Қазақстанның Ата Заңында адам құқығы мен бостандығы мемлекеттің ең басты құндылықтарының бірі болып бекітілген. Конституцияның 1-бабында Қазақстанның «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» екені нақты жазылған. Бұл қағидат мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі – азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау және осы міндеттердің заң аясында толыққанды жүзеге асуына жағдай жасау екенін білдіреді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Осы міндетті жүзеге асыратын негізгі институттардың бірі – сот билігі. Сот арқылы қорғану құқығы – адамның негізгі конституциялық кепілдіктерінің бірі. Конституцияның 76-бабында: «Қазақстан Республикасында сот төрелігін сот қана жүзеге асырады», – деп нақты көрсетілген.
Бұл норма сот билігінің ерекше мәртебесін айқындайды. Яғни азаматтардың құқығы мен заңды мүддесіне қатысты дауларды шешу, заң бұзушылықтарға құқықтық баға беру тек тәуелсіз соттың құзыретінде.
Конституцияның 77-бабында сот билігінің мақсаты нақты белгіленген:
«Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады, ол адамның, азаматтың, ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, сондай-ақ Конституцияның, заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының орындалуын мақсат етеді».
Бұл қағида сот тек құқық бұзушылықты қарастыратын орган емес, азамат пен мемлекет арасындағы құқықтық тепе-теңдікті қамтамасыз ететін маңызды институт екенін көрсетеді.
Ал қоғамдағы құқықтық мәдениет азаматтардың заңды қаншалықты білетінімен ғана өлшенбейді. Оның негізгі көрсеткіші – адамның өз құқығы бұзылған жағдайда заңды жолдарды пайдалана білуі.
Құқықтық мәдениеті қалыптасқан азамат өз мәселесін күш қолдану немесе заңсыз әрекеттер арқылы емес, құқықтық механизмдер арқылы шешуге ұмтылады. Ал мұндай мәдениеттің қалыптасуы елдегі құқықтық саясаттың негізгі бағыттарының бірі саналады.
Қазақстан Конституциясының 13-бабында:
«Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы», – деп жазылған.
Бұл норма әр адамға өз құқығын қорғаудың заңды құралдарын пайдалануға мүмкіндік береді. Оның ішінде сотқа жүгіну құқығы да бар.
Сот арқылы өз құқығын қорғаудың тиімді болуы ең алдымен соттың тәуелсіздігіне байланысты. Судья шешім қабылдаған кезде тек заң талаптарына сүйенуі керек.
Конституцияның 78-бабында:
«Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз болады және Конституция мен заңға ғана бағынады», – делінген.
Сонымен қатар Конституцияда сот процесіндегі негізгі құқықтық кепілдіктер де нақты бекітілген:
- «Айыпталушы өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге міндетті емес»;
- «Адамның кінәлі екеніне қатысты кез келген күмән айыпталушының пайдасына қарастырылады»;
- «Заңсыз жолмен алынған дәлелдемелердің заңды күші жоқ».
Бұл құқықтық принциптер әділетті сот төрелігінің халықаралық талаптарына толық сәйкес келеді. Құқықтық мемлекет жағдайында сот азаматтар арасындағы дауларды шешіп қана қоймайды. Оған қоса мемлекеттік органдардың заң талаптарын сақтауына да ықпал етеді.
Конституцияның 79-бабында соттардың адам құқықтарын шектейтін нормативтік актілерді қолдануына жол берілмейтіні көрсетілген:
«Соттардың адам мен азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқығы жоқ».
Құқықтық саясаттың нәтижесі тек жаңа заңдарды қабылдаумен өлшенбейді. Оның басты мақсаты – азаматтардың құқықтарын нақты қорғауға мүмкіндік беретін тиімді жүйе қалыптастыру. Мұндай жүйеде заңның сапасы, құқықтық институттардың тиімді жұмысы және азаматтардың құқықтық мәдениеті өзара байланыста болуы қажет. Әр азамат өз құқығын біліп, оны қорғаудың заңды жолдарын пайдаланған кезде ғана құқықтық мемлекет қағидаты толық жүзеге асады.
Сот арқылы қорғану құқығы – адамның мемлекетпен қарым-қатынасындағы ең басты кепілдіктердің бірі. Конституцияда бекітілген бұл қағидалар адамның бостандығын қорғап қана қоймай, қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз етеді. Сондықтан құқықтық мәдениет – тек заңды білу емес, өз құқығын құрметтеу және оны заң шеңберінде қорғай білу қабілеті.
