Шымкент қаласында отандық өндірісті дамытуға, жергілікті кәсіпкерлердің әлеуетін арттыруға және бәсекеге қабілетті өнім өндіруге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл бағытта өндіріс орындарын қолдауға, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасауға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және жергілікті брендтерді қалыптастыруға ерекше мән берілуде.
Агроөнеркәсіп – шаһар әлеуеті
162
оқылды

 Осы жұмыстардың маңызды алаңдарының бірі – Шымкент қаласында ұйымдастырылған «Қазақстанның үздік тауары – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрме-байқаулары. Ауқымды іс-шараға 120-дан астам жергілікті тауар өндіруші қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Көрме қала әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасының бірлесіп ұйымдастыруымен өтті. Негізгі мақсат – отандық тауар өн­ді­рушілерді қолдау, кәсіпкерлердің өндірістік мүмкіндіктерін көрсету, жер­гілікті өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ынталандыру және жаңа бизнес бастамаларға жол ашу. «Көрме» орталығында ұйымдас­тырылған шарада тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және басқа да өндіріс салаларының өкілдері өз өнімдерін таныстырды. Көр­меде ұсынылған тауарлардың ара­сында күнделікті тұтынуға қажетті өнім­дермен қатар, заманауи технология негізінде өндірілген инновациялық тауарлар да бар.

Шымкент халқы тығыз орналасқан ірі мегаполис қана емес, сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мүм­кіндігі мол өңір. Қаланың ауыл шаруа­шы­лығы бағытындағы аумақ­тарында еңбек ететін шаруалар мен кәсіпкерлер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ішкі нарықты отандық өнім­мен қамтуға өз үлесін қосып келеді. Бүгінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту тек ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен шектелмейді. 

Бұл – егістіктен бастап дайын өнімді тұтынушыға жеткізуге дейінгі тұтас өндірістік тізбекті қалып­тастыруды талап ететін кешенді бағыт. Сондықтан Шымкентте ауыл шаруа­шылығы өнімдерін қайта өңдеу, сақтау және логистика жүйесін жетілдіру, за­ма­науи технологияларды енгізу мәселелеріне де басымдық берілуде.

Әсіресе жергілікті жерде өндірілген өнімді терең өңдеу агроөнеркәсіп кешенінің қосылған құнын арттыратын маңызды фактор. Мәселен, ауыл шаруашылығы шикізатын тек бастапқы өнім ретінде сатумен шектелмей, оны өңдеп, дайын тауарға айналдыру жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті кеңейтуге және жергілікті бюджетке түсе­тін түсімді арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте тамақ өнеркәсібі мен агро­өнеркәсіп кешені өзара тығыз байланысты. Көрмеге қатысқан жергі­лікті өндірушілердің өнімдері осы ба­ғыт­тағы әлеуеттің жоғары екенін көр­сетті. Олардың қатарында азық-түлік өнімдерін өндіретін, ауыл шаруа­шылығы шикізатын өңдейтін, дайын өнім шығаратын кәсіпкерлер бар.

Жергілікті өнімнің көлемін артты­румен қатар, оның сапасына да қойы­латын талап күшейіп келеді. Себебі қазіргі нарықта тұтынушы үшін өнімнің қолжетімді бағасы ғана емес, сапасы, қауіпсіздігі, экологиялық тазалығы және өндірістің заманауи стандарттарға сәйкестігі де маңызды. «Қазақстанның үздік тауары – 2026» байқауының ерекшелігі – оған нарықта өзіндік орны қалыптасқан ірі кәсіпорындармен қатар, өндірісін енді бастап жатқан кәсіпкерлердің де қатысуы. Бұл отандық бизнестің дамуына жаңа серпін беріп, кәсіпкерлерге өз өнімдерін кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.

Көрме жұмысына Шымкент қала­сының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Үн­діс­тан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Сайлас Тхангал бастаған делегация, бизнес қауым­дастығы мен қала тұрғындары қатысты.

Шара барысында сөз сөйлеген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өңірде өндірісті дамыту мен жергілікті кәсіп­кер­лерді қолдау қала экономикасының стратегиялық бағыты екенін атап өтті: «Шымкент қаласында біз ең алдымен жергілікті өндірісті күшейтуге, шағын және орта бизнесті дамытуға және агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеруге басымдық беріп отырмыз. Бүгінгі көрме соның нақты нәтижесі. Мұнда өз ісін дамытып отырған кәсіп­керлердің еңбегі, табандылығы және жаңашылдығы көрініс табуда. Қала әкімдігі тарапынан біз әрбір бастаманы қолдауға, өндіріс көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғас­­тыра береміз», – деді қала әкімі.

Шараның халықаралық деңгейдегі қонақтардың қатысуымен өтуі де жер­гілікті өндірістің әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік берді. Себебі қазір отандық кәсіпкерлер үшін ішкі нарықпен қатар, экспорттық бағыттарды игеру, халықаралық талаптарға сай өнім шығару және шетелдік серіктестермен байланыс орнату аса маңызды.

Іс-шара аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың ар­найы көрмесі де ұйымдастырылды. Жоба жергілікті ерекшеліктерге сүйене отырып, ауыл тұрғындарының кәсіп­керлік бастамаларын қолдауға және өңірге тән өнімдерді дамытуға бағыт­талған. Мұндай бастамалардың маңызы зор. Себебі әрбір өңірдің табиғи, ауыл шаруашылығы және өндірістік ерек­шелігіне қарай өзіндік бренді қа­лып­тасуы мүмкін. Бір жерде ауыл шаруашы­лығы өнімдері басым болса, енді бір өңірде қолөнер, тамақ өндірісі немесе ұлттық өнімдер кеңінен дамуы ықтимал.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға жол аш­ады. Жергілікті шикізатты пайда­ланып, оны өңдеп, нарыққа дайын өнім ретінде ұсыну арқылы ауыл тұр­ғындарының табысын арттыруға және жаңа кәсіп түрлерін қалыптастыруға мүмкіндік бар. Шымкент үшін бұл бағыттың әлеуеті жоғары. Мегаполистің айналасындағы елді мекендерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын шаруашылықтар мен шағын кәсіп иелері бар. Оларды заманауи технологиялармен қамтамасыз ету, қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру, өндірілген өнімді өткізу нары­ғын кеңейту және қайта өңдеу кәсіп­орындарымен байланыстыру агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың негіз­гі тетіктерінің бірі.

Қазір агроөнеркәсіп саласының бәсекеге қабілеттілігі технологиялық жаңаруға тікелей байланысты. Су үнем­деу технологиялары, автоматтан­дырылған өндіріс, заманауи қойма жүйе­лері, цифрлық есеп және логисти-

ка – өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық технология­ларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің қозғалысын бақылап, өнді­ріс көлемін жоспарлап, сұранысты зерделеп және өнімді өткізу тізбегін тиімді ұйымдастыруға болады. Бұл өз кезе­гінде агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеріп, өндіруші мен тұтынушы арасындағы байланысты нығайтады.

Шымкенттің агроөнеркәсіп кешенін дамытуда тағы бір маңызды бағыт  ғы­лыми тәсілдер мен инновацияларды өндіріске енгізу. Өнімділікті арттыру, климаттық жағдайларға бейімделген технологияларды пайдалану, жаңа сорт­­тарды енгізу және өндірістің тиімділігін арттыру арқылы жергілікті шаруалардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге болады. 

 

Шымкентте ұйымдастырылған көрме-байқау осы бағыттағы жұмыс­тардың бір ғана мысалы. Мұндай алаңдар кәсіпкер­лерге өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, нарықтағы жаңа мүмкін­діктерді бағалауға, тәжірибе алмасуға және болашаққа жоспар құруға жол ашады. Шым­кенттің өндірістік және агроөнер­кәсіптік әлеуетін тиімді пайда­лану арқылы жергілікті өнім көлемін арттыруға, қайта өңдеу үлесін көбейтуге және отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге болады. Ал бұл өз кезегінде қаланың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұр­ғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы