Жуырда «Психологиялық қызмет туралы» заң қабылданды. Мемлекет жылдар бойы жүгенсіз кеткен бұл саланы тәртіпке салмақ. Енді бір-екі айлық курс оқып алып, елге өмір сүруді үйрететін, адамды әрбір сәтсіздігі үшін әке-шешесімен шағыстыратын, өз-өзін бағалау мен өзімшілдікті шатастырып, ерлі-зайыптыларды ажырасуға үгіттейтін шала мамандардың жұмысына тосқауыл қойылады. Бірақ аура тазалағыш, карма қайтарғыш, портал ашқыш, энергия көтергіш эзотериктер заңнан тыс қалуы мүмкін.
Дүмше психолог діл бұзар
157
оқылды

Қазақстанда бұған дейін психология нарығын жүйелейтін арнаулы нормативтік-құқықтық акт атымен болған жоқ. Бұл саланы реттеу тетіктері әртүрлі кодексте, өзге де заңдарда шашырап жататын. Мысалы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте медициналық психологтар мен психотера­певтердің қызметі ғана ішінара қамтылды. Биомедициналық этика, лицензиялау, клиникалық хаттама тәрізді талаптар тек ресми емдеу мекемесіндегі мамандарға жүктелетін. «Білім туралы» заңда мектеп, колледж, ЖОО-лардағы педагог-психо­логтардың құзыреті белгіленіп, ондағы нормалар оқу-тәрбие барысын сүйемелдеу шеңберімен шектелді. Қорғаныс ми­нистрлігі, ІІМ, ТЖМ сынды күштік құры­лым­дарда психологтардың жұмысы ішкі ведомстволық ережелер аясында жүзеге асырылды. Ал дербес тәжірибемен айна­лысатын психологтардың көбі Кәсіпкерлік кодекске сүйеніп, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде немесе ЖШС, ЖК түрінде тіркелді. Олардың кәсібі құжат жүзінде емдік терапия емес, консульта­циялық қолдау, қарапайым консалтинг, тіпті тұрмыстық қызмет көрсету ретінде рәсімделді. Соның сал­дарынан елдегі психология саласы бірыңғай стандарты жоқ, ортақ термино­логиясы қалыптаспаған ашық-шашық алаңға айналды.

Ең сорақысы, «психолог» ұғымының құқықтық мәртебесі айқындалмай келді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ұлттық кәсіптер жіктеу ішінде мұндай мамандық болғанымен, жеке секторда кім өзін «психолог» деп атау­ға қақылы екенін анықтайтын заң­намалық сүзгі болмады. Академиялық жоғары білімі бар нағыз майталмандар мен екі-үш айлық онлайн курс бітірген шала сауаттылар заң алдында бірдей еді. Дербес практикадағы психологтардан мемлекеттік лицензия да, біліктілігін растайтын сертификат та талап етілмеді. Нарықта «психолог», «коуч», «гипноте­ра­певт», «энергопрактик» сияқты тер­миндер мидай араласып кетті. Азаматтар зардап шеккен жағдайда «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға жүгінетін. Алайда материалдық емес зиянды дәлелдеу сотта қиынға соғатын. Денсаулық сақтау жүйесінен тыс жерде клиенттің психологқа айтқан ақпараты «дәрігерлік құпия» ретінде қорғалмайтын.

Таяу күндері күшіне енетін «Психоло­гиялық қызмет туралы» заң осы олқылық­тардың орнын толтырып, заңнама дең­гейінде «психолог» мәртебесін нақты бекітеді. Яғни бұдан былай психология бағытында жоғары білім алған, уәкілетті органның біліктілік талаптарына сай келе­тін және Мемлекеттік тізілімге енгізілген мамандар ғана психолог деп танылады. Қызметке араласу үшін диплом жеткіліксіз. Маман белгілі бір уақыт көлемінде аға әріптестерінің жетекші­лігімен супервизияға қатысқанын, өзі де жүздеген сағат терапия­дан, өндірістік тәжірибеден өткенін растауға міндетті. Қысқамерзімді курс, онлайн тренинг сертификатын иеленген көлденең көк аттылар мүлде мойындалмайды. Бұл топ нарықтан толық шеттетіледі, психолог болып жұмыс істеу құқығынан айырылады. Бір жапырақ сертификатқа сүйенген тұлғалардың заң бойынша психологиялық көмек көрсетуіне жол берілмейді. Алда-жалда психолог атын жамылып қызметін жалғастырса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал әлеуметтік желіде желбуаз әңгімемен ауқымды аудитория жинаған, бірақ ешқандай кәсіби білімі жоқ блогерлер заңсыз психологиялық практика жүргізсе, олардың үстінен әкімшілік қана емес, қылмыстық іс те қозғалуы мүмкін.

