3 тамыздан бастап «Семей – Астана – Семей» бағытында сыйымдылығы 78-ден 84 орындыққа дейінгі Bombardier Q-400 ұшағы жолаушыларды тасымалдай бастайды. Рейсті Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы жүзеге асырады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жолаушылар аптасына 4 рет – дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері қатынайтын болады. Билет бағасы 20 мың теңгеден басталады. Болашақта жолаушылар сұранысына байланысты аптасына жеті рейске дейін көбейту жоспарланып отыр.
Ұшу кестесіне сәйкес ұшақ Астанадан сағат 07:45-те ұшып, Семейге сағат 09:20-да келеді. Ал Семейден сағат 09:40-та ұшып, Астанаға сағат 11:20-да қонады. Ұшу ұзақтығы 1 сағат 35 минутты құрайды.
Қазіргі уақытта Семей қаласынан «Семей – Алматы», «Семей – Астана», «Семей – Үржар», «Семей – Қарағанды» бағыттары бойынша әуе рейстері орындалуда. Аталған рейстерді FlyArystan, «Оңтүстік аспаны», SCAT әуе компаниялары жүзеге асырып келеді.
Айта кетейік, жаңа бағыт Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің, «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорының және Абай облысы әкімдігінің қолдауымен ашылып отыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
