Кейде қылмыстық іс материалдарында сақталған бір ғана дерек жылдар өткен соң қылмыстың бетін ашуға себеп болады.
Жамбыл облысында полицейлер сегіз жыл бұрын жасалған қарақшылық шабуылды ашты
Фото: gov.kz
175
оқылды

Iшкi iстер министрлiгiнің мәліметінше, 2018 жылы Меркі ауданындағы автожолда белгісіз ер адам әйелге қарақшылық шабуыл жасаған. Ол күш қолданып, жәбірленушіні соққыға жығып, алтын әшекейлерін тартып алып, оқиға орнынан бой тасалаған,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оқиғадан кейін бірден полиция қызметкерлері қажетті тергеу және жедел-іздестіру  шараларының толық кешенін жүргізді. Жәбірленушінің сипаттамасы негізінде күдіктінің фотороботы жасалғанымен, сол кезде оның жеке басын анықтау мүмкін болмады. Соған қарамастан, қылмыстық іс бойынша жұмыс тоқтатылған жоқ.

Сегіз жылдан кейін ашылмаған қылмыстардың материалдарын зерделеу барысында полиция қызметкерлерінің бірі фотороботқа назар аударып, ондағы адамды бұрын көргенін таныған. Бұл мәлімет одан әрі жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының басталуына негіз болды.

Тергеу және жедел-іздестіру  шараларының нәтижесінде прокуратураның үйлестіруімен полиция қызметкерлері 41 жастағы күдіктінің жүрген жерін анықтап, оны ұстады.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабы 1-бөлігімен ("Қарақшылық") сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Бұл оқиға полиция қызметкерлері үшін қылмысты ашу жолында уақыттың шектеуі болмайтынын тағы бір мәрте дәлелдейді. Жылдар өтсе де ашылмаған әрбір қылмыс құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмайды. Заманауи тергеу әдістері, қызметкерлердің кәсіби тәжірибесі мен қырағылығының арқасында кінәлілер анықталып, әділдік салтанат құрады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.