Заңдағы ең қуатты құрал – жаңадан құрылатын Мемлекеттік психологтар тізілімі. Қазақстан аумағында заңды жұмыс істеуге қақылы барлық маман осы электрондық реестрде тіркелуге тиіс. Психолог тізілімге тіркелгенде өзінің дипломын, біліктілікті арттыру жөніндегі құжаттарын, сотталмағаны туралы, пси­хикалық, наркологиялық диспансерде есепте жоқтығы туралы анықтамасын тапсырады. Сөйтіп, азаматтар жалпыға ашық базадан оның бүкіл дерегін көріп отырады, терапияға жазылар алдында қандай психологқа баратын тексере алады. Кәсіби этиканы өрескел бұзған, тұтынушы­ға зиянын тигізген, заңсыз әдістерді қолданған психологтар тізілімнен уақытша немесе өмір бойына шығарылады.

Сонымен қатар құжатта «психоло­гия­лық құпия» ұғымы дәрігер құпиясы, адвокат құпиясы, банк құпиясы секілді заңмен қорғалатын ақпарат санатына қосылды. Бетпе-бет сеанс барысында айтылған сөздерді, аудио және бейне­жазбаларды, терапиялық күнделіктерді, тест нәтижелерін жариялауға қатаң тыйым салынады. Әйтсе де, психолог әңгімелесу кезінде қандай да бір ауыр қылмыстың жасалып немесе дайындалып жатқанын білсе, клиенттің өзіне қауіп төніп тұрғанын түсінсе, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін естісе, дереу құзырлы органдарға хабарлауы керек. Ондай сәтте психологиялық құпияны сақтау міндеті тоқтатылады.

Ең бастысы, заңда кәсіби психоло­гия­лық көмек пен басқа да балама қызметтердің айырмашылығын жіктейтін айқын шекара белгіленеді. Мемлекеттік тізілімге тіркелмеген адамдардың жарна­мада және келісімшартта «психология», «психологиялық кеңес», «психологиялық диагноз», «психологиялық коррекция», «психотерапиялық сессия», «психодиа­гностика», «психологиялық жарақат», тағы басқа терминдерді қолдануына енді рұқсат етілмейді. Демек, біліксіз біреулердің «психологиялық көмек» деген желеумен сананы улап, миды манипуляциялап, халықтың қалтасын қағуына шектеу қойылады. Нумерология, астрология, регрессология, тарология, энергопрактика сияқты ғылыми негізі жоқ бағыттар психологиядан түбегейлі ажыратылады. Оккульттік-эзотерикалық тәсілдерді психология ретінде ұсынғандар заңмен қудаланады. Жалған ілім өкілдері өз қызметін «ойын-сауық», «астрологиялық болжам», «сюцай» деп ашық атауға мәжбүр болады. Алайда заң қабылданған соң нарықтан эзотериканың біржола жоғалып кетуі неғайбыл. Псевдомамандар «психо­лог» сөзінен бас тартып, «рухани ұстаз», «ментор», «лайф-коуч», «соматикалық гид» дегендей абстрактілі терминдерге жаппай ауысып, ребрендинг жасауы ықтимал. Кейбірі көлеңкеге қашып, жасырын Telegram арна, жабық чаттарға көшуі ғажап емес. Заң жобасының автор­лары бұл тұрғыда біртүрлі тығырыққа тірелген сыңайлы. Егер эзотериктерден заң бойынша диплом сұралса, онда мемлекет эзотериканы ресми ғылым деп таныған болып шығар еді. Сондықтан ол бағыт заңға кіргізілмей, бақылаудан босатылды. «Психологиялық қызмет туралы» заңдағы ең үлкен қайшылық осында деп ойлаймыз. Себебі маман-психолог әлдеқалай шалыс басса, құзырлы органдар оны Мемлекеттік тізілімнен шығарып, Этикалық комиссияның құра­мынан қуып жазалай алады. Ал коуч пен таролог, мысалы, клиенттің құпиясын ашса, оған қарсы қолданылатын кәсіби санкция жоқ. Сондай-ақ психологтың салықты бір төлеп, электрондық реестр жарнасын екі төлеп, нәтижесінде қымбат бағамен қызмет көрсетуіне тура келеді. Өз кезегінде эзотериктер ешқандай са­лықсыз жұмыс істеп, клиентті көптеп жинап, арзанға жүгіретін жұпыны жұрттың ауруын асқындыра түсуі әбден мүмкін.

Тағы бір даулы мәселе – дипломы бардың бәрі сапалы практик-психолог бола ала ма деген сұрақ. Бакалаврды жаңа бітірген жас түлек заң жүзінде Мемлекеттік тізілімге енуге құқылы. Бірақ онда күрделі психотерапиялық әдістемелерді қолдану, эмпатиялық байланыс орнату тәрізді дағ­дылар жоқ. Керісінше, психологияның бакалаврын оқымаған, дипломын алмаған, бірақ мыңдаған сағаттық терапиядан өтіп, супервизияға қатысқан тәжірибелі мамандар қағазбастылық кесірінен Мем­лекеттік тізілімнен тыс қалып, сала­ның сапасы төмендей ме деген қауіп бар.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