2026 жылғы 30 маусымдағы соңғы бірлескен отырысында халықты баспанамен қамтудың стратегиялық мәнге ие екеніне жеке тоқталды.
– Елімізде түбегейлі жаңа Құрылыс кодексі қабылданды. Стратегиялық маңызы айрықша саланы ретке келтіру үшін қабылданған құжаттың маңызы зор. Былтыр Қазақстанда 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл да тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш. Ең басты нәтиже – мыңдаған отбасы баспаналы болды, – деді Президент.
Ол Үкіметке халықты баспанамен қамтудағы мәселелерді еңсеруге бағытталған шара қабылдауды жүктеді. Өз кезегінде Министрлер кабинеті Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтылған Президент тапсырмаларын жүзеге асыруға кірісіп кеткенін хабарлады.
– Былтырғы жыл қорытындысы бойынша, барлық қаржыландыру көздері есебінен 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 5 141 тұрғын үй сатып алынды. Бұл жұмыс жалғасады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жоспарланған тұрғын үй көлемінің пайдалануға берілуін қамтамасыз ету тапсырылды. Инженерлік инфрақұрылымды уақытылы жүргізу және құрылыс жұмыстарының сапасы ерекше бақылауда болады, – деп баяндады жуырда Премьер-министр Олжас Бектенов.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне жүгінсек, құрылыс қарқынының баяулай бастағаны байқалады. Статорганның дерегінше, 2026 жылғы қаңтар-мамырда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 2025 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 4,5% көбейді. Салыстыра кетсек, өткен жылдың қаңтар-мамыр айларында ел игілігіне тапсырылған тұрғын үйлердің жалпы алаңы 2024 жылдағыдан 5,7%-ға өскен-тін.
Биылғы бес ай қорытындысында республика бойынша жалпы көлемі 6 миллион 293,4 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Оның ішінде 4 миллион 223,1 мың шаршы метрі – көппәтерлі. Қалған 2 миллион 50 мың шаршы метрі – жеке үйлер және коттедждер. Тұрғын үйлердің едәуір бөлігін немесе 6 миллион 94,7 мың шаршы метрін жеке құрылыс компаниялары енгізді немесе азаматтардың өзі салған. Яғни олардың нарықтағы үлесі 96,8%. Өзгесі – мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғызғаны. Бір қызығы, жыл басынан бері қазақстандықтар өзі сатып алған жер учаскелеріне өз бетінше 2 миллион 136,2 мың шаршы метрді құрайтын баспана салып алыпты. Демек, халыққа тегін жер таратса және ол аудардарды сумен, жарықпен, жылумен, телекоммуникациямен жабдықтаса, жетімбұрыш жағалаған жұрт баспанамен өзін-өзі қамтамасыз ете алар еді.
Құрылыста рекорд, бірақ мәселе шешілмеді
Халықты қолжетімді баспанамен қамту және азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсарту – мемлекеттің басты стратегиялық басымдығының бірі. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан – бәріміз және әркім үшін. Қазір және әрдайым» атты тұғырнамасына сәйкес жеті жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл 1 миллионнан астам отбасыны жаңа пәтермен қамтамасыз етуге тиіс.
Экономист, экс-сенатор Бекбол Орынбасаров тұрғын үй құрылысы экономиканы кез келген дағдарыстан шығарып, елдің бүкіл саласына қуатты мультипликативтік әсер ететінін жеткізді. Алайда оның пайымдауынша, қазіргі қаржыландырудың жүйелі тапшылығы бұл стратегиялық мақсатқа қол жеткізуге қауіп төндіріп тұр.
– Жуырда жаңа Бюджет кодексінің қолданысқа енгізілуіне байланысты, бұған дейін елді мекендердегі республикалық даму бюджеті есебінен қаржыландырылып келген іс-шаралар 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер базасына, жергілікті жерлерге берілді. Тек жалпымемлекеттік маңызы бар аса маңызды нысандар үшін ғана қаржыландыру қалды. Жаңа жүйеге көшу өңірлердің нақты қажеттілігі мен бөлінетін қаражат арасындағы айтарлықтай алшақтықты күшейтті. Бұл инженерлік инфрақұрылымды қаржыландыру тапшылығына әкеп соқты, – дейді сарапшы.
