Сондықтан 28 маусым – тек кәсіби мереке емес, ақпараттың қадірін, сөздің жауапкершілігін және ақиқатқа адал қызмет етудің құнын еске салатын ерекше күн. Бүгінгі цифрлық дәуірде ақпарат тарату тәсілі өзгергенімен, журналистиканың басты миссиясы өзгерген жоқ.
Бүгінгі медианың құнын ақпараттың жылдамдығы емес, оның салмағы мен сенімділігі айқындайды. Бұл үрдіске Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше назар аударып келеді. Президент «Түркістан» газетіне берген сұхбатында газет-журналдардың қайта өрлеу дәуірі басталғанын айтып, әлеуметтік желі жедел ақпарат таратқанымен, терең ой мен салмақты сараптаманың мекені әлі де дәстүрлі баспасөз екенін атап өтті.
«Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады. Өз басым мерзімді баспасөзді жас кезімнен үзбей оқитыным рас. Әлі күнге дейін осы әдетімнен жаңылған емеспін. Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Мен сүйікті Отанымыздың игілігі үшін барлық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбінесе газеттерден аламын», – деді Президент.
Президенттің бұл пікірі журналистиканың бүгінгі миссиясымен толық үндеседі. Ақпараттық кеңістікте жасанды интеллект, әлеуметтік желі және түрлі цифрлық платформалар үстемдік құрғанымен, қоғам әлі де кәсіби сүзгіден өткен, дәлелге негізделген, жауапкершілікпен дайындалған материалға мұқтаж. Өйткені уақыт өткен сайын жаңалықтың емес, оның ақиқаттығы мен сапасының құны артып келеді.
Бұл ұстаным Мемлекет басшысының Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде де айқын көрініс тапты. Президент журналист ең алдымен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі қажет екенін айтып, ақпарат құралдарының ел болашағына әсер ететін күш екенін ерекше атап өтті.
«Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс. Олар шындықты боямасыз көрсететін айна болуы керек. Сонымен қатар ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшыраққа айналуы қажет. Біз біртұтас ұлт болып, заманауи мемлекет құрып жатырмыз. Бірақ бұл төл құндылықтарымыздан қол үзу деген сөз емес. Сол құндылықтарды жаңғырту ісінде журналистер қауымына зор үміт артамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл сөздер журналистиканың қоғамдағы орнын тағы бір мәрте айқындап берді. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне мемлекет деңгейінде ерекше көңіл бөлінуі де осы жауапкершіліктің маңызын аңғартады. Соның жарқын көрінісі – 28 маусымның кәсіби мереке ретінде белгіленуі. Бұл мереке 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ресми түрде кәсіби мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Датаның таңдалуы да кездейсоқ емес. Себебі дәл осы күні, 1997 жылғы 28 маусымда тәуелсіз Қазақстанның ақпарат кеңістігінің құқықтық негізін қалаған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» алғашқы заң қабылданған болатын.
Бүгінде сол заң қазақ журналистикасының жаңа кезеңге өтуіне жол ашты. Ақпарат тарату, сөз бостандығы, редакциялық жауапкершілік, қоғам алдындағы кәсіби міндет секілді ұғымдар осы құқықтық негіз арқылы орныға бастады. Содан бері отандық медиа талай өзгерісті бастан өткергені рас. Газет дәуірінен телеарна дәуіріне, одан интернет журналистикасына, қазір әлеуметтік желі мен жасанды интеллект ықпал еткен жаңа медиа кеңістігіне аяқ басты.
Қазақша контент күш алып келеді
Қазақ журналистикасы қашанда ұлт мұратына қызмет етіп келеді. Оның тамырында ағартушылық та, елдік те, жауапкершілік те бар. Бір кездері ұлт зиялылары баспасөзді халықты оятудың құралы етсе, бүгінгі журналистер ақпарат тасқынының ішінде қоғамға бағыт-бағдар беретін сенімді арнаға айналуға тиіс. Себебі қазіргі оқырман мен көрермен бұрынғыдан әлдеқайда талғампаз. Ол тек жаңалық оқымайды, оның астарындағы мәнді іздейді. Тек дерек емес, түсіндіруді күтеді. Тек жылдамдық емес, сапа талап етеді.
