Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша, Қазақстанда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда негізгі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін тұтыну көлемі артты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл деректер халықтың тұрмