалардың қызметіне қатысты бір реттік мерзім белгіленіп отыр. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар тек қана жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша қабылданады. Біздің өңірдің құқықтық жүйесіндегі үлкен жаңашылдық – әйгілі Миранда ережесі жаңа қағидаттардың қатарына қосылды. Қазақстан алғашқылардың бірі болып цифрлық деректерді қорғау нормасын Негізгі заңға енгізді. Еліміздің зайырлы  сипаты тың нормалар арқылы күшейтілді. Ғылымды, білімді, адам капиталын, инновацияларды дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды. Осының барлығы бұдан былай күнделікті өмірде қағидат ретінде орныға бастайды.

Сондай-ақ ұлттық бірегейлігіміздің нақты айқындала түсуіне маңызды қадам жасалады. Алғаш рет Ата Заңның преамбуласында тарихи тамырымыз қамтылғаны мәлім. Мемлекет қызметінің негіз құраушы қағидаттарының қатарына тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау секілді тың нормалар қосылды. Дәстүрлі отбасы институтын сақтау, ата-анаға қамқорлық көрсету, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау маңызды басымдық болып бекітілді.

Айрықша атап өтерлігі, қазір болып жатқан өзгерістердің маңыздылығы – бір саяси модельден екіншісіне көшуде немесе жаңа институттардың құрылуында ғана емес, алдағы кезеңдегі ең үлкен маңызды бетбұрыс – қоғамдық сананың, қоғамдық саясаттың кезекті рет жаңғырып, жаңаруы. Себебі Президент реформалары қазірдің өзінде қоғамдық кеңістікті жандандырып, қозғалысқа түсірді. Қоғам сахнасына жаңа тұлғалар, жаңа күштер шыға бастады.

Бұл іргелі өзгерістердің басы ғана. Өйткені алдағы уақытта Құрылтайға, Қазақстан Халық кеңесіне, одан кейін болашақта жергілікті мәслихаттарға отаншыл азаматтардың жаңа буыны келеді. Олар жаңа ұғымдар мен тәсілдерді, жаңа риторика мен көзқарастарды алға шығарады. Мұның бәрі қоғамның пассионарлық энергиясына оң әсер етіп, тың күш-жігер беріп, елдің өркендеуіне жаңа серпіліс әкеледі. Себебі өзгерістерді өзінің өне-бойынан өткізген қоғам қалыптасатын энергияны белгілі бір жаңашылдықтар, жаңа басымдықтар мен идеялар арқылы пайдалануға тырысады. Бұл – қоғамдық дамудың өзіндік бір логикасы.

Сондықтан қазір Қазақстанда басталғалы тұрған жаңа өзгерістер ауқымдылығы, тереңдігі, екпінділігі, қарқындылығы жағынан соңғы онжылдықтардағы ең үлкен үдеріс болмақ. Мұны Қазақстан тарихындағы Жаңа Өрлеу кезеңі деп атауға болады.

Конституция – құндылықтар коды

Бұрын түрлі пікірталастарда, сұхбаттарда «Біздің елдегі идеологияның мәні қандай?», «Жалпы, қандай идеологияны ұстанамыз?» деген сұрақтар жиі қойылатын. Тіпті, кейде «Идеологиямыз айқын емес», «Нақты идеология жоқ» деп сын айтушылар да табылатын.

Несін жасырамыз, қоғамда мұндай ой-пікірлердің қалыптасуына негіз де бар еді. Өйткені 1995 жылы посткеңестік стильде әрі транзиттік рухта жазылған Ата Заңның идеологиялық бағдарға айналатындай қауқары болмады. Себебі аталған Конституция Кеңестік кезеңнің құрсауынан енді ғана босап, Егемендігімізді енді ғана алып жатқан елең-алаң шақта қабылданды. Ол кезде ең басты тарихи мақсат мемлекеттіліктің іргетасын қалау болды. Бұл тұрғыдан алғанда Конституцияны әзірлеген аға буын өздеріне жүктелген миссияны абыроймен атқарды. Оны айрықша айтып өтуіміз керек. Екінші жағынан, бұл Конституцияда ұлттық бірегейлігіміз, болмысымыз, тарихи тамырымыз, төл құндылықтарымыз айқын көрсетілмегені де рас.