Қазіргі кезде бұл саладағы нақты қажеттілік 184 млрд теңгеден асып кеткен көрінеді. Ал 2026 жылы жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде желілерді дамытуға небәрі 26,6 млрд теңге бөлінген. Бұл терең алшақтық жаңа алаңдарды, тіпті тұтас аудандарды құрылыс жүргізуге дайындауды айтарлықтай тежейді. Инженерлік желілерді дамытудың кешігуі салдарынан құрылыс жобалары қымбаттап, ондағы баспана халыққа қолжетімсіз болып қалады. Экономист бүгінде елде дайындалған жер учаскелерінің өткір тапшылығы барын жасырмады. Бұл тұрғын үй мен инфрақұрылымдық нысандарды іске қосудың жоспарлы көрсеткіштерінің бұзылу қаупін төндіреді.
Мұның сыртында Бекбол Орынбасаров «халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамту қарқынының қауіпті түрде баяулағанына» назар аудартты. 2026 жылға жалпы сипаттағы трансферттерден қарастырылған 72 млрд теңге көлеміндегі қаражат небәрі 3,5 мыңға жуық пәтер сатып алуға мүмкіндік береді екен. Былтыр 5,1 мың болған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан бойынша 650 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұрыпты. Алайда оның тек 255 мыңы халықтың әлеуметтік осал топтарынан болған екен. Сондықтан Үкімет жалпыреспубликалық бірыңғай тұрғын үй кезегін құру барысында жаппай түгендеу жүргізіп, 300 мыңға жуық адамның тізімнен шығарылатынын жариялады. Тиісінше, үй кезегіндегілердің жартысы, 350 мың отбасы ғана қалуға тиіс еді. Бірақ бүгінде, 2026 жылғы 13 шілдедегі жағдай бойынша баспанаға мұқтаж ретінде кезекте тұрған жандардың жалпы саны 947 779 мыңнан асып кетіпті. Тұтастай алғанда, 1 миллион 830 мыңнан астам қазақстандық басында панасы жоқтығына шағымданып, үй кезегіне тұруға өтініш тапсырып үлгерді.
Бұл ретте әлеуметтік желіде және жауапты мекемелерге бағытталып жатқан арыз-шағымдарда жұртшылық қаптаған мерекелер мен марапаттаулар кезінде талапқа сай келмейтін, баспанасы бар немесе заң бойынша тұрғын үй алуға өтініш беруге құқығы жоқ тұлғалардың да үй кілтін алып кетіп жатқанына нұсқайды.
Қалай болғанда, сарапшылар қаржыландырудың қазіргі мардымсыз көлемінде бұл кезек қарқынды түрде ілгері жылжымайтын айтып, дабыл қақты. Бұл көпбалалы және толық емес отбасылардың, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың заңды наразылығын тудырады. Елеулі ілгерілеушіліктің болмауы қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті күшейтіп, қазіргі тұрғын үй саясатын түбегейлі қайта қарауды талап еткен ұжымдық өтініштер мен арыз-шағым легін арттыруы мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, қалыптасқан дағдарысты еңсеру және жыл сайын жалдамалы тұрғын үйді шамамен 20 мың пәтер деңгейінде іске қосу үшін Үкімет тарапынан жедел, үйлесімді және жүйелі шаралар қажет. Құрылыс секторын қаржыландыру тәсілдерін өзгертпей және инфрақұрылымдық тапшылықты жоймай, ұзақмерзімді перспективада азаматтарды баспанамен толық қамту бойынша мемлекеттің стратегиялық міндеті орындалмайтын түрі бар.
Үй мәселесі әкімдердің мойнына өтті
Үкімет басшысы Олжас Бектенов таяуда ел Парламентіне жолдаған хатында халықты баспанамен қамту міндеті орталықтың иығынан алынып, жергілікті жерлерге жүктелгенін мәлім етті. Себебі оның түсіндіруінше, құрылыс секторы мен инфрақұрылымды қаржыландырудың ескі моделі» тым шығынды әрі «мемлекет қаржысын ұзақ мерзім бойы ұдайы қажет етеді.