Бүгінде елімізде ресми тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарының саны 4 800-ден асады. Оның ішінде мерзімді баспасөз де, телеарналар мен радиолар да, ақпараттық агенттіктер мен интернет-басылымдар да бар. Бұл – Қазақстанда ақпарат кеңістігінің кеңейгенін, медиа нарықтың сан салалы сипат алғанын көрсетеді. Әсіресе кейінгі жылдары интернет-басылымдар мен цифрлық платформалардың ықпалы күшейді. Ақпарат енді тек газет бетінде немесе теледидар экранында өмір сүрмейді. Ол смартфонға көшті, әлеуметтік желіге енді, қысқа видеоға, подкастқа, тікелей эфирге айналды.
Осындай өзгерістер кезеңінде қазақ тіліндегі ақпараттың үлесі артып келе жатқаны – ерекше назар аударатын құбылыс. Қазақ тілі бүгінде тек дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының ғана емес, цифрлық кеңістіктің де негізгі тіліне айналып келеді.
Бұл мәселе жуырда Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның отырысында кеңінен талқыланды. Жиында ұсынылған мәліметтерге сәйкес, бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарындағы онлайн материалдардың 78 пайызы қазақ тілінде жарияланады. Интернет-ресурстардың шамамен 60 пайызы мемлекеттік тілде жұмыс істейді, ал отандық телеөнімдердің 70 пайыздан астамы қазақ тілінде эфирге шығады. Бұл көрсеткіштер қазақ тілінің ақпараттық кеңістіктегі орны жылдан-жылға нығайып келе жатқанын аңғартады.
Аида Балаева мемлекеттік тілдегі контенттің үлесімен қатар, оның сапасына басымдық беру қажеттігін айтты. Министрдің айтуынша, ендігі міндет – қазақ тіліндегі ақпараттың бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, бұқаралық ақпарат құралдарында әдеби тіл нормаларын, сөз мәдениеті мен стильдік талаптарды қатаң сақтау. Сонымен бірге отандық кино өнімдерінің тілдік сапасына тұрақты бақылау жүргізу және мемлекеттік тілдегі мазмұнның деңгейін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Баспана – БАҚ-қа арналған игі бастама
Мемлекет тарапынан журналист мәртебесін арттыруға бағытталған нақты қадамдар да жүйелі жалғасып келеді. Кейінгі жылдары кәсіби мереке қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне баспана кілтін табыстау игі дәстүрге айналды. Егер бұрын бұл қолдау негізінен елордадағы журналистерге көрсетілсе, биылдан бастап оның ауқымы кеңейіп, өңірдегі қаламгерлер де қамтылатын болды. Бұл – ақпарат майданының алдыңғы шебінде жүрген әрбір журналистің еңбегі қай өңірде жүрсе де бірдей бағалануға тиіс деген ұстанымның көрінісі.
Ақордада өткен БАҚ өкілдерін марапаттау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ журналистикасының қай кезеңде де ұлттың рухани тірегіне айналғанын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы аға буынның ағартушылық дәстүрі бүгінгі журналистердің қызметінде де жалғасып келе жатқанын айтып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігіне жоғары баға берді.
– Қазақ журналистикасының тарихына көз жүгіртсек, қай уақытта да ұлт мүддесін бәрінен биік қойған тұлғаларды көреміз. Олар халықтың санасын оятып, елдің еңсесін тіктеуге қызмет етті, білім мен ғылымды насихаттап, ағартушылық миссияны абыроймен атқарды. Бүгінгі журналистер сол игі жолды лайықты жалғастырып келеді. Ақпараттың дәлдігі мен әділдігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы журналист еңбегін бағалау тек марапатпен шектелмеуі керектігін де айтты. Оның пікірінше, қоғам үшін маңызды міндет атқаратын ақпарат саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту – мемлекеттің тұрақты назарындағы мәселе. Осыған байланысты биыл алғаш рет облыстарда еңбек етіп жүрген журналистерге де баспана беру туралы шешім қабылданды.
– Жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында журналистерге баспана кілтін табыстау жақсы дәстүрге айналды. Кейінгі үш жылда Астананың өзінде екі жүзге жуық медиа қызметкері жаңа қонысқа ие болды. Енді бұл қолдау тек елордамен шектелмеуі керек деп санаймын. Аймақтарда жүріп сапалы ақпарат таратып, ел үшін аянбай еңбек етіп жүрген тілшілердің де еңбегі жоғары бағалануға лайық. Сондықтан менің тапсырмаммен биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл бастама өңірлік журналистиканы қолдаудың жаңа кезеңін білдіреді. Себебі ел өміріндегі маңызды оқиғалардың басым бөлігі дәл аймақтарда басталады. Халықтың мұң-мұқтажын, өңірдің тыныс-тіршілігін, ел ішіндегі өзекті мәселелерді республикаға жеткізіп жүрген де – сол жергілікті тілшілер. Сондықтан олардың еңбегіне мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілуі – ақпарат саласының дамуына жасалған маңызды инвестиция. Биыл республика бойынша 66 медиа қызметкерінің баспаналы болуы осы қамқорлықтың нақты нәтижесіне айналып отыр.
Құрметке лайық қаламгерлер
Журналист үшін ең үлкен марапат – оқырманның сенімі. Бірақ мемлекет өз өмірін ақпарат саласына арнаған азаматтардың еңбегін бағалауды да назардан тыс қалдырмай келеді. Кейінгі екі жылдың өзінде бұған бірнеше жарқын мысал болды. Өткен жылы қазақ журналистикасының ардагері Сауық Жақанованың көп жылғы еңбегі лайықты бағаланса, биылғы марапаттың мәні тіпті бөлек еді. Бір ғасырдан астам ғұмыр кешкен, қазақ телевизиясының алғашқы қарлығаштарының бірі, ана тіліміздегі тұңғыш эфирді жүргізген Зұлқия Жұматова 106 жасында мемлекеттік наградамен марапатталды.

Бұл – бір ғана адамның мерейі емес, қазақ телевизиясының тұтас тарихына көрсетілген құрмет болатын. Себебі эфирден алғаш рет қазақша сөйлеген сол буын кейінгі мыңдаған журналистің жолын ашты. Олар ақпарат таратып қана қойған жоқ, ұлттық телевизияның мектебін қалыптастырды, қазақ сөзінің экрандағы мәдениетін орнықтырды.
Ақордадағы салтанатты рәсімде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сабақтастыққа арнайы тоқталды.
– Бүгін мен журналистика мен телевизияның дамуына айрықша үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым. Олардың қатарында бүкіл саналы ғұмырын ақпарат саласына арнаған ардагерлер бар. Ұлттық телевизияның алғашқы кәсіби мамандарының бірі, қазақ тіліндегі тұңғыш эфирді жүргізген Зұлқия Жұматова бүгінде 106 жасқа келді. Халқымыз бұл кісіні ерекше құрметтейді. Сондықтан Зұлқия Мұқанқызына «Құрмет» орденін табыстау туралы шешім қабылдадым, – деді Мемлекет басшысы.
Мерейі үстем медиа
Еңбекті бағалау мұнымен шектелген жоқ. Биылғы марапаттар тізімі де медиа саласының әр буыны назардан тыс қалмайтынын аңғартты. Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар журналист пен шығармашылық ұжымдар жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Президенттің Алғысхатына ие болғандардың қатарында отандық телевизияның көшбасшы арналарының бірі «Астана» телеарнасының ұжымы да бар. Бұл марапат жылдар бойы қалыптасқан кәсіби мектепке, күн сайын эфир үшін еңбек ететін журналистердің, редакторлардың, операторлар мен режиссерлердің ортақ жұмысына берілген баға екені анық. Марапатқа ие болғандар қатарында республикалық басылымдар да болды.