Ата Заңда нақты көрініс таппағаннан кейін де ішкі саясатты егжей-тегжейлі түсіндіріп, бағыт-бағдарын айқындап беретін қандай да бір құжат, тұжырымдама болмады. Осыдан соң мемлекеттің қандай құндылықтарды ұстанатынын, қоғамда қандай қағидаттарды орнықтырып, ілгерілететінін белгілеу мүмкін емес еді. Сол себепті, идеологияға қатысты жоғарыдағы сұрақтар қойылған кезде нақты жауап та айтылмайтын.

Ал енді осы аралықта әлем де, ел де, қоғам да өзгерді. Күн тәртібіне мүлдем басқа мәселелер шықты, қоғамның әлеуметтік ішкі құрылымы түрленді, азаматтардың әлемде болып жатқан жаңашылдықтарды қабылдауы басқаша қалыптаса бастады, жаңа құндылықтар пайда болды. Сол себепті, қоғамның ішкі сұраныстарына байланысты жаңа Конституцияны қабылдау қажеттілігі де өздігінен туындады.

Биыл жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Ата Заң – мемлекеттілігі орныққан, халықаралық кеңістіктегі беделі қалыптасқан, өзінің тарихи тамырын айқындаған, болашағына зор сеніммен қарайтын Қазақстанның Конституциясы. Яғни, бұл посткеңестік тарих кезеңі біржола аяқталды дегенді білдіреді. Негізгі құжат заманауи саяси жүйені құруға, тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға, ұлттық мүддемізді сақтауға бағытталған.

Бұдан былай «Біз ұстанатын құндылықтарға не жатады?», «Идеологиямыз қандай?» деген сұрақтарға анық әрі сенімді жауапты Ата Заңнан табамыз. Себебі Конституция – тек құқықтық құжат қана емес, ол – өмір салтымызды, бірегейлігімізді, бағыт-бағдарымызды көрсететін құжат. Яғни, Ата Заң – идеологиялық құндылықтар коды. Әрине, Конституцияда да, мемлекеттік саясатта да идеологиялық көзқарастар мен пікірлердің әралуандылығы мойындалады және қорғалады. Дегенмен ұлтты ұйыстыратын құндылықтар да Ата Заңда айқын көрсетілуі қажет. Сондықтан оның преамбуласында, негізгі бөлімдері мен баптарында ұлттық болмысымыз бен бағдарымыз, қоғамдық құндылықтарымыз, ұстануға тиіс мемлекеттік қағидаттарымыз нақты, жүйелі әрі анық бекітілген.

Біріншіден, Конституцияның преамбуласын негізгі идеологиялық ұстанымдардың тұтас әрі құрылымдалған дайын жиынтығы деуге болады. Қолданыстағы қазіргі Ата Заң мемлекеттiлiкті құра отырып әзірленсе, жаңа Конституция осы жылдар аралығында құрылған мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған. Преамбулада бұл жөнінде нақты жазылған. Сол секілді онда тарих, заң мен тәртіп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация, табиғатты аялау, бейбітшілік пен достық қағидаттары мен құндылықтары қамтылған.

Екіншіден, Негізгі Заң тарихымызға қатысты жаңаша көзқарасты қалыптастырды. Оны преамбуладағы «Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап» деген сөйлемнен-ақ аңғаруға болады. Ал 1995 жылғы Конституцияда тарихымыз мүлдем қамтылмаған еді.

Үшіншіден, еліміздің аумақтық тұтастығына қатысты нақты ұстаным белгіленді. Преамбулада жазылғандай, аумақтық тұтастық ешқашан өзгермейді және оған қол сұғылмайды. Мұны 2-баптың 6-тармағындағы «Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы өзгермейді» деген норма да қуаттай түсті. Демек, еліміздің аумақтық тұтастығы болашақта мәселе ретінде талқыланбайды, тіпті референдумға да шығарылмайды.

