Әлем елдеріндегі сияқты қазақта да талай астана ауысқан. Сол көштің соңы Сарыарқаның сайын даласында бой көтерген Астанаға кеп тоқтағалы биыл 29 жыл болды. Осыған орай, елорданың Мемлекеттік архиві «ASTANA LEGACY: Тарих. Жады. Болашақ» республикалық форумын өткізді.
Тарих жадындағы Елорда
211
оқылды

 Іс-шараға Астананың қалыптасуына айрықша үлес қосқан азаматтар, қала әкімдігі мен мемлекеттік органдардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, архив саласының мамандары, тарихшы-әдебиеттанушы ғалымдар, қаламгерлер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Форумның басты мақсаты – елорданың тарихи даму жолын архив құжаттары негізінде наси­хаттап, тарихи жадыны сақтау, ұлттық мұраны ұлықтау және қо­ғамның тарихи санасын нығайту. Басқосу Астананың өткені мен бүгінін өзара сабақтастырып, та­ри­хи мұраны келер ұрпаққа жет­кізуге бағытталған маңызды рухани алаңға айналды. Жиынды Астана қаласы Мемлекеттік архи­вінің директоры Жангелді Бимол­дин ашып, форумның негізгі мақсаты елорда тарихына архив деректері арқылы жаңаша пайым­мен қарау қажет екенін атап өтті. 

«Бүгін біз мұрағат құжаттары арқылы елордамыздың тарихына жаңаша көзқараспен қарау үшін бас қосып отырмыз. Өйткені мұрағат – бұл тек тарихи мұра қоймасы  емес, сонымен бірге тарихи сананы қалыптастырып, ұрпақтар сабақтастығын қамтама­сыз ететін аса маңызды рухани институт. Мысалы, Есіл бойын­дағы ғасырлар куәсі болған Қара­өткел – Астананың тарихи негізі. Алып шаһардың бүгінгі келбетін түсіну үшін оның өткеніне үңілу қажет. Форум аясында «Астана: кеше, бүгін, ертең» атты мұрағат құжаттарының экспозициясы, сондай-ақ елорда тарихына арнал­ған кітап көрмесі ұсынылған. Олар өткен шақты бүгінгі күнмен бай­ла­ныстыруға және қаламыздың жарқын болашағына жаңа қыры­нан қарауға мүмкіндік береді», – дей келе, Жангелді Бимолдин қазіргі астанамыздың тарихына қысқаша шолу жасап өтті.

Басқосуда Астана қаласы Тіл­дерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп кешегі тарих архивте хат­талса, бүгінгі шежіре де содан орын алатынын айтып, бұл іс-ша­ра­ның маңызына ерекше тоқ­талды.

– «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді дана халқымыз. Бүгінгі айтулы іс-шараға бас шаһарымыздың дамуы­на хал-қадірінше қызмет етіп жүрген игі жақсылар жиналып отыр. Өткенімізді сақтап, бүгінмен байланыстыратын, ел мұрасын келешек ұрпаққа жеткізетін архив ісінің ұйымдастырып отырған конференция-форумына қош кел­діңіздер! Бұл басқосуды қаламыз­дың өткеніне көз жүгірту арқылы бүгініміздің бағасын дұрыс бағам­дайтын маңызды шаралардың бірі деп есептеймін. Қала тарихы мен қалыптасу жолы жайлы мазмұнды ақпараттарды бірге тыңдайық, – деп түйіндеді басқарма басшысы.

Форум барысында елорданың қазіргі әлеуметтік-экономикалық тынысы мен инфрақұрылымдық жобалары туралы Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының бас­шысы Мирас Әбдірахман кеңінен баяндады. Ол өз сөзінде шаһарды «смарт сити» (ақылды қала) бағы­тында дамыту, жол-көлік жүйесін жетілдіру және қаланы «жасыл қалаға» айналдыру жоспарларына арнайы тоқталды. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, бүгінде елорда тұрғындарының саны 1 млн 600 мыңға жеткен. Бас шаһар тұрғындар үшін өмір сүруге барынша қолайлы әрі қауіпсіз қала ретінде танылып келеді. Оған нақты дәлел де бар: халықаралық Numbeo рейтингінде елорда небәрі бір жыл ішінде 105-орыннан 81-орынға ілгерілеп, әлемдегі «ең қауіпсіз 100 қаланың» қатарына енді. Сөз соңында Мирас Әбдірах­ман жиынға қатысқан шығарма­шылық зиялы қауым өкілдеріне үндеу тастады. Бас­қарма басшысы елордалық ақын­дар мен жазушы­ларды жас буынға арналған туын­дыларды көбірек шығаруға және Астананың бүгінгі көркем келбеті мен атқарылып жатқан жасампаз істерін кеңінен насихаттауға ша­қырды.

Алқалы жиынның екінші бө­лімі мазмұнды конференция фор­матында жалғасты. Басқосу мінбе­сінен сөз алған белгілі әде­биет­­­тану­шы ғалым, филология ғы­лымдарының докторы, профес­сор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов кешегі Ақмола мен Целиноградтың қа­лам­герлері туралы айтып, елор­да­ның бүгінгі қалам иелері жайында толғанды. Айтуынша, қазір аста­нада 200-дей жазушы бар екен. Бұл  Астананың да жазушылар, ғалымдар қаласына айналып келе жатқанын көрсетеді. 

Белгілі қаламгер, ғалым,  ҰҒА ака­демигі, «Қазақ газеттері» серік­тестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы «Алаш және Астана» тақырыбында мазмұнды әңгіме өрбітті. 

– Ақмола – елмен, ұлтпен бірге жасап келе жатқан мекен. Бұл жерде Алаш кезеңіне бай­ланысты оқиға көп. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан ірі саяси қайрат­керлігімен қатар, қазақ даласының көне мұрасын түгендеген бірегей этнограф та болды. Оның осы өңір­­дегі көне қорымдар мен та­рихи ескерткіштер жайында жер­гілік­ті болыстарға жазған хаттары бар. Мұнда Әлихан бабамыз өңірдегі әрбір жәдігерді тұтас ұлт тарихымен байланыс­тырған. Әли­хан идеясы шынында дәлелденіп шықты: Бозоқ қала­шығы мен Бытығай кесенесі сияқ­ты көне орын­дар бұл аймақтың тарихы тым тереңде жатқанын айғақтап берді. Біз Ақмола тари­хын айт­қанда, көпестер туралы жиі айта­мыз. Сол заманда қазақ­пен етене араласып, бауырласып кеткен татар текті Халфин есімді ірі зиялы қайраткер, дәулетті көпес өмір сүрген. Осы азаматтың Алаш үшін біраз қаржылай қолдау көрсеткені Әлихан Бөкейханның еңбек­терін­де анық жазылған. Әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлының қос томдық зерттеу кітабында бұл мәліметтер көрсе­тілген. Осыдан кешегі Ақмоланың зиялылары мен демеуші көпестері қаланың жаңғыруы, жаңа жолға түсуі мен еуропалық бағытта дамуы үшін өз қаржысы мен еңбегін аямағанын көруге болады, – деді Д. Қамза­бекұлы.

Тележурналист, филология ғылымдарының докторы, профес­сор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсын Құдайберген Целиноград телеарнасының тарихына тоқталып, қазір қалалық телеарна ашу керектігі жөнінде ойын жеткізді.

Форум аясындағы тағы бір маңызды оқиға – елорданың өткені мен бүгінін бедерлеген көрмелердің ашылуы болды. Көпшілік назарына ұсынылған «Астана: кеше, бүгін, ертең» атты архивтік құжаттар мен елорда тарихына арналған кітаптар көр­месі жиналған қауымды уақыт саяхатына жетелегендей күйге бөледі. Екі сағатқа созылған тағылымды форум елорда тари­хынан сыр шертетін арнайы бейнероликпен тәмамдалды. Онда ІХ-Х ғасырларда Есіл өзенінің аңғарында ірге тепкен көне Бозоқ қаласы мен ұлы даланың тарих пен тағдыр тоғысқан қасиетті бекеті – Қараөткел жайындағы құнды деректер көпшілік наза­рына ұсынылды. Тұтастай алғанда, алқалы іс-шарада бас шаһардың тарихи қалыптасу жолы, қоғам­дық-әлеуметтік даму қарқыны, рухани құндылықтары мен заманауи келбеті кеңінен әңгіме өзегіне айналып, қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды. Тағылымды кездесудің соңы ұлт­тық рухты асқақтатқан патриоттық концерттік бағдарламамен қоры­тындыланды.

Сымбат Бегімбай