Алматы – Өскемен автожолында төрт көліктің қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан бір адам қаза тауып, бірнеше адам түрлі жарақат алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты Абай облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, жол апаты 9 шілде күні сағат 08:40 шамасында Жарма ауылы маңындағы автожолдың 885-шақырымында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Volkswagen Polo жүргізушісі жол ортада қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан ол Volvo жүк көлігімен соқтығысқан. Кейін апатқа Toyota Windom жеңіл көлігі мен DAF жүк көлігі де қатысқан.
Оқиға салдарынан Volkswagen Polo автокөлігінің жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Тағы бірнеше адам әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
Полиция жүргізушілерді жолда аса мұқият болуға шақырды. Ведомство өкілдерінің айтуынша, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану, хабарлама жазу, салоннан зат іздеу немесе назарды жолдан аударатын кез келген әрекет жол-көлік оқиғасының қаупін едәуір арттырады. Тіпті бірнеше секундтық зейінсіздік ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
