Министрлік жүзеге асырып жатқан негізгі жүйелі шаралар бойынша су инфрақұрылымын жаңғырту, суды тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және су мамандарын даярлау, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарланған.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу арқылы экономиканың барлық секторында су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру басым міндет саналады.
– Бұл бағыттағы ең үлкен әлеует ауыл шаруашылығы саласында шоғырланған. Өйткені елдегі жалпы су тұтынудың шамамен 60%-ы осы салаға тиесілі. Қабылданып жатқан шаралар су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптардың тұрақты түрде ұлғаюына мүмкіндік беріп келеді. Бұрын мұндай алқаптардың жыл сайынғы өсімі 30-35 мың гектарды құраса, 2024-2025 жылдары бұл көрсеткіш 150 мың гектардан асты (2024 жылы – 153 мың гектар, 2025 жылы – 154 мың гектар).
Осының нәтижесінде су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны шамамен 5 есеге артты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұндай технологиялар қолданылатын егіс алқабының көлемі 543,5 мың гектарға жетіп, 874 миллион текше метрге жуық суару суын үнемдеуге мүмкіндік берді.
2030 жылдың соңына дейін су үнемдеу технологиялары енгізілетін алқап көлемін 1,3 миллион гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл 2,2 миллиард текше метрге жуық суару суын үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.
Оның айтуынша, осы мақсатқа қол жеткізу үшін 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте 228 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда төрт есе көп.
Сонымен қатар енгізілген өзгерістерге сәйкес, жалпы сипаттағы трансферттер (ЖСТ) есебінен шығындарды өтеу үлесін 80%-ға дейін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігін арттыра түседі. Сонымен қатар еліміздегі жалпы су тұтынудың шамамен 30%-ы тиесілі өнеркәсіп саласына да ерекше назар аударылып отыр. Жаңа Су кодексіне сәйкес, өнеркәсіп кәсіпорындары жеті жыл ішінде кезең-кезеңімен айналымды және қайталама сумен жабдықтау жүйесіне көшуге тиіс. Бұл 2030 жылға қарай суды қайта пайдалану үлесін 28%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
– Министрлік өнеркәсіптік су пайдаланушыларға толық түгендеу жүргізді. Қазір кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістік технологиялардың ерекшеліктері мен жаңғырту мүмкіндіктерін ескере отырып, жеке көшу жоспарлары әзірленіп жатыр. 2025 жылдың маусым айынан бері осындай 168 жоспар дайындалды. Осы жоспарларды орындау арнайы су пайдалану үшін берілген рұқсат етілген су көлемін сақтап қалудың міндетті шарты болады, – деді Т. Момышев.
Қазір министрлік технологиялық және реттеуші шаралармен қатар, тұрмыста суды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Талғат Момышевтің айтуынша, суды ұтымды пайдалану бағытында үнемдеудің негізгі тәсілдерін қамтитын әдістемелік ұсыныстар бекітілді. Сондай-ақ суды ұтымды тұтынудың тиімділігін көрнекі есептеулер мен практикалық мысалдар арқылы көрсететін талдамалық зерттеу әзірленді.
Жалпы, суды тиімді пайдалану және үнемдеу бағытындағы жұмыстардың табысты болуы ең алдымен қоғамдық сананың өзгеруіне, тұрғындардың суды пайдалану мәдениетінің қалыптасуына байланысты. Сондықтан тұрғындардың, әсіресе өскелең ұрпақтың суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл бағытта 2025 жылы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында тақырыптық экологиялық сабақтар ұйымдастырылып, шара 2 миллионға жуық оқушыны қамтыды.
2026 жылы бұл жұмыс жүйелендіріліп, ауқымы кеңейтілді. Бүгінде 19 жоғары оқу орнында, 100 колледжде және 2,5 мың мектепте кездесулер өткізіліп, 3,3 миллионнан астам адам қамтылды. Бұл Қазақстандағы мектеп оқушыларының шамамен 80%-ын құрайды.
Жаңа оқу жылында бұл жұмыстар жалғасып, қатысушылардың қамту ауқымын одан әрі ұлғайту көзделген. Сонымен қатар бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымын кеңейту мақсатында министрлік «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын өткізіп жатыр. Акция бұлақтар мен су айдындарын тазалау және абаттандыруға бағытталған.
– Бүгінде акция аясында 36 бұлақ пен 27 су нысаны қамтылып, оған 12,5 мыңнан астам адам, оның ішінде 900-ден астам ерікті қатысты. 11 шілде айында акцияның екінші кезеңінде еліміздің қалған 12 облысында ұйымдастырылып, 58 бұлақ пен 35 су нысаны тазаланды. Оған 11 мыңнан астам адам қатысты.