Төртіншіден, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін нақты белгіледі. Бұрын қоғамда көшеде қара киім жамылып жүретін дін өкілдерінің көбейіп кетуіне байланысты «Қайда бара жатырмыз?», «Болашақта қандай ел боламыз?» деген алаңдаушылық бар еді. Сол себепті жаңа Ата Заңда еліміздің зайырлы  сипаты біржола айқындалды. 7-баптың 1-тармағында «Дін мемлекеттен бөлек» деп жазылса, 33-баптың 5-тармағында білім және тәрбие жүйесі зайырлы сипатқа ие екені нақтыланды. Бұл – мазмұн, мағына жағынан өте маңызды шешім.

Бесіншіден, дәстүрлі құндылықтар ең жоғары құқықтық деңгейде қорғалды. Бұл қадам жат мәдени модельдер мен мінез-құлық нормаларын күштеп енгізу әрекеттерінен туындады. Сондықтан Конституцияның 30-бабы  2-тармағындағы «Неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деп нақты жазылды. Бұл нормада екі маңызды ұғым бар: бір жағынан, ер мен әйелдің одағы арқылы дәстүрлі отбасы құндылығын бекітеміз, екінші жағынан, осы одақты «ерікті» әрі «тең құқықты» деп нақтылау арқылы әйелдердің құқықтары мен мәртебесін өркениетті қоғам талаптарына сай қорғаймыз.

Алтыншыдан, ел дамуының адами өлшемі енгізілді. Адам құқықтары негізгі басымдық ретінде айқындалды. Мәселен, «Президент», «Үкімет», «Құрылтай» деген бөлімдер 7-10 баптан тұрса, азаматтардың құқығын қорғауға арналған бөлімде 30 бап бар. Конституциядағы 11 бөлімнің ең үлкені адам құқықтары мен бостандықтарына арналған – «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер». Мемлекеттің стратегиялық дамуының негізі ретінде табиғи қазбалар, басқа да байлықтар емес, ең алдымен адами капитал белгіленді. Яғни, адамдардың білімі, қабілеті, еңбегі алдыңғы орынға шықты. 4-баптың 1-тармағында жазылғандай, «Халық – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі». Маңызды нормалардың бірі ретінде бекітілген сөз бостандығын қорғау да – адами өлшемнің негізі. 23-баптың 5-тармағында «Цензураға тыйым салынады» деп жазылса, осы баптың 1-тармағында «Сөз еркіндігіне кепiлдiк берiледі» деп көрсетілген. Яғни, сөз бостандығы бұрынғымен салыстырғанда барынша кеңейтілді.

Осылайша, Конституцияда теңгерімді ұстаным белгіленді. Дәстүрлі құндылықтардың да, заманауи құндылықтардың да аражігі нақты айқындалған. Дәстүрлі дүниемізді қорғаймыз деп консервативті бағытқа да түбегейлі бұрылмай, заманауи құндылықтарға сәйкес боламыз деп либералды бағытқа да аса қатты ұрынбай, идеологиялық және саяси әралуандылық теңдей сақталды.

Айта кетерлігі, Конституцияның преамбуласы мен негізгі баптары Мемлекет басшысының тұжырымдамалық тезистері негізінде әзірленді. Тіпті, Конституциядағы маңызды өзгерістерді, түбегейлі жаңашылдықтарды, әсіресе қарапайым азаматтардың мүддесін қорғайтын жаңа нормалардың көбін Президент өзі ұсынды. Бұған дейін де айтылғандай, Қасым-Жомарт Кемелұлы түрлі құжаттармен жұмыс істегенде, өзінің сөйлейтін сөздерінде Егемендік және Тәуелсіздік ұғымдарын әрдайым бас әріппен жазады. Ата Заңның жаңа мәтінінде де осы ұстаным сақталды. Өйткені бұл сөздер қасиетті де қастерлі ұғымдар болып қоғамдық санада біржола орнығып, бекітілуге тиіс. Мұның өзі Конституциямыздың дәл осындай түрлі идеялық ұстанымдардан тұратындығының тағы бір көрінісі.

