Жаңаөзенде мұнайды терең өңдеу, жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері әлі де өзекті. Мемлекеттік тұрғыда мән беріліп келе жатқан маңызды салаларды қалада әлі де жетілдіре түсуге мүмкіндік бар. «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы сондағы мұнайшылармен және жұмыс істейтін жастармен өткен кездесуде осы тақырыпта кеңінен сөз болды.

«Өзенмұнайгаз» АҚ-ның №2 Мұнай-газ өндіру басқармасының өндірістік базасында өткен келелі жиында партия өкілдері тұрғындармен өнеркәсіпті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік қорғау және цифрлық экономикаға қажетті кадрлар даярлау мәселелерін талқылады. Басқосуда мұнай-газ саласының қызметкерлері, кәсіподақ өкілдері және өндіріс ардагерлерінің алдында сөз сөйлеген партия төрағасы Айбек Дәдебай саланы одан әрі дамыту тек мұнай өндірумен ғана шектелмей, шикізатты терең өңдеуге, заманауи технологияларды енгізуге және жаңа өндірістер ашуға негізделуге тиіс екенін айтты.

«Бұрын басты міндет мұнай өндіру болса, бүгінде оны терең өңдеу, жоғары қосылған құны бар өнім шығару және озық технологияларды енгізу алдыңғы қатарға шықты. Ол саланы жаңғырту еңбек жағдайларын жақсартумен және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтумен қатар жүруі қажет. Қауіпсіз еңбек жағдайы, тұрақты жұмыспен қамту, лайықты жалақы және сенімді әлеуметтік кепілдіктер – біздің партияның негізгі қағидаттары. Адам еңбегі лайықты бағаланбайынша, мемлекет толыққанды дами алмайды», – деді Айбек Дәдебай.

Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрбек Мәтжани жиылған көпшілікке партияның шикізаттық емес экспортты қолдау және қазақстандық өнімді шетел нарықтарына ілгерілету жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Ал Шынасыл Ерназар өңдеуші өндірістерді дамыту және отандық бизнесті қолдау жөніндегі бастамаларды ұсынды.
«Осы жылы қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасы қабылданды. Оның аясында қалдықтар туралы ақпаратты бір жүйеге жинап, цифрландыру жоспарланып отыр. Бұл қай жерде қайта өңдеу кәсіпорны қажет екенін, қандай кедергілерді жою керектігін және қай бағытқа инвестиция тартуға болатынын анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қалдық жай қоқыс емес, жаңа өнім шығаратын пайдалы шикізатқа айналады.Яғни экология Маңғыстау экономикасының жаңа бағытына айнала алады», деді ол.
Бұдан кейін республикалық сайлауалды штаб мүшелері Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған «Bolashaq Sarayi» Оқушылар сарайында жұмыс істейтін жастармен кездесіп, жұмыспен қамту, білім беру, тұрғын үй, кәсіби даму және заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылады. Бағдарламаның жастарға арналған бағытын сөз еткен Айбек Дәдебай партия қазақстандықтарды жаңа цифрлық экономика жағдайында еңбек етуге дайындауды көздейтінін айтты. Жасанды интеллект негіздері мектеп бағдарламасына енгізіледі, ал AI-Sana бағдарламасының арқасында әрбір түлек осы заманауи технологияларды меңгеруге мүмкіндік алады.

Жастар ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева Қазақстанда алты миллионнан астам жас тұратынын, олардың 83 пайызы елдің болашағына сеніммен қарайтынын айтты. Оның сөзінше, әлеуметтік зерттеулер жастар үшін отбасы бұрынғысынша басты құндылық болып қала беретінін, ал Маңғыстау облысының жастары дәстүрлі отбасылық құндылықтарды жоғары бағалайтын өңірлердің қатарында екенін көрсетіп отыр.
Кездесу барысында Жаңаөзен жастары қала инфрақұрылымын дамыту, моноқалаларды қолдау, жаңа қоғамдық кеңістіктер салу, цифрлық жобаларды дамыту және жастар арасындағы әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу жөнінде ұсыныстарын айтты. Жұмыс сапарын қорытындылаған партия төрағасы Айбек Дәдебай Жаңаөзеннің мұнайшылары мен жастары көтерген барлық ұсыныстар жүйеленіп, одан әрі пысықтау үшін республикалық сайлауалды штабқа жолданатынына сендірді.
Дайындаған: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров
