Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынастың жаңа кезеңін айқындаған маңызды саяси-экономикалық оқиға болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сапар аясында жалпы құны 15 миллиард АҚШ долларынан асатын 70-тен астам келісімге қол қойылып, тараптар сауда-саттықты ұлғайтумен қатар өнеркәсіптік кооперацияны, жоғары технологияларды, цифрландыруды және «жасыл» экономиканы дамытуға басымдық беретінін көрсетті.
Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық дәстүрлі сауда байланыстарынан өндірістік серіктестікке, технология трансферіне және толыққанды өндірістік тізбектерді қалыптастыруға қарай бет бұруда. Бұл Қазақстан үшін жаңа индустрияларды дамытуға, халықаралық инвестицияларды тартуға және экономиканы жаңғыртуға тың мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың стратегиялық маңызы қандай? Неліктен Қазақстан Қытайдың жоғары технологиялық өндірістерін орналастыру үшін маңызды алаңға айналып келеді? Электромобиль аккумуляторларын өндіру, жаңартылатын энергетика және стратегиялық минералдарды өңдеу салаларындағы бірлескен жобалар Қазақстан экономикасына ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңіріне қандай серпін бере алады?
Осы және өзге де сұрақтарға Қытай халықаралық мәселелер академиясының Еуразия орталығының директоры, профессор Ли Цзыго жауап берді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын 70-тен астам келісімге қол қойылды. Бұл келісімдердің Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытудағы маңызы қандай?
— Қазіргі таңда Қазақстанның алдында үш маңызды стратегиялық міндет тұр. Олар – индустрияландыру, цифрландыру және өндірісті автоматтандыру.
Осы міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін елге шетелдік инвестициялармен қатар озық технологиялар қажет. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол қойылған келісімдердің маңызы өте зор.
Аталған жобаларды іске асыру Қазақстанның индустриялық әлеуетін нығайтып, цифрлық трансформацияны жеделдетуге және экономиканы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Бүгінде әлем түбегейлі өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. Осы жағдайда ғылыми-технологиялық даму, цифрлық экономика және «жасыл» тұрақты даму барлық мемлекеттердің басты басымдығына айналды. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық дәл осы перспективалы бағыттар бойынша дамып келеді.
– Әлемдік электромобиль аккумуляторлары нарығының шамамен 40 пайызын иеленетін CATL компаниясы Қазақстанда ірі зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба екі елдің өнеркәсіптік кооперациясына қандай серпін бере алады?
— Бұл бір ғана өндіріс орнының құрылысы емес.
CATL Венгриядағы зауытын іске қосқаннан кейін дәл осындай ауқымды жобаны Қазақстанда жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне деген жоғары сенімді көрсетеді.
Зауыт электромобильдерге арналған аккумуляторлар өндірісін дамытуға мүмкіндік беріп қана қоймай, оған қажетті қосалқы өндірістердің қалыптасуына жол ашады. Нәтижесінде Қазақстанда толыққанды өндірістік тізбек құрыла бастайды.
Бүгінде Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық дәл осындай қағида бойынша дамып келеді. Яғни жеке инвестициялық жобалар емес, өзара байланысқан өнеркәсіптік және технологиялық өндіріс тізбектері қалыптасуда.
Сонымен қатар электр көлігін дамыту әлемдік «жасыл» экономикаға көшу үрдісіне толық сәйкес келеді.
– Қазақстанда алғашқы гидроаккумуляциялық электр станциясын салу жоспарланып отыр. Бұл жоба елдің энергетикалық жүйесі үшін қаншалықты маңызды?
— Бұл Қазақстан энергетикасын дамытудың жаңа кезеңі болады.
Қазақстанның жел және күн энергетикасын дамытуға әлеуеті өте жоғары. Алайда бұл энергия көздерінің тұрақсыздығы белгілі. Олар табиғи жағдайларға тәуелді болғандықтан, электр энергиясын тұрақты қамтамасыз ету үшін қосымша шешімдер қажет.
Сондықтан гидроаккумуляциялық электр станцияларының құрылысы ерекше маңызға ие. Олар артық өндірілген электр энергиясын жинақтап, қажет кезде жүйеге қайта береді. Бұл бүкіл энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Қытайда мұндай нысандар белсенді түрде салынып жатыр. Қазақстан да жаңартылатын энергетиканы дамытудың екінші кезеңіне қадам басуда. Егер алғашқы кезеңде күн және жел электр станциялары салынса, ендігі кезеңде энергияны сақтау жүйелері қалыптасады.
– Қытай бүгінде цифрлық технологиялар мен «жасыл» экономика саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Қазақстанға тартылатын инвестициялар технология трансферімен және өндірісті жергіліктендірумен қатар жүруі үшін қандай жағдайлар қажет?
— Қытай қазіргі таңда цифрлық экономика мен «жасыл» технологиялар саласында әлемдегі ең озық мемлекеттердің бірі.
Ал Қазақстанның басты артықшылықтарының бірі – стратегиялық маңызы бар минералдардың мол қоры.
Сондықтан екі ел арасындағы ынтымақтастық тек шикізат өндірумен шектелмеуі тиіс. Қытайлық инвесторлар Қазақстанда қайта өңдеу кәсіпорындарын ашуға, өндірісті жергіліктендіруге және толық өндірістік тізбектер қалыптастыруға мүдделі.
Мұндай тәсіл жаңа жұмыс орындарын ашуға, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және Қазақстан экономикасының технологиялық деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
– Қазақстан мен Қытайдың өнеркәсіптік және энергетикалық ынтымақтастығы бүкіл Орталық Азияның экономикалық келбетін өзгерте ала ма?
— Әрине. Бүгінде Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге аяқ басты. Оның негізінде тек сауда немесе көлік дәліздері ғана емес, бірлескен өндіріс, жоғары технологиялар мен энергетикалық жобалар тұр.
Ірі инвестициялық жобалар жүзеге асқан сайын өңірде жаңа өндірістік тізбектер қалыптасып, өнеркәсіптік интеграция тереңдей түседі.
Ұзақ мерзімді перспективада бұл Орталық Азияның экономикалық географиясын өзгертіп, өңірді жаһандық өндірістік және логистикалық тізбектердің маңызды буынына айналдыра алады. Бұл өз кезегінде тұрақты экономикалық өсімге, жаңа өнеркәсіп салаларының дамуына және бүкіл өңірдің халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің артуына ықпал етеді.