Сондықтан Ата Заңда төл тарихымыз да, Әділетті Қазақстан идеясы да, "Заң мен тәртіп" қағидаты да, «Таза Қазақстан» да, бірлік пен ынтымақ та, мәдениет пен білім де, ғылым мен инновация да тегіс қамтылған. Бұл – ұлттың бірегейлігі бекемделген, құндылықтары жүйеленген, мемлекеттілік қағидаттары нақты белгіленген Конституция. Ең бастысы, онда мемлекетіміздің болашақтағы кескін-кейпі, болмысы нақты айқындалған. Яғни, келешекте прогрессивті, өркениетті, ғылым мен білімге, инновацияға арқа сүйеген ел атану көзделген. Сондықтан ішкі саясаттың ендігі негізгі міндеті – Конституцияда бекітілген құндылықтардың қоғамда берік орнығуын қамтамасыз етіп, қорғау.

Қоғамдық санадағы сілкініс

Бұған дейін де айтқам, қазір де қайталайын: құрғақ ұран, жалаң үгіт-насихат – біздің жолымыз емес. Бұрын бір кезде біздің билікте де, қоғамда да тез нәтиже беретін жұмыстармен айналысқысы келетін жаман әдет болды. Жұрттың алдында жедел есеп бере салатын, жылдам ұпай жинайтын шаруалармен әуестену белең алды. Сол тәсіл мемлекеттік басқару жүйесінде де, қоғамдық психологияда да қатты асқынды. Ешкімнің іргелі реформалармен, ұзақмерзімді шаруалармен айналысқысы келмеді.

Сөйтіп, кейбір күрделі проблемалардың шешімі табылмай, жинақтала берді. Бір өңірлерде жерастындағы инженерлік желілер тозып, уақытында жаңартылмады. Басқа бір аймақтарда ауызсу тапшылығы мәселесі реттелмесе де, жарқыраған ғимараттар салынып жатты. Міне, осындай кереғар жағдайлар орын алды. Мұндай әдеттің ең ауыр зардабы – күрделі мәселелердің түйіні дер кезінде тарқатылмай, кейінгі буынға ысырыла беруі еді. Ал қазір билік, керісінше, ең маңызды, терең де түйінді, ауқымды жұмыстарды атқаруға ұмтылуда. Кейбірінің күрделілігі соншалық, қоғамда әркелкі қабылдануы мүмкін болса да, мемлекеттің болашақ дамуына деген қажеттіліктен кейін онымен ертең емес, тап қазір айналысуға тура келді.

Мысалы, көлік, инфрақұрылым, энергетика саласындағы ондаған жылдар бойы қордаланған мәселелер қолға алынып жатыр. Жаңадан жылу электр стансалары, әуежайлар мен сапаржайлар, жолдар мен көпірлер, инженерлік желілер салынуда. Сондай жұмыстың тағы бір көрінісі – қоғамдық санадағы оң өзгерістер. Бұған Мемлекет басшысының табанды әрі тиянақты саясатының нәтижесінде қол жеткізіліп отыр.

Президент реформаларының ең үлкен нәтижелерінің бірі – өзгерістердің қоғамдық менталитетке ықпал ете бастауы. Оны неден байқаймыз? Мемлекет басшысы үнемі көтеріп жүрген әдептілік, үнемділік, тазалық, тәртіптілік секілді ұстанымдарды бүгінде жұртшылық жақсы қабылдап, қоғам болып оны әрі қарай іліп алып кетуде.

Осыдан бірнеше жыл бұрын тәртіпті сақтауды, тазалықты ұстануды әкімшілік-құқықтық тетіктер арқылы қамтамасыз ету басталған еді. Онсыз мүмкін емес екенін жұрттың өзі де жақсы біледі. Ал қазір болса, мұндай келеңсіздіктерге азаматтарымыздың өздері алдымен қарсы шығады. Бүгінде отандастарымыз қоғамдық орындардағы заңсыздықтарға, құқықбұзушылықтарға, ысырапшылдықтың дөрекі формаларына көз жұмып қарай алмайды. Олар мұндай оғаш әрекеттерді бірінші болып өздері сынап, айыптайды.

Бұл – Мемлекет басшысы айтып жүрген ұстанымдардың қоғамдық санаға орныға бастағанының бір көрінісі. Мемлекет басшысы насихаттайтын қарапайым құндылықтарды ең алдымен азаматтардың өздері қорғауға тырысуы – өркениетті қоғамға ұмтылудың белгісі. Сондықтан да Президент реформаларының ең үлкен жемісі институционалдық өзгерістермен қатар, қоғамдық санадағы сілкініс дер едік.