Сондықтан жаңа Бюджет кодексі арқылы мемлекет өңірлердің дербестігін арттырып, орталықсыздандыру бағытын бекітті. Премьер-министр әкімдерге тұрғын үй мәселесін шешуге бизнесті жұмылдыруға, нарықтан басқа қаржы көздерін іздеуге кеңес берді. Әйтпесе, республикалық бюджет тапшылығы үй кезегіндегілердің өтінішін қанағаттандыруға мүмкіндік бермейтін көрінеді.
– Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға арналған шығыстарды республикалық бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттер базасына беру жергілікті атқарушы органдардың қаражатты жергілікті нақты басымдықтар негізінде икемді әрі жедел бөлуін көздейді. Республикалық бюджетті қалыптастырғанда қаржыландыруды орталықсыздандыру мен өңірлердің қаржылық дербестігі бойынша жаңа бюджеттік реформаның қағидаттары ескерілетінін атап өткен жөн. Сондықтан инфрақұрылымдық тапшылықты жедел жабу және құрылыс алаңдарын дайындау үшін баламалы нарықтық құралдарды барынша белсенді пайдаланғаны орынды, – деді О.Бектенов.
Ол биыл әкімдерге нарықтан үлкен көлемде қарыз алуға рұқсат етілгенін еске салды: «Республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, әкімдіктер ала алатын борыш лимиті тарихта бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде – 7,2 триллион теңге көлемінде белгіленді.
Үкіметтің 2025 жылғы 28 мамырдағы №385 қаулысымен өңірлер ішкі нарықта мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы қарыз тарта алатын мақсаттардың тізбесі айқындалды. Бұл тізбеге жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу, жаңғырту және күрделі жөндеу, сондай-ақ тұрғын үйді сатып алу мен салу енгізіліпті.
– Осының нәтижесінде әкімдіктерде орталықтан тікелей қаржыландыруды күтпей, өз кепілдіктерімен инфрақұрылымды дамытуға қарыз капитал тарту үшін қажетті құралдар мен қаржылық лимиттер бар. Халықты баспанамен қамту үшін «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ-ын ұзақмерзімді қорландыру, осы мақсатта Ұлттық қор қаражатын жұмсау туралы ұсыныстар қаралды, бірақ қабылданбады. Ұлттық қор қаражатының жинақтау және тұрақтандыру функциялары бар. Заңнама қор активтері есебінен заңды тұлғаларды кредиттеуге және қазақстандық эмитенттердің ішкі қаржылық құралдарын сатып алуға тікелей тыйым салады. Ерекшелік тек қаржыландырудың баламалы көздері мүлдем болмаған кезде және тек ел Президентінің тікелей шешімі бойынша жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды іске асыру үшін ғана жасалады, – деді Олжас Бектенов.
Ол Мемлекет басшысы Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға дейін жеткізу міндетін қойғанын еске салып, Үкіметтің ең қатаң қаржылық тәртіпті сақтайтынын және қор резервтерін кеңінен пайдалануды шектейтінін мәлімдеді.
Ал кезекте тұрған және табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын адамдарға көмек көрсету үшін Үкімет жекеменшіктегі пәтерлерді жалдау ақысын тікелей субсидиялау тетігін қолданбақ: ол бойынша мемлекет ай сайынғы пәтер жалдау құнының 50%-ын бюджеттен өтейді. Табысы тұрақты, бірақ әлеуметтік осал азаматтарға – мөлшерлемесі 7%-дан басталатын «Наурыз», мүгедек адамдарға, жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға – «2-10-20» сияқты әлеуметтік ипотекалық бағдарламалар іске қосылғаны алға тартылды.
Сонымен қатар кезекте тұрғандарға әкімдіктер ипотеканың бастапқы жарнасының бір бөлігін жабуға арналған 1,5 млн теңгеге дейінгі өтеусіз тұрғын үй сертификаттарын береді. Бұдан бөлек, заңнамаға енгізілген түзетулер тұрғын үйді бөлудің нақты басымдықтарын бекітті: мемлекет салған немесе сатып алған барлық пәтердің 70%-ы енді тек ең мұқтаж, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға үлестіріледі. Қорыта айтқанда, бюджет тапшылығы ушығып тұрған жағдайда Үкімет мұқтаж азаматтарды қолдау үшін қолында бар, қолжетімді экономикалық тетіктерді ғана пайдалануға мәжбүр.
Елдос Сенбай
