Түркістан облысындағы алғашқы кездесулерден кейін партия Төрағасы Айбек Дәдебай бастаған Республикалық сайлауалды штаб жұмысын Маңғыстау облысында жалғастырды. Бұл туралы Aikyn.kz «Әділет» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Күні бойы Құрылтай депутаттығына кандидаттар өңір тұрғындарына сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырып, облыстағы ірі кәсіпорындарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті.
Күннің алғашқы жартысында Ақтау қаласындағы Достық үйінде өңір жұртшылығымен, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, жастар және өңірлік актив мүшелерімен кездесу өтті.

Айбек Дәдебай партия елдің одан әрі дамуының басты негізі ретінде заң үстемдігін қарастыратынын атап өтті. Осыған байланысты кездесудің негізгі тақырыптарының бірі Каспий теңізінің болашағына арналды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Каспийді сақтау мәселесін бірнеше мәрте ірі халықаралық алаңдарда көтеріп, Каспий маңы елдерін бірегей экожүйені қорғау жолында бірлесіп әрекет етуге шақырған. Бұл ұстанымдар «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында да көрініс тапқан.
«Мемлекет басшысының стратегиялық бағыты – заманауи, әділетті әрі қуатты Қазақстан құруға бағытталған. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін «Әділет» партиясы негізгі бағыттарды қамтитын кешенді жоспар әзірледі. Онда Маңғыстау облысының дамуына ерекше мән берілген. Бүгінде өңірде қордаланған мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп қана қоймай, жаңа даму мүмкіндіктерін қалыптастыру маңызды. Біз Маңғыстаудың түйткілдерін жақсы білеміз және олардың жүйелі шешілуіне күш салуға дайынбыз», – деді ол.
Кездесу барысында өңірдің бір ғана энергия көзіне тәуелділігі де талқыланды. Маңғыстау үшін бұл тек экономикалық емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Партия энергетикалық инфрақұрылымды дамытуды негізгі басымдықтарының бірі деп есептейді және МАЭК-тің тұрақты жұмыс істеуіне, сондай-ақ өңірді сенімді энергия көздерімен қамтамасыз ететін жобалардың жүзеге асуына күш салады.

Сондай-ақ кәсіпорынды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету мәселелері, оның ішінде Каспийден тұщыландыру кешендеріне су жеткізетін арнаны тереңдету жұмыстары сөз болды.
Ашық диалог барысында облыс тұрғындары жұмыспен қамту, коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйі, экология, медициналық көмектің қолжетімділігі, интернет сапасы және инженерлік желілерді жаңғырту мәселелерін көтерді.
Кездесудің арнайы бір бөлігі «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын таныстыруға арналды. Құрылтай депутаттығына кандидаттар алдағы бес жылға арналған партияның азаматтардың өмір сапасын арттыруға және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жеті стратегиялық мақсатын түсіндірді.
Рауан Кенжеханұлы тұрғын үй жағдайын жақсарту және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі бастамалар туралы айтты. Унзила Шапақ цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Ал Аят Сүгірбай отбасы институтын нығайту және балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне тоқталды.

Өңір жұртшылығымен кездесуден кейін Республикалық сайлауалды штаб мүшелері жұмысын облыстағы ірі кәсіпорындарда жалғастырды.
Осылайша, «ҚазАзот» АҚ алаңында партия өкілдері еңбек ұжымымен еңбек қауіпсіздігі, өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту және энергетика мен коммуналдық кешенді жаңарту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру мәселелерін талқылады.
Ақтау халықаралық теңіз сауда портының еңбек ұжымымен, балық шаруашылығы саласының және теңіз сервисі ұйымдарының өкілдерімен өткен кездесуде Республикалық штаб мүшелері Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, отандық тасымалдаушыларды қолдау, порт инфрақұрылымын жаңғырту, саланы кадрмен қамтамасыз ету және Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру мәселелерін қозғады.
«Ақтау порты – Транскаспий халықаралық көлік бағытының жүрегі. Қазіргі геосаяси жағдайда оның маңызы бірнеше есе артты. Сондықтан «Әділет» партиясы Каспий көлік торабын дамытуға бағытталған кешенді шаралар ұсынады. Бұл Қазақстанның Еуразиядағы негізгі логистикалық хаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Айбек Дәдебай.
Кездесулер қорытындысы бойынша партия өкілдері Маңғыстау облысы тұрғындарынан түскен барлық ұсыныстар мен өтініштер жинақталып, одан әрі пысықтау үшін Республикалық сайлауалды штабқа жолданатынын хабарлады. Ең өзекті бастамалар партияның заңнамалық ұсыныстарының тізбесіне енгізіледі. Ақтаудан кейін штаб өңірлік науқанын Жаңаөзен қаласында жалғастырып, онда тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізеді.