Президент саясатындағы маңызды қағидаттардың ішінде, әсіресе «Таза Қазақстан» мен «Заң және тәртіпті» ерекше бөліп айту керек. Оларды дәріптеп, санаға сіңіру арқылы ұлттың бойында басқа да үлкен жетістіктерге жол ашатын жақсы қасиеттерді қалыптастыруға болады. Сонда біз болашақта өзінің тиянақтылығымен, тәртібімен, еңбекқорлығымен, тазалығымен ерекшеленетін озық ойлы өркениетті ұлттардың қатарына қосыламыз.

Тұрақтылықтың негізі – тәртіп 

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік Ту көтеру рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Ауқымды реформалар барлық салаға тың серпін беруде. Түбегейлі өзгерістер, әсіресе қоғамдық санаға зор сілкініс әкелді. Ішкі саясаттың мазмұны жаңарды, бағыт-бағдары айқындала түсті. Ел ішінде жанашырлық, еңбекқорлық, ұқыптылық, үнемшілдік қасиеттері орныға бастады. Азаматтарымыздың көзқарасы және ұстанымы өзгеруде», – деді.

Расында, Президент реформаларының нәтижесінде еліміздің ішкі саясатында түбегейлі өзгерістер жүзеге асты. Салада ортақ тәртіп орныға бастады. Ономастикада, ескерткіштер орнатуда, ведомстволық наградаларды тағайындауда нақты регламенттер бекітілді. Тіпті киноны прокатқа шығаруға қатысты да арнайы критерийлер енгізілді.

Мәселен, бұрын көшелер мен елді мекендерге атау беруде жүйесіздік үнемі алдан шығатын. Айғай-шу да көп еді. Қазір оның көбі тыйылды. Өйткені ортақ тәртіп, нақты алгоритм бар. «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдері бекітілді. Көшелер мен елді мекендерге әркім ойына келген атауды бере алмайтын болды. Сол секілді жекеменшік білім беру ұйымдарына атау беру ісі де қатаңдатылды.

Ескерткіштер орнатудағы жүйесіздіктерге де тосқауыл қойылуда. Бұрын азаматтардың көбі атасының атына көше беруге, бабасының құрметіне ескерткіш орнатуға қолдау сұрайтын еді. Тарихымыздағы белгілі тұлғаларды насихаттау туралы мәселе көтерілсе, әңгіме бөлек, әрине. Алайда көп өтініштер мен хаттардың арғы жағынан жершілдік пен рушылдықтың құлағы қылтиып тұратын. Енді бұған қатысты жаңа ережелер бекітілді. Тас мүсіндер кез келген уақытта әрі кез келген жерге қойылмайтын болды. Нақты шаралардың нәтижесінде бұл сала да бір жүйеге келтірілуде.

Сондай-ақ ведомстволық наградаларды тағайындауда да нақты ережелер бекітілді. Бұрын әр мекеме, әр ұйым өз деңгейінде түрлі төсбелгілер шығарып, марапаттарды оңды-солды тарата беретін. Қазір бұл іс те бір ізге түсірілді. Әрі мемлекеттік наградаларға ұқсайтын орден-медальдар мен төсбелгілер шығаруға заңнамалық тұрғыдан тыйым салынды. Себебі түрлі қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтар «Қазақстанның құрметті азаматы», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», «Ұлт ұстазы» сияқты мемлекеттік наградаларға мүлдем қатысы жоқ марапаттарды ойлап тауып, ақшаға сатып, бизнестің бір түріне айналдырып алған.

Сол секілді қоғамдағы кейбір құбылыстарға қатысты құқықтық тосқауылдар қойылғанын еске сала кетейік. Айталық, ЛГБТ мен педофилияны насихаттауға қатысты жауапкершілік енгізілді. Қоғамдық орындарда бет-бейнені тануға кедергі келтіретін киім киюге, яғни бетті тұмшалап жүруге қатысты әкімшілік жауапкершілік тағайындалды. Құқыққа қайшы келетін, оның ішінде ұлтаралық, діни араздықты қоздыруға бағытталған контентті таратуға қатысты жауапкершілік қатаңдатылды.

