Апат салдарынан екі бірдей адам оқиға орнында көз жұмып, тағы бір жолаушы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Қайғылы оқиға бүгін таңғы сағат 06:00 шамасында Астана – Атбасар – Жақсы республикалық автожолының 146-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Alphard жеңіл автокөлігі мен DAF жүк көлігі бетпе-бет соқтығысқан.
Соққының қатты болғаны соншалық, Toyota Alphard көлігі қатты мыжылып қалған. Салонда болған екі адам оқиға орнында қаза тауып, көлік ішінде қысылып қалған. Тағы бір жолаушы сан сүйегі мен қабырғаларынан түрлі жарақат алып, Астрахан аудандық ауруханасына жеткізілген.
Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы салдарынан Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі мен бір жолаушысы оқиға орнында көз жұмған.
- Осы көлікте болған тағы бір жолаушы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жатқызылған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданатын болады, - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Осыған байланысты Ақмола облысы Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру қағидаларын қатаң сақтауға, жылдамдық режимін асырмауға және жолда барынша мұқият болуға шақырды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
