Халықаралық қауіпсіздіктің тежеу тетіктері толықтай істен шықты. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң қалыптасқан Ялта-Потсдам жүйесі мен БҰҰ-ның жарғылық пәрмені қазіргі дағдарыстарды реттеуге қауқарсыз.
Дүрдараз мынау дүние
коллаж: ЖИ
163
оқылды

Әлемнің әр нүктесіндегі прокси-майдандар, қаржылық қақтығыстар, технологиялық текетірестер, қайта қарулану жарысы геосаяси жағдайды жар басына әкеп тіреді. Адамзат ескі ережелердің күші жойылып, жаңасы әлі жазыла қоймаған өліра кезеңде тұр.

Бәзбір сарапшылар үшінші дүниежүзілік соғыс ресми жарияланбаса да, баяғыда баста­лып кеткен деп санайды. Жер ша­рын шарпыған алапат шайқас майдан даласында ғана емес, банк саласында, микрочип нарығында, ақпарат кеңістігінде де жүріп жатыр. Алпауыттар алауыздығы сонау тереңнен тамыр тартады. Қырғи-қабақ соғыста социализм лагерін тізе бүктіріп, жаһанды жарты ғасырдай билеп-төстеген либералдық тәртіптің дәурені озып барады. АҚШ үстемдігіне байланған бірполярлы жүйенің орнына басқа да ойыншылар бас көтерген көпполярлы заңдылық орнады. Батыстың ғаламдық ЖІӨ-дегі үлес салмағы салысты­рма­лы түрде азайып, Азия-Тынық мұхиты аймағының, дамушы ел­дер­дің экономикалық өсімі халық­аралық тепе-теңдікті өзгер­тіп жіберді. Америка мен Еуропа­ның әскери, ғылыми, техноло­гия­лық әлеуеті бұрынғыдай бір қолда шоғырланбай, әлемнің әр қиырына тарауы әдепкі нәрсеге айналды. БҰҰ, НАТО, ЕО-ға ба­ла­ма есебінде құрылған АСЕАН, ШЫҰ, БРИКС+ сияқты жаңа бірлестіктердің ықпалы артты. Өңірлік державалар ешкімнің нұсқауына көнбей, ұлттық мұраттарына сай тәуелсіз саясат ұстануға бет бұрды. Сондықтан ғалымдар көзге көрінбейтін үшін­ші дүниежүзілік соғыс туралы гипо­тезаны академиялық тұрғы­дан жоғары деңгейде негізделген деп бағалайды. Өйткені бірполяр­лы гегемонияның белгілі дәреже­де жаһандық қауіпсіздікті қамта­масыз еткені рас. Ал көпполярлы құрылым өз болмысында аумалы-төкпелі тұрақсыздыққа бейім келеді. Чикаго университетінің профессоры Джон Миршаймер шабуылдаушы реализм теория­сына сүйеніп, геосаясатта бай-қуат­тылар бәсекесі ешқашан тоқ­та­мағанын әрі тоқтамайтынын ескертеді. Оның ойынша, бүгінгі АҚШ, Қытай, Ресей арасындағы текетірес бұған дейін де болған, бұдан кейін де бола береді. Тарих­тан хабардар оқырман халықара­лық қатынастардың анархиялық табиғатын білуге тиіс. Либералдық трендтерді талдаушы Фарид Зака­р­ияның пайымы да осы ауқымнан ауа жайылмайды. Ғалымның пікірінше, Батыс монополиясы әлсірегендіктен, дүниенің түкпір-түкпірінде ревизионистік күштер жалын күдірейтіп, ескі ережелерді қайта жазуға кіріскен. Әйгілі эко­номист Нуриэль Рубинидің тұжы­рымына сенсек, адамзат геосаяси фрагментация дәуіріне қадам басқан. Бөлшектенген әлемде соғыс да бөлшектенген сипат ала­ды. Жаһандық апат біз күткендей бір мезетте ядролық жарылыстан тұтанбайды, керісінше, прокси-қақтығыс, қаржылық санкция, технологиялық блокада, кибер­ша­буылдар тізбегі арқылы біртін­деп жалқыдан жалпыға ұласуы мүмкін. Мұндай гибридті соғыс­тың мақсаты – қарсыластың рес­урс қорын сарқып, инновация­лық дамуын тежеп, халықаралық тәр­тіпті өз пайдасына қарай ыңғай­­лау. Яғни Украинадағы ұрыстар мен Таяу Шығыстағы тартыстарды бір-бірінен оқшау оқиғалар деп ойласақ, жаңсақтық­қа ұрынамыз. Оларды біртұтас майданның өзара матасқан құ­рам­дас бөліктері деген дұрысырақ.

Мысалы, Иран дағдарысы Парсы шығанағымен шектелмей, аймақ шеңберінен асып, әлемдік сауда-саттық, энер­гетика және макро­эконо­микалық тұрақтылыққа нақты қатер төн­дірді. Былайша айтқанда, бұл соғыс – бір тарапта АҚШ пен Израиль одағы, екінші тарапта Иран, Қытай, Ресей полюсі тұр­ған тура мағынасындағы прок­си-тайталас. Өрмекшінің торындай шым-шытырық шиеленісте әркім өз қамын өзі күйттейді. Иран ең алдымен өз қоластындағы жергі­лікті күштер желісін сақтап қалуға тырысады. Ливандағы Хезболла, Йемендегі хуситтер, Сирия мен Ирактағы шиғалық топтардың арқасында АҚШ пен Израильді бөгейтін буфер құруды көксейді. Санция қыспағына қарамастан, уран байыту жұмысын жалғасты­рып, ядролық қалқан құрып, дербес держава мәртебесін иеленуді мақсат тұтады. Израиль классикалық «Бегин доктрина­сын» (жаудың ядролық әлеуетін алдын ала соққымен жою) жүзеге асыруға мүдделі. Тель-Авив бұдан былай Тегеранның прокси-жасақтарымен үнемі шайқасуды тиімсіз деп танып, салдармен емес, себеппен күресетін страте­гияға ауысты. ЦАХАЛ енді Ислам революциясы сақшылар корпу­сына тікелей шабуыл жасаудан тайынбайды. Израиль Таяу Шығыстағы бейресми ядролық монополиясын қызғыштай қори­ды. Сауд Арабиясы мен БАӘ се­кілді сүнниттік араб мо­нархия­ларымен «Авраам келісімдері» аясында Иранға қарсы өңірлік коалицияны кеңейтуге ұмтылады. АҚШ бұл қақтығыста бірнеше мәселені бірден шешуге талпын­ды. Біріншіден, Израильдің қау­іпсіздігін қорғап, Парсы шыға­нағы елдерінің алдындағы одақ­­тас­тық міндеттемелерін орын­дау. Екіншіден, Таяу Шығыс энергети­ка­лық ресурстарының Батыс на­ры­ғына кедергісіз өтуіне жол ашу. Үшіншіден, Қытай мен Ресейдің аймақтағы ықпалын тө­мендетіп, Вашингтонның жаһан­дық жан­дарм ретіндегі рөлін бекіту. Қытай мен Ресей өз кезе­гінде Иранды Батысқа қарсы геосаяси қалқан деп көреді. Ук­раи­надағы созылма­лы соғыспен қатар Таяу Шығыста екінші май­дан­ның ашылуы Кре­м­ль­дің қолай­ына жағады. Се­бебі АҚШ пен Еуропаның әскери-қар­жы­­лық ресурсы жан-жаққа шашы­раса, Киевке құйылатын көмек көлемі ортаяды. Қытай үшін Иран – «Бір белдеу, бір жол» жобасының транзиттік хабы, Батыс эмбарго­сына бағынбайтын арзан мұнай­дың көзі. Бейжің Иранның қолы­мен АҚШ-ты қал­жыратып, Тай­вань төңірегіндегі өз позиция­сын нығайтпақшы. Қысқасы, бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Батыстың Ресейге салған санк­циялары Мәскеуді Пекинмен, Тегеранмен, Пхеньян­мен әскери-техникалық одақ құруға итерме­леді. Иран дрондары мен Сол­түс­тік Кореяның снаряд­тары Еуропа майданында қолда­ныл­са, Ресей­дің ядролық және зымырандық технологиялары бұл елдердің Батысқа қарсы тұру қабі­летін жақса­ртады. Қытай осы жүйе­нің қаржылық һәм техно­логиялық тылы ретінде астыртын қи­мыл­дайды. Батыс әлемі Украи­наға жәрдемдесіп, Ресейді ресурс жағынан тақыл-тұқыл сарқуды көздейді. Қызыл теңіздегі хусит­тер диверсиясынан, Ормуз бұға­зын­дағы әрі-сәрі күйден теңіз сауда жолдары бұғатталып, Еуро­па экономикасы зардап шегуі ықтимал.

