Жаз мезгілі – мектеп түлектері үшін ең жауапты кезең.
Мемлекеттік білім гранты қай салаға көп бөлінді?
Фото: istockphoto.com
57
оқылды

Бірі ҰБТ нәтижесін күтіп жүрсе, енді бірі болашақ мамандығы мен оқу орнын таңдауға кірісті. Бұл кезеңде талапкерлер үшін грантқа түсу ғана емес, өз қызығушылығына сай мамандық таңдап, болашақ еңбек нарығында сұранысқа ие болатын бағытты анықтау да маңызды.

Қабылдау науқаны бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысу үшін құжат тапсырады. Грант конкурсының қорытындысы тамыз айының басында жарияланады. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге 239 мыңнан астам талапкер тіркелді. Бұл көрсеткіш жоғары білімге деген сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетеді.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік білім гранты бөлінді. Оның 75 371-і бакалавр, 11 007-сі магистратура, ал 3 079-ы докторантураға арналған. Ең көп грант инженерлік, IT, ауыл шаруашылығы және педагогикалық мамандықтарға бөлінген. Бұл кездейсоқ емес, себебі соңғы жылдары Қазақстанда цифрландыру, өндірісті жаңғырту және агроөнеркәсіп саласын дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды. Мемлекет осы арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға басымдық беріп отыр.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, мемлекеттік білім беру тапсырысына ел экономикасының 2030 жылға дейінгі кадр қажеттілігін ескере отырып жоспар жасалған. Биыл бөлінген гранттардың 60%-ы инженерлік-техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына, ал 21%-ы педагог кадрларды даярлауға бағытталған.

Мамандықтар бойынша нақты бөлініске тоқталсақ, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына – 19 250 грант, педагогикалық ғылымдарға – 13 738, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытына – 11 662, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға – 9 363, ауыл шаруашылығы және биоресурстарға – 3 145, денсаулық сақтау саласына – 2 700, қызмет көрсету саласына – 2 400, өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 1 915, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат бағытына – 1 485, бизнес, басқару және құқық мамандықтарына – 1 423, ветеринарияға 1 275 грант бөлінді.

Мемлекеттік грант конкурсына қатысу үшін талапкерлер белгіленген шекті балды жинауы қажет. 2026 жылғы талап бойынша көптеген жоғары оқу орындарына түсу үшін ең төменгі шекті балл – 65 балл. Педагогикалық мамандықтарға түсу үшін кемінде 75 балл, ал денсаулық сақтау саласында 70 балл талап етіледі. Дегенмен грантқа ие болу үшін тек шекті балл жеткіліксіз. Жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша бәсеке өте жоғары болғандықтан, грант иегерлерінің басым бөлігі 100 балдан жоғары нәтиже көрсетеді. Сондықтан талапкерлер ҰБТ нәтижесіне ғана емес, мамандықты дұрыс таңдауға да ерекше мән беруі қажет.

Биыл талапкерлерді кәсіптік бағдарлау жұмыстары да күшейтілді. Министрліктің мәліметінше, жоғары оқу орындары «Серпін» бағдарламасы аясында өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді. Нәтижесінде, 13 мыңнан астам оқушы, 2 мыңға жуық ата-ана және 700-ден астам кәсіптік бағдар беруші қамтылды. Бұл бағдарлама жастарға мамандықты саналы таңдауға және еңбек күші тапшы өңірлерге кадр даярлауға мүмкіндік береді.

Қазір Қазақстанда 122 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Соңғы деректерге сәйкес, елімізде 724 мыңнан астам студент білім алуда. Оның ішінде 658 мыңнан астамы бакалавриатта, шамамен 40 мыңы магистратурада, 9 мыңға жуығы докторантурада оқиды. Сонымен қатар елімізде 35 мыңнан астам шетелдік студенттің білім алуы Қазақстанның жоғары білім жүйесіне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық деңгейдегі беделінің біртіндеп өсіп келе жатқанын аңғартады.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2025-2026 оқу жылының басында жоғары оқу орындарына 208,9 мың талапкер қабылданған. Ал грантқа түсе алмаған талапкерлер ақылы бөлімде оқу мүмкіндігін қарастырады. Көптеген мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқу ақысы мамандыққа байланысты өзгергенімен, орта есеппен жылына 800 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Кейбір жекеменшік университеттерде бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін. Сондықтан талапкерлер мен олардың ата-аналары оқу орнының білім сапасымен қатар оқу ақысы мен әлеуметтік жағдайларды да ескеруге мәжбүр.

Соңғы жылдары талапкерлердің таңдауы да өзгеріп келеді. Бұрын көпшілік Алматыдағы жоғары оқу орындарын таңдаса, қазір Астанадағы университеттерге қызығушылық артып отыр. Соның бірі – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Өткен жылғы грант конкурсының қорытындысы бойынша бұл оқу орнына 3 838 талапкер мемлекеттік грантпен қабылданған. Сол жылы университетке жалпы 6 мыңға жуық студент қабылданған. Бұл көрсеткіш ЕҰУ-дың талапкерлер ең көп таңдайтын жоғары оқу орындарының бірі екенін көрсетеді. Университет соңғы жылдары инженерлік, IT және жаратылыстану бағыттарын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Сонымен қатар Астанада мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және халықаралық ұйымдардың орналасуы студенттерге тәжірибеден өтуге және кейін жұмысқа орналасуға қосымша мүмкіндік береді.

Бүгінде талапкер үшін грантқа түсу ғана емес, дұрыс мамандық таңдау да маңызды. Себебі қазіргі еңбек нарығында сұраныс жыл сайын өзгеріп келеді. Жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, инженерия, логистика, энергетика және агроөнеркәсіп салаларында білікті мамандарға сұраныс артып отыр. Сарапшылардың пікірінше, болашақта цифрлық дағдылары жоғары, бейімделгіш және практикалық тәжірибесі бар мамандардың бәсекеге қабілеттілігі арта түседі. Сондықтан университет таңдағанда оның беделіне ғана емес, білім сапасына, тәжірибелік даярлық деңгейіне, халықаралық байланыстарына және түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішіне де көңіл бөлген жөн. Себебі бүгінгі таңда жоғары білімнің басты мақсаты – тек диплом алу емес, еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман қалыптастыру.

Ботагөз ИНАБАТОВА, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің 2-курс студенті