Өкінішке қарай, жоғарыда аталған нормаларды қабылдар кезде іштен де, сырттан да ықпал ету әрекеттері орын алды. Тіпті кейбір сарапшылар «бұл мәселені қозғаудың қажеті жоқ еді, билік өзіне жоқ жерден жұмыс пен жау тауып алды» деген пікірлерді де айтып жатты. Енді біреулері «мұндай шешім мына топтың өкілдеріне ұнамайды», «мұндай норма қоғамдағы мына топтың қолайына жақпайды» деген ұстанымды алға тартты. Шын мәнінде, біреуге ұнау я ұнамау мақсат болмауы керек. Негізгі өлшем – елдің мүддесіне сай ма, болашаққа керек пе деген сұрақ. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, біз сыртқы саясатты да, ішкі саясатты да әлдекімдерге жағыну, ұнау немесе ұпай жинау үшін жүргізбейміз. Ең басты мақсат – мемлекеттің мүддесі.

Жаңа қоғамдық этика – ішкі саясаттың өзегі

Қазіргі уақытта біздің қоғамды екіге жаратындай қандай да бір саяси дау-дамайлар жоқ. Ел ішінде күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша белгілі бір консенсус бар. Әрі азаматтардың көбі Президент жүргізіп жатқан реформаларды қолдайды. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жүргізген соңғы сауалнама нәтижелеріне сәйкес, азаматтардың 84%-ы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді. Яғни қоғамда оптимизм басым.

Әрине, үлкен резонанс тудыратын жағдайлар да арагідік орын алып тұрады. Кейде тіл, дін, тарих, сыртқы саясат мәселелеріне қатысты кейбір кикілжіңдер түрлі саяси-қоғамдық дискуссияларға да түрткі болып жатады. Әсіресе қоғамдық орындар мен көліктердегі жекелеген жағдайлардың соңы осындай дау-дамайларға ұласатынын білеміз.

Өкініштісі, мұндай оқиғалардың себебін анықтап, астарына үңілсек, көбі сол азаматтардың мәдениетсіздігінен, дарақылығы мен әдепсіздігінен туындаған болып шығады. Яғни адамдардың қарапайым әдеп нормаларын сақтамауы, бір-бірін құрметтемеуі себеп. Кей кезде тіпті сауатсыздық пен білімсіздік те келеңсіз жағдайларға ұрындырады. Дегенмен жеке бір адамдардың тәрбиесіздігіне бола, тұтас қоғам арандап қалмауы керек. Сондықтан қазіргі таңда идеологиялық жұмыс негізінен білімсіздікпен, сауатсыздықпен, әдепсіздікпен күреске бағытталуға тиіс.

Керісінше, қоғамды мәдениеттілікке, еңбекқорлыққа, білім-ғылымға, жауапты әрі жасампаз отаншылдыққа шақыру маңызды. Әдепті, тәрбиелі адам айналасын ластамайды, өзгелерге қоқан-лоқы көрсетпейді. Қарапайым адами құндылықтарды бойына сіңірмеген адамды патриотизмге баулу мүмкін емес. Әуелі адамгершілігі мол, таза, адал азаматты қалыптастыруды мақсат етуіміз керек. Ал патриотизм – соған егілетін дән. Бұл қағидат Конституцияда да бекітілген. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарының қатарына жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету нормасының қосылуы тегін емес. Оның өлшемі – пайдалы іс пен жауапкершілік.

Қоғамдағы кез келген кикілжіңнің, кез келген даудың алдын алудың бірден бір жолы – жеке бастың мәдениетін дамыту. Бұл – бір-бірімізге сыйластықпен қарау, өз ісімізге адал болу, заңды құрметтеу, тазалық пен тәртіпті сақтау. Адамдардың санасына осы ұғымдарды сіңіріп, қоғамда құндылық ретінде орнықтыру қажет.

