Биылғы 15 наурыздағы жалпыхалықтық референдумның тарихи нәтижесіне сәйкес, 1 шілде-ден бастап жаңа Конституция толық күшіне енді. Бұл бетбұрысты сәт Әділетті Қазақстанның саяси-құқықтық келбетін түпкілікті айқындап берді.
Ел өркендеуінің басты тірегі
172
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған үндеуінде бұл реформаның стратегиялық мәнін аша түсіп: «Біз нағыз Халық Конститу­циясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға мін­детті түрде жетеміз. Заң мен тәртіп, еңбексүйгіштік пен өрлеу, тазалық пен табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз», – деп атап көрсетті.

Конституция күнінің ұлттық болмысымыздың символы – «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтуі де мемлекеттің құқықтық жаңаруын қоғамның рухани жаңғыруымен ұштас­тырған терең пәлсапалық шешім екені даусыз. Прези­денттің бұл пайымы консти­ту­циялық реформалардың негізгі идеологиялық архитек­тони­ка­сын құрайды.

Осы құндылықтар салтанат құрған тарихи сәтте Мемлекет басшысы Парламент палата­ла­рының соңғы бірлескен отыры­сына қатысып, ел дамуының жаңа дәуірін айқындаған маңыз­ды қорытынды сөз сөйледі. Пре­зидент ширек ғасырдан астам уақыт бойы қызмет етіп, 3 500-ден астам заң қабылдаған қоспа­латалы жүйенің миссиясын жоғары бағалай отырып, Ата заң аясында орныққан билік жүйе­сінің негізгі өзегін нақтылап берді. Президенттің пәрменімен елімізде «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» деген базалық формула толыққанды институ­ционалдық сипатқа ие болды. Жаңа Конституция бойынша Қазақстан президенттік респуб­лика болып қала береді. Мемле­кеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы, Тәуелсіздік пен мем­лекет тұтастығының символы ретінде Президент ішкі-сыртқы саясаттың негізгі бағдарлау­шысы бола отырып, заң шығару­шы және қоғамдық институт­тармен теңгерімді байланыс орнатады.

Мемлекет басшысының жаңа­дан құрылатын заң шығару­шы орган – Құрылтай мен жаңа конституциялық орган – Қазақ­стан Халық Кеңесіне қатысты пайымдарын ғылыми қауымдас­тық та ерекше қолдайды.

Жаһандық технологиялық прогресс пен жасанды интеллект дәуірінде ұлттық заңнаманы тез өзгеріп жатқан цифрлық матрица жағдайына шұғыл бейімдеу мін­деті тұр. Президент атап өткендей, Қазақстан электронды үкіметтің (e-Government) дамуы бойынша әлемдегі үздік 25 елдің қатарына енсе, ендігі кезекте толыққанды «Электронды Парла­мент» (e-Parliament) жүйесін қалып­тас­тыруымыз қажет. Бұл заң шығару ісінде Үлкен дерек­қорды (Big Data) басқару арқылы шешімдер қабылдауға жол ашады. Ал бұрын­ғы Ассамблеяның мін­детін терең­детіп, консти­ту­циялық деңгейге көтерілген Халық Кеңе­сі – елдің үніне құлақ асатын, заң шығару бастамасын көтере алатын бірегей диалог алаңына айналады.

Президент өз сөзінде еліміздің экономикалық қауіпсіздігі мен әлеуетіне де салмақты талдау жасады. Сыртқы жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім ел тарихында тұңғыш рет 300 миллиард доллар­дан асты. Жан басына шаққандағы үлестің 15 мың доллардан асып, ТМД елдері арасында ең жоғары көрсет­кішке жетуі, инфляцияның 10,4 пайызға дейін төмендеуі – жаңа қабылданған Бюджет және Салық кодекстерінің жемісі.

Сонымен қатар экономи­каны әртараптандыру мен жаңа инвес­ти­циялық кезеңнің нақты нәти­же­лері де ауыз толтырып айтар­лықтай. Тек соңғы үш жылда (2023-2025 жж.) құны 3,7 триллион тең­гені құрайтын 540 индустрия­лық жоба жүзеге асып, алдағы екі жылда тағы 3 триллион теңге инвестиция есебінен 200-ден астам жаңа өндіріс орны ашылмақ. Ең бастысы, шағын және орта бизнес саласы ЖІӨ-нің 40 пайыздан астамын қамтып, рекордтық көрсеткішке жетті. 4,5 мил­лион азаматымыздың табысы осы сектормен бай­лан­ысты болуы – қоғам­ның әлеуметтік тұрақтылығының басты кепі­лі.

