Қазақстан дүниенің түрлі аймағына бітімгерлер жіберу арқылы адамзаттың бейбіт өмірі жолында нақты әрекеттерге бара алатын мемлекеттердің бірі екенін көрсетіп отыр. Жуырда Қазақстан Қарулы Күштері 11 әскери қызметшісінің БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінің қатарына қосылуы сөзіміздің айқын айғағы.
Негізі, біз сөз еткен 11 әскери қызметші Ливанға алғаш рет жіберілген миссия емес. БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінің құрамында қазақстандық әскерилер бұрын да қызмет еткен. Алдағы уақытта да бұл миссияны жалғастыруы мүмкін. Әдетте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мандатына сәйкес, атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету, жауапкершілік аймағындағы жағдайды бақылауда ұстау, жергілікті билік органдарымен және тұрғындармен байланыс орнату, гуманитарлық іс-шараларды сүйемелдеу, патрульдеу, БҰҰ нысандарын күзету және өңірдегі тұрақтылықты сақтауға жәрдемдесу секілді міндеттерді орындайтын біздің жауынгерлер ұдайы өз біліктіліктерін танытып келеді. Олардың жауынгерлік даярлығы да, біліктілігі де жоғары. Біздің жауынгерлер бұған дейін де UNIFIL миссиясындағы үнді контингентінің құрамында табысты қызмет атқарған болатын. Бәлкім, содан да болар, бітімгерлеріміз шетелдерге аттанып жатса көп таңғала қоймайтын болдық. Алайда бітімгерлік күштердің немесе миссиялардың құрамында қызмет еткен әрбір офицер мен жауынгер елдің беделін көтеріп, сыртқы саясатымыздағы нақты қадамдарды іспен дәлелдеп келе жатыр. Содан да болса керек, еліміз бітімгерлік миссияға айрықша назар аударып, күнтізбеде арнайы дата белгіледі. Сөйтіп, биылдан бастап 29 мамыр Қазақстан Республикасының бітімгер күні болып танылды. Бітімгер офицерлер осынау атаулы күнді мамырдың соңында алғаш рет атап өткен де болтын.
Жалпы, бітімгерлік миссия БҰҰ қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері аймақтағы, жаһандағы бейбітшілікті сақтау жолында қолда барын аяған емес. Өткен ғасырдың 90-жылдары қазақ жауынгерлері ТМД-ның оңтүстік шекарасын қорғауға қатысқан. 1992 жылы 35-ші гвардиялық әуе-десанты бригадасының 300 жауынгері тәжік-ауған шекарасына аттанған болатын. 2011 жылға дейін сол аймақта қазақстандық 10 мыңнан астам жауынгер қызмет етті. Тіпті шекара маңындағы қақтығыстарда ерлікпен қаза тапқан сарбаздарымыз да болды.
Кейін Иракта да сол кездегі «Қазбат» бітімгерлік батальоны аталған елдің аумағын жарылғыштардан тазартуға қатысқан. НАТО-мен ынтымақтастық аясында ұйымдастырылған миссия барысында қазақ жауынгерлері Ирак жерін жарылғыштардан тазалап, ел халқына қолғабыс қылған еді. Миссия 5 жыл ішінде Ирак аумағын 4,5 миллион мина мен жарылғыштан аршып, 6,7 мың текше метр суды тазалады. Террорлық шабуылдардан зардап шеккен жергілікті халыққа әскери дәрігерлеріміз медициналық көмек көрсетті.
Ал БҰҰ аясындағы бітімгерлік миссияларға 2014 жылдан бері тұрақты қатысып келеміз. Сол кезден бері БҰҰ-ның түрлі миссиясы құрамында бітімгер ретінде қызмет атқарған әскери қызметшілеріміздің саны 900-ден асыпты. Қазір Таяу Шығыс пен Африкада Қазақстанның 154 әскери маманы қызмет атқарып жүр. Олар БҰҰ-ның аталған өңірлердегі 11 миссияның жетеуінің құрамына кіреді. Дәлірек айтқанда, Батыс Сахарада, Орталық Африка Республикасында, Конго Демократиялық Республикасында, Ливанда және Оңтүстік Суданда қазақстандықтар әскери бақылаушы және штаб офицерлері ретінде қызмет етеді. Ал Голан жоталарындағы Қазақстан бітімгерлік миссиясы жеке күш ретінде танылған. Бұрынғыдай өзге елдердің бітімгерлік контингентінің құрамына кірмейді. Биыл ол жерге бітімгерлердің үшінші тобы кетті.