Ұлт сапасын арттыру, азаматтардың мінез-құлқын өзгерту, жаңа әдеттерді қалыптастыру бір күндік шаруа емес екендігін, ұзақ уақытты қажет ететіндігін сылтау етіп, қол қусырып отыра беруге болмайды. Президентіміз айтқандай, бізде артық уақыт жоқ. Алдымызға нақты мақсат қоймасақ, бір орында тұрып қаламыз. Өйткені айналаның бәрі жылдам дамып жатыр. Әлем үлкен өзгерістердің алдында тұр. Осыған бейімделіп, өркениет көшіне ілескендер ғана бәсекеге қабілетті әрі озық ойлы ұлтқа айналады. Сондықтан мұндай тағдыршешті сәттерде арқаны кеңге салып отыруға болмайды. Әрдайым алға ұмтылу керек.

Ең бастысы, мұндай өзгеріске жылтырақ идеологиямен қол жеткізу – бос әурешілік. Бұрын билбордқа қанатты сөздерді жазып қойып, түрлі тақырыптағы роликтерді таратып, сонымен есеп бере салатын. Яғни негізгі жұмыс жалаң үгіт-насихатпен ғана шектелетін. Ал қазір нақты істерге көшу мақсат етіп қойылды. Мысалы, орта білім беру жүйесіне «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. «Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданды. Тарихи сананы жүйелеуге назар аударылды. Төл мұрамызды әлемдік деңгейде насихаттауға көңіл бөлінді. Мемлекет басшысының қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытып, зерделі ұлт қалыптастыру жөнінде арнайы Жарлық шығаруының астарында да үлкен мән жатыр.

Қоғамдық әдепті қалыптастырғанда ең бірінші ел алдында жүрген азаматтар жауапкершілікті сезінуі керек. Бұл шенеуніктерге ғана емес, барлық азаматтарға, әсіресе зиялы қауым өкілдеріне де қатысты дүние. Өйткені олар – мәдениеттің айнасы. Сондықтан сөйлеген сөзіне, жүріс-тұрысына, тіпті сыртқы келбетіне де дұрыс қарауы керек. Әйтпесе, өңірлерде ұйымдастырылатын кейбір мемлекеттік маңызы бар ресми іс-шаралардың күнделікті өтіп жататын тойдан я астардан айырмасы болмай қалады. Сол секілді елге танымал адамдар өмірден озған кезде де арагідік келеңсіз жағдайларға куә болып қаламыз. Мәселен, белгілі тұлғалардың жаназасын өнер ордаларынан шығару салтымызда да, дінімізде де жоқ, кеңестік кезеңде қалыптасқан жоралғы. Кейбір адамдар мұны өмірден өткен әлгі тұлғаға көрсетілген құрмет деп қабылдайды. Бірақ діни салт-жоралғы жасалатын арнайы орындар тұрғанда, марқұмды ән мен би орындалатын, ойын-сауық өтетін жерден соңғы сапарға аттандыру дұрыс емес. Өнер ордаларын мұндай мақсатқа пайдаланбаған абзал.

Сондықтан өрескел кеткен осындай тұстарымызды жарияға жар салмай, мұқият зерделеп, жүйелі түрде реттей беруіміз керек. Өткен онжылдықтарда мемлекеттілікті құру ісімен айналыссақ, енді азаматтардың бойына мемлекеттіліктің ұстыны – мемлекетшілдік сананы сіңіру қажет. Ол осындай қарапайым дүниелерден басталады. Өйткені мемлекет ісінде ұсақ-түйек деген болмайды. Елеусіз деген нәрсенің өзі елдік тұрғыдан алғанда маңызды.

Абайдың «ақырын жүріп, анық бас» деген ұлағатын Президент өз сөзінде жиі айтады. Хакімнің пайымы – еліміздің саяси философиясы. Бұл – жайбасарлық танытып, сылбыр қимылдау емес, керісінше, әр қадамды жан-жақты ойластырып, салмақтап жасау, сондай-ақ реформаларды сенімді, табанды, тиянақты жүргізу деген сөз. Кез келген жұмысты дәл осындай стильде жүзеге асыра алсақ, ұлт ұпайы да түгел болады. Бұған соңғы жылдардағы оң өзгерістер дәлел.