Жаһандық бөлшектену үр­ді­сінің мұнымен тол­ас­тай­тын түрі жоқ. Вашингтон НАТО-дағы міндеттемелерінен бас тартатынын мәлімдеп, Еуро­паны амалсыз әскери автономияға мәж­бүрледі. Еуропалық армия жасақтау идеясы қайта жанданып, Батыс лагері екі қарулы полюске бөлінетін сыңайлы. Біріншісі англо-саксон­дық AUKUS блогы болса, екінші­сі – өз қотырын өзі қасуға көшкен ЕО. Ақ үйдің сырт­қы саясаты «АҚШ – Еуро­паның қауіпсіздік кепілі» деген қағида­ның күлін көк­ке ұшырды. Трамп әкімшілігі еуро­палық одақтас­тарынан әскери шығындарды ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін жет­кізу­ді талап етіп отыр. 2024 жылы Еуропа елдерінің көбі 2 пайыз межесін әрең еңсергенін ескерсек, жаңағы 5 пайыз әзірше орындал­майтын талапқа ұқсайды. Дональд Трамтың болжаусыз сая­саты Еуропа Одағын «Стратегиялық автономия» доктринасын қабыл­дауға мәжбүрледі. Аталмыш бағ­дарлама Кәрі құрлықтың ұжым­дық қорғанысын АҚШ әскери-­өнер­­кәсіп кешеніне кіріптар­лықтан құтқармақ. Әсіресе онда Франция, Германия, Польшаның рөлі маңыз­ды. «Веймар үштағаны» деген жос­пар бойынша Париж – идеология­лық және технология­лық орталық. Макрон мырза «Еуропа өз қаруын өзі өндіруі керек» деген пікірді ұста­нады. Германия – қаржылық локо­мотив. Берлин тарихи пацифистік пози­циясынан теріс айналып, қорған­ыс шығындарын шектейтін бюд­жет ережелерін конст­итуция­лық деңгейде белден басатын тетік­тер тауып, Еуропадағы ең ірі әскери инвестор болмақ. Польша – Ресей­мен шектесетін алғы шепте­гі бекі­ніс. Варшава Шығыс Еуро­паны қор­ғаудың нақты ке­пілдік­те­рін сұрап, еуропалықтарды бейқам­дық­тан арылуға шақыру­дан шар­ша­майды. НАТО-дағы бөлініс альянстың түбегейлі ыды­рауына әкелмегенімен, көпполяр­лы әлем­нің Батыс лагерінде де жаңа күштер қалыптасып жатқа­нын аңғартады. Вашингтон мен Брюссельдің әс­кери-стратегия­лық ажырасуына екі үлкен себеп айтылады. АҚШ еуро­палық­тар­дың қаруды тек өз ішінде өндіру саясатына наразы. Пентагон Lockheed Martin, Raytheon өнім­дерін сатып алатын ЕО нарығын жоғалтуға құлықсыз. Еуропалық­тар да «АҚШ-тан қару сатып алып, америкалық жұмыс орын­да­рын қаржыландыруды доғарай­ық» деп дабыл қағады. Сондай-ақ қазір АҚШ-тың негізгі назары Индо-Пацифик аймағын­да Қытай­ды ауыздықтауға ауып кетті. Ваш­инг­тон үшін Еуропа – екінші дәре­желі майдан. Ал ЕО дәл іргесіндегі Украина соғысын өмір мен өлім мәселесі деп қарас­тырады.

АҚШ пен Қытай текетіресі Тай­вань аралының айна­ла­сындағы дау-дамай ғана емес. Мұнда тым терең макроэко­номи­калық, құрылымдық, техноло­гия­л­ық, өркениеттік тайталас бар. Вашинтонның саяси элитасы Қытайды кешегі КСРО-дан да асып түсетін қауіпті қарсылас деп қабылдайды. Неге десеңіз, Қытай ЖІӨ-нің сатып алу қабілетінің паритеті жөнінен тарихта тұңғыш рет АҚШ-ты басып озды. Тіпті қатты бір дәуірлеген жылдарында КСРО мен Жапония да америка­лық экономика көлемінің 40-60 пайызынан аспайтын. Бейжіңнің коммерциялық жоғары техноло­гия­ларды (ЖИ, кванттық есептеу­лер, биотехнология) қорғаныс секторына енгізу саясаты Пента­гонды уайымға батырды. АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі Қытай­­дың 2027 жылға бекіткен армияны толық «интеллектуалды трансформациялау» мақсатын Азия-Тынық мұхитындағы әскери теңгерімді бұзатын әрекет деп айыптайды. Бейжің Батыстың либералдық үстемдігін ысырып тастап, пост-батыстық, көп-поля­рлы әлемдік тәртіп орнатуға бейіл. Күндердің бір күнінде Тай­ваньді қайтарса, Тынық мұхи­тына сұғына кіріп, АҚШ-тың Гуам аралы мен Жапониядағы әскери базаларына тұмсығын бір-ақ тірейді. Сонымен бірге Тайвань­ның технологиялық құндылығы да Ақ үйді алаңдатады. Жер бетін­дегі микрочиптердің 90 пайыздан көбі Тайваньда шығарылады. Бұл өндіріс Қытайдың бақылауына өтсе, дүниежүзіндегі автокөлік, смарт­фон, әскери-ғарыш техни­касын жасау саласын да Бейжің қадағалайды. АҚШ, әлбетте, мұн­дай қауіпке бас тігуден де, бәс тігуден де қорқады. Американың Қы­тай­ға қойған технологиялық блокадасы осындай қисыннан туған. Осының бәріне сирек жер металдарына талас, ЖИ бағытын­дағы бәсеке, долларды жаһандық валюта айналымынан ығыстыру саясаты, SWIFT жүйесін mBridge жобасымен алмастыру сынды қай­шы­лықтарды қоссақ, өркен­иет­тер қақтығысы дегеннің құр теория еместігін анық аңдаймыз. Бірақ бұлардың әрқайсысы – арнайы мақалада талқылауға лайық тақырыптар.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