Дәстүрлі парламенттік байқаулар да биыл ерекше мазмұнмен өтті. Парламент Сенаты ұйымдастырған «Парасат» байқауында «Мерзімді баспасөздегі үздік материал» аталымы бойынша AIQYN газеті бас редакторының орынбасары, журналист Гүлзина Бектас жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ Парламент Мәжілісі биыл оныншы рет ұйымдастырып отырған «Парламент сөзі» байқауында «Айқын-Литер» ұжымына арнайы номинация табысталды. Он жыл ішінде бұл беделді сыйлық 150-ден астам журналистің еңбегін елеп, парламенттік журналистиканың өзіндік мектебін қалыптастыруға үлес қосты. Биылғы марапаттар сол дәстүрдің заңды жалғасына айналды. Ең бастысы, заң шығарушы билік пен қоғам арасындағы сенімді байланысты нығайтуда кәсіби журналистиканың орны айқын екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Сапалы контентке сұраныс та жоғары
Биылғы марапаттардың тағы бір ерекшелігі – мемлекет назарында тек дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, қоғамға пайдалы мазмұн ұсынып жүрген жаңа медианың өкілдері де болғаны. Бұл соңғы жылдары ақпараттық саясатта қалыптасып келе жатқан жаңа үрдісті аңғартады. Ең басты талап – аудиторияның көптігі емес, қоғамға берер пайдасы, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі және сапалы контент қалыптастыру.
Соның айқын мысалы – Президенттің БАҚ саласындағы грантына ие болған Sayahat Time жобасының авторы Жазира Байдалы. Көпшілікке Ернар Алмабек пен Жазира Байдалының отбасылық жобасы ретінде танылған бұл арна бірнеше жылдың ішінде Қазақстанның туристік әлеуетін насихаттайтын ең танымал қазақтілді медиажобалардың біріне айналды. Олар ел картасында көпшілік біле бермейтін тарихи орындарды, ұлттық мұраны, шалғай ауылдардың тыныс-тіршілігін көрсетіп қана қоймай, туған жерге деген қызығушылықты арттыруға үлес қосып келеді.
Бұл марапаттың астарында маңызды белгі жатыр. Бұрын мемлекеттік сыйлықтар негізінен классикалық журналистика өкілдеріне беріліп келсе, бүгінде цифрлық кеңістікте елдің мәдениеті мен тарихын, туризмін, отбасы құндылықтарын және ұлттық болмысты насихаттап жүрген контент авторлары да мемлекеттік деңгейде мойындала бастады. Бұл ақпараттық саясаттың өзгеріп жатқанын ғана емес, қоғамға оң ықпал ететін мазмұнның қай платформада жарияланса да, бағаланатынын көрсетеді.
Мұндай қадам қазіргі медианың табиғатына да толық сай келеді. Өйткені бүгін ақпаратты тек газеттен немесе телеарнадан ғана емес, YouTube, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардан тұтынатын үлкен аудитория қалыптасты. Сондықтан сапалы әрі тәрбиелік мәні бар контентті қолдау – уақыт талабы. Биылғы марапаттар осы ұстанымның нақты көрінісіне айналды.
«Қаламы» қуатты ел озар
Қазіргі геосаяси жағдайда ақпарат жай ғана жаңалық таратудың құралы емес. Ол – қоғамдық тұрақтылыққа ықпал ететін, ұлттық бірегейлікті нығайтатын әрі мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс. Сондықтан медиаға салынған инвестиция – ең алдымен елдің болашағына салынған инвестиция.
Қолға алынған бастамалар ақпарат саласына деген мемлекеттік көзқарастың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Журналист еңбегінің лайықты бағалануы, сала ардагерлеріне көрсетілген құрмет, өңірлік БАҚ-ты қолдау, әлеуметтік бастамалардың кеңеюі, қазақтілді әрі сапалы цифрлық контенттің ынталандырылуы – мұның бәрі медианы қоғамдық дамудың маңызды институты ретінде қабылдаудың нақты көрінісі.
Қазақ журналистикасы бүгін дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастыра білген жаңа кезеңге қадам басты. Ақпараттың дәлдігі, сөздің жауапкершілігі және кәсіби ұстаным қай кезде де журналистиканың басты өлшемі болып қала береді. Ал мемлекет пен медиа бір мақсатқа – қоғамның ақпараттық мәдениетін нығайтуға қызмет еткен жерде елдің де еңсесі биік, ақпараттық кеңістігі де берік болады.
Кәмила ДҮЙСЕН