Жалпы, бітімгерлік миссияға қатысуы ең алдымен мемлекет беделін көтеретін бастама болса, екіншіден әскери мамандардың тәжірибе алмасуына таптырмас мүмкіндік. Үшіншіден, бітімгерлік миссияны ұйымдастыру іс жүзінде бейбітшілікті, адам өмірін сақтауға тікелей үлес қосу болып саналады. Әрі бітімгерлерді даярлаудың өзі оқу-жаттығу, білім беру стандарттарын халықаралық талаптарға сай етуге ықпал етеді. Мысал үшін айтсақ, бітімгерлер шет тілдерін білуі керек, халықаралық құқықтан да хабардар болмағы лазым, одан бөлек, қажет болған жағдайда жергілікті халықтың салт-санасы, дүниетанымымен де таныс болуға тиіс. Осынау талаптарға сай болу үшін әскери қызметшілерді арнайы даярлықтан өткізетін орталық та жасақталған. Қорғаныс министрлігі жанынан арнайы орталықтың құрылғанына да 20 жыл толды.
2006 жылы Қорғаныс министрлігі шет тілдері институты жанынан Бітімгерлік операциялар орталығы (KAZCENT) құрылды. Әу баста бұл құрылым НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасының оқу орталығы ретінде ашылған болатын. Сол жылы НАТО-ның біріккен күштер бас қолбасшылығы штабы орталықты «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасы қа- уымдастығының мүшесі ретінде таныды. 2019 жылы БҰҰ штаб офицерлері курсы (UNSOC) және БҰҰ полиция офицерлері курсы (UNPOC) орталықтарының сертификаттарына ие болды. Орталықта бітімгерлер жан-жақты құқықтық, гуманитарлық және психологиялық даярлықтан өтіп, тіл үйренеді. Миссияға қатысатын әрбір жауынгер осы орталықта мұқият даярланады. Нәтижесінде шетелдерде қызмет етіп жүрген қазақстандық офицерлер мен жауынгерлер біліктілігімен, тәжірибесімен көзге түсіп келеді.
Сөз арасында Ирактағы «Қазбат» қандай нәтижеге қол жеткізгенін айттық қой, енді Голан жоталарындағы миссияның еңбегіне тоқталайық. Бірінші миссия Голан жоталарына 2024 жылдың наурызында аттанып, 2025 жылдың сәуірінде оралды. Сирияның Фауер базасында орналасқан қазақстандық контингент 600-ден астам тапсырма орындаған. Мұны контингент елге оралған бітімгерлік рота командирі, подполковник Жігер Айыпов айтқан еді. Ал екінші контингент 2025 жылдың сәуірінде кетіп, биыл мамырда оралды. Екінші контингент жетекшісі Әнуар Арынғазиевтің айтуына қарағанда, біздің сарбаздар бір жыл ішінде 798 рет патрульдік кезекшілік жасап, 56 оқу-жаттығу өткізген. Сонымен қатар 63 жарылғышты залалсыздандырып, 57 бақылау пунктін орнатқан. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 15 рет ресми тұлғаларға үзеңгілес болып, қорғап жүрген.
Әлбетте, бітімгерлер үшін бұл статистика күнделікті жұмыстың есебіндей көрінуі мүмкін. Бірақ қақтығыс аймақтарында қызмет етудің моральдық-психологиялық салмағы жеңіл болмайды. Өйткені әр қызметтің артында елдің беделі, адамның қауіпсіздігі, өңірдің тұрақтылығы тұр. Ал мұндай жауапкершілікті сезініп, өз ісіне жауапты болу жауынгерлерді шар болаттай шыңдай түсері сөзсіз. Сондықтан Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр бітімгерлермен кездескенде оларға айрықша баға берген еді.
«Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Бұл – үлкен абырой әрі зор жауапкершілік, нағыз ержүрек жауынгерлердің қолынан келетін іс. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазір әлемдегі жағдай аса күрделі екенін білесіздер. Түрлі қақтығыс болып жатыр. Өкінішке қарай, оның бәрін келіссөз арқылы шешу мүмкін болмай тұр. Мұндай кезде бітімгерлік миссиялары айрықша рөл атқарады. Қазақстан – бейбіт ел. Біз әлемде тұрақтылық орнатуды көздейтін барлық бастаманы қолдаймыз», – деді сол кезде Жоғарғы Бас қолбасшы. Сөйтіп, бітімгерліктің рөлін көрсетіп, жауынгерлердің еңбегін бағалаған болатын. Біздің бұл пікірге алып-қосарымыз жоқ.
Ардақ СҰЛТАН