Сонымен қатар бұлақтарды сақтау және оларды ұтымды пайдалану жұмыстарын жүйелеу мақсатында 2 772 бұлақты қамтитын арнайы карта әзірленді. Су ресурстары тапшылығы жағдайында бұлақтар сумен қамтамасыз етудің қосымша көзі ретінде қарастырылып отыр.
Ұлттық гидрогеологиялық қызмет еліміздің барлық өңірінде бұлақтарды паспорттау және цифрлық есепке алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстар алдымен Жамбыл облысында басталып, кейін Алматы облысы мен Жетісу облысында жалғасады, – деді вице-министр Талғат Момышев.
Су саласындағы өзекті мәселелердің бірі кадр жетіспеушілігі болса, бұл бағытта да министрлік ұтымды шешімдер қабылдап, нақты жұмыстарды жүзеге асырыуды.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышевтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында кадр мәселесін шешу үшін Тараз қаласында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Нәтижесінде су саласына маман даярлайтын оқу орындарының саны 2023 жылғы 9 жоғары оқу орны мен 6 колледжден 13 жоғары оқу орны мен 10 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымына дейін өсті.
– Жыл сайын су саласындағы мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік білім гранттарының саны артып келеді. Атап айтқанда, 2023-2024 оқу жылына – 262 грант, 2024-2025 оқу жылына – 390 грант, ал аяқталған 2025-2026 оқу жылына 1000 грант бөлінді. Қазір Ғылым және жоғары білім министрлігі келесі оқу жылына да осындай көлемде грант бөлу мәселесін пысықтап жатыр.
Жыл сайын су мамандықтарына түсетін студенттердің саны да тұрақты өсіп келеді. Мысалы, 2023-2024 оқу жылында 291 студент қабылданса, биыл бірінші курсты 1000 студент аяқтады, – деді ол.
Студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне де ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы мақсатта барлық жоғары оқу орындарымен «Қазсушар» РМК базасында өндірістік тәжірибеден өту туралы меморандумдар жасалып, 2024 жылы тәжірибеден 82 студент, 2025 жылы 470 студент өтті. Ал биыл кәсіпорындарда 700-ден астам студент өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр.
Еліміздің алыс аудандары мен шалғай ауылдарын қажетті білікті кадрлармен қамтамасыз ету бағытындағы «Серпін», «Дипломмен – ауылға!» атты бағдарламалар аясында да бірқатар мәселе шешімін тауып отыр. Мәселен, 2024 жылы «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасына алғаш рет су саласының мамандықтары енгізілді. Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылы «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының екі жас маманы мемлекеттік қолдау аясында баспанамен қамтамасыз етілді.
Салада халықаралық білім беру ынтымақтастығы да кеңейіп келеді. 2025 жылы Қытай Халық Республикасында қабылдаушы тараптың қаржыландыруымен 125 маман біліктілігін арттырды. 2026 жылы мамыр айында тағы 34 қызметкер біліктілігін арттыру курсынан өтті. Жалпы, 2026 жылы Қытайдағы әріптестермен жасалған келісім аясында 200 маманды оқыту жоспарланған. Атқарылып жатқан бұл жұмыстың барлығы ең алдымен салада кадр тапшылығын кезең-кезеңімен азайту, білікті мамандарды тұрақтандыру және стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы нысандарын пайдалану жауапкершілігін күшейту бағытындағы қадау-қадау қадамдар екені сөзсіз.
Ал халықаралық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту бағытында да министрліктің өз есебі бар. Атап айтар болсақ, су саласының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 2024-2025 жылдары 676,7 млрд теңгені құрап, 2021-2023 жылдардағы көрсеткішпен салыстырғанда, 107 млрд теңгеге артық инвестиция тартылған. 2021-2023 жылдардағы инвестиция көлемі 569 млрд теңгені құраған екен.
Талғат Момышевтің айтуынша, шетелдік серіктестермен 9 келісім және өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы 44 меморандум жасалып, 15,9 млн АҚШ доллары көлемінде гранттық қаражат тартылған.
Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық тек қаржылық қолдаумен шектелмей, заманауи технологияларды енгізу, су шаруашылығы нысандарын автоматтандыру, кадрлық және сарапшылық әлеуетті нығайту, озық тәжірибені трансферттеу секілді кешенді жоспарды қамтиды.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