Мемлекет басшысы отан­дық ғылым мен заманауи тех­нологиялар ұштасқан сала­ларға, соның ішінде фарма­цев­тика индустриясына жо­ғары баға берді. Дүние­жүзі­лік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бағалауы бойынша Қазақстанның фармацевтика саласында ТМД көлемінде көш бастап тұруы және нарық көлемінің 1 триллион теңге­ден асуы отандық медицина ғылымы мен жоғары білім беру жүйесінің халықаралық дең­гейдегі бәсекеге қабілет­тілігін көрсетеді. Ал мамыр айында қабылданған «Алатау қаласы­ның арнаулы құқықтық режимі туралы» конститу­ция­лық заңы елімізді Еуразияның техноло­гиялық іскерлік хабына айнал­дыру жолында ғылыми-иннова­циялық кластерлер мен жаңа өндіріс үлгілерін қалып­тас­ты­руға тың серпін береді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ел дамуының негізгі тірегі ретін­де энергетикалық, инже­нерлік және көлік-логисти­ка­лық инфрақұрылымды толық­қанды дамытудың маңызын қадап айтты. Энергетикалық балансты теңгеру мақсатында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жоғары экология­лық стандартқа сай үш жаңа ЖЭО салынады және елді газбен қамту деңгейі 80 пайызға жеткізіледі. Сонымен қатар 2024 жылғы тарихи референ­думда халық қолдаған өркениет­ті таңдау – атом генерациясын дамыту шешіміне сәйкес, келесі жылы (2027 жылы) алғашқы атом электр стансасының құры­лысы басталады. Бұл мем­ле­кеттің энергетикалық дербес­тігі мен қуатты көп тұтынатын болашақ цифрлық экономи­камыздың ең сенімді іргетасы болмақ.

Алайда Президент ескерт­кендей, «жау жоқ деме, жар астында» деген тәмсілді ұмыт­пай, Тәуелсіздік пен Егемендікті қорғау, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында академиялық орта, ғылыми институттар мен мемлекеттік қызметшілер жұ­мы­ла еңбек етуге тиіс.

Мемлекетіміз үшін осынау жауапты әрі сындарлы кезеңде заңнамалық реформалардың негізін ғылыми тұрғыдан жетіл­діруге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заңгер-ғалымдары мен профес­сор-оқытушылар құрамы да өзіндік зор үлес қосты. Арнайы құрылған жұмыс тобының құрамында аянбай еңбек етіп, мемлекеттік маңызы бар мін­дет­ті жоғары деңгейде атқарған ҚазҰУ заңгерлерінің қажырлы еңбегі Қазақстан Республикасы  Президенті тарапынан жоғары бағаланды.

Мемлекет басшысы әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ-ға жасаған ресми сапары бары­сында университет заңгерлері­нің бұл еңбегін арнайы атап өтіп, ғалымдарымызға әртүрлі деңгейдегі жоғары мемлекеттік марапаттар табыстады. Прези­денттің қара шаңыраққа келуі және біздің ғалымдарымыздың консти­туциялық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамта­масыз етудегі рөліне жеке тоқ­талуы – ұлттық ғылым мектебіне көрсетілген үлкен сенім мен шынайы құрметтің белгісі. Бұл – бүкіл университет ұжымы үшін үлкен мәртебе әрі зор мақтаныш.

Осы іргелі жұмыстардың көрнекті нәтижесі ретінде ҚазҰУ заңгер-ғалымдары жаңа Конституцияның нормаларын терең зерделеп, оның мән-мағы­насын жұртшылыққа кеңінен түсіндіруге арналған қазақ және орыс тілдеріндегі арнайы кітап­ты жарыққа шығарды. Бұл қос тілдегі еңбек қоғамның құқық­тық мәдениетін көтерудің құнды құралына айналмақ. Қазіргі таңда университеттің ғылыми мектебі Конституция норма­ларының мазмұны мен қолданы­лу тәртібін ғылыми-құқықтық тұрғыдан негіздейтін іргелі ғылыми түсіндірмені дайындау бойынша жүйелі қызметін жалғас­тыруда. Біздің профессор-оқытушылар құрамы биылғы ақпан-маусым айлары аралы­ғын­да өткен ауқымды түсіндіру іс-шараларына белсенді қатыс­ып, жаңа заңнамалық норма­ларды халыққа терең әрі ұғын­ық­ты тілде жеткізе білді.

Конституцияның жаңа басы­лымы – еліміздің құқықтық мемлекет құру жолындағы берік тұғыры. Біздің мақсатымыз – заңдарды қабылдауға немесе оларды түсіндіруге ғылыми қол­дау көрсетіп қана қоймай, сол заңдардың үстемдігін қорғай­тын, жаңа құқықтық сана қал­ып­тасқан отаншыл, білікті жаңа буын мамандарын тәрбие­леу. Бұл ортақ міндет қоғамның тұр­ақ­тылығы мен бірлігіне тіке­лей қызмет етеді. Мемлекет бас­шы­сының ғылыми қауымдас­тық­қа және тікелей біздің уни­вер­ситетке көрсеткен жо­ғары сенімі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымына зор жауапкер­шілік жүктейді және алдағы уақытта да отандық ғылым мен білім беру саласында сапалы әрі жүйелі жұмыс атқаруға жұмыл­дыра түседі.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры