Қасым-Жомарт Тоқаевқа Агенттіктің биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмысының негізгі қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы есеп берілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жанат Элиманов 496 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, жәбірленушілерге 22,6 миллиард теңгенің зардабы өтелгенін жеткізді. Сондай-ақ 7 қылмыстық топтың (оның ішінде төртеуі – трансұлттық топ) және 176 миллиард теңгеден астам қаражатты заңсыз түрде қолма-қол ақшаға айналдырған 44 желінің қызметіне тосқауыл қойылғанын атап өтті.
Есірткі бизнесі мен алаяқтықтан түскен кірісті жылыстату үшін пайдаланылған 12 астыртын криптоайырбастау пункті жойылған.
Бұдан бөлек, өз есепшоттары арқылы 113 миллиард теңгені өткізген 36 дропперлік топ анықталды.
ТМД елдері аумағында алғаш рет дербес деректерді заңсыз иемдену мақсатында ұялы байланыс операторларының жұмысын имитация жасайтын және фишинг SMS-хабарламаларды жаппай тарататын арнайы құрылғыны пайдаланған адамдар ұсталғанын баяндады. Бюджет шығыстарына мониторинг жүргізу шаралары туралы айтты.
Мәселен, 52 инфрақұрылымдық жоба бойынша 279 миллиард теңге қаржының негізсіз жұмсалуына жол берілген жоқ.
Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру кезінде 10 миллиард теңге көлемінде мемлекет қаржысын жымқыру ықтималдығы анықталды.
Сондай-ақ Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу үшін жеке клиникалардың 140 мың азаматтың жалған тіркеу мәліметтерін көрсеткені белгілі болды.
Бұдан бөлек, алдын алу жұмыстары аясында заңсыз ойын бизнесінің белгілері бар 9 мың сайт пен аккаунт бұғатталды. Алаяқтық пиғылымен ашылған 2,3 мың ресурстың және 35 мыңнан аса мүшесі бар 25 чаттың қызметі тоқтатылды.
Қаржылық сауатты арттыру бағытындағы іс-шараларға 245 мыңнан астам азамат қатысты. Салалық заңнаманы жетілдірудің нәтижесінде Қазақстанның рейтингтегі орны ФАТФ-тың төрт негізгі ұсынымы бойынша жоғарылады.
Мемлекет басшысы Агенттік қызметінің негізгі бағыттарына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.
