Бүгін Respublica партиясының республикалық сайлауалды штабы Абай облысындағы жұмысын жалғастырып, өңір тұрғындарымен, кәсіпкерлермен және еңбек ұжымдарымен кездесіп жатыр. Сондай кездесудің бірінде кандидаттар отандық өндірісті қолдау тетіктерін талқылап, өндіріс сұранысына сай кадр даярлау жүйесін күшейтуді қолдайтынын білдірді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Кезекті кездесу өңірдегі ұн өндіруші ірі кәсіпорындардың бірі – «Ай-Ар» ЖШС-де өтті. 1999 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын 130-дан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Зауыт тәулігіне 350 тоннаға дейін ұн өндіреді. Өнімнің бір бөлігі макарон өндірісіне жіберілсе, мұнда жем, жайма, кеспе және басқа да азық-түлік түрлері шығарылады.
Жиынға Құрылтай депутаттығына кандидаттар Олжас Құспеков, Ерболат Мұхамеджан, Бекжан Айтқұлов және Мейрамгүл Мадәлі қатысып, пікірлерімен бөлісті.
«Семей – тарихы терең, әлеуеті зор өңір. Тұрғындар бізге сенім артса, облыстың өзекті мәселелерін Құрылтай деңгейінде жүйелі түрде көтеріп, олардың шешілуіне күш саламыз», – деген Ерболат Мұхамеджан Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мемлекеттік саясаттың тұрақты назарында болуы қажет екенін айтты.
Бекжан Айтқұловтың айтуынша, өндірісті дамытудың негізгі шарты білікті маман тұрады.
– Кез келген өндірістің болашағы кадрға байланысты. Бүгінде технологтар, инженерлер, токарьлар, дәнекерлеушілер жетіспейді. Сондықтан Respublica жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруды және өндіріс сұранысына сай кадр даярлау жүйесін күшейтуді қолдайды, – деді кандидат.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, теміржол логистикасы, жүк тасымалының құны және кәсіпкерлікке қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдау тетіктері талқыланды.
Respublica сайлауалды бағдарламасында ішкі өндірісті ынталандыруға ерекше басымдық береді. Партия жергілікті өнім өндірушілерді қолдау, мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарау және шикізатты терең өңдеуді дамыту арқылы экономиканың нақты секторын күшейтуді ұсынады. Бұл елдің импортқа тәуелділігін азайтып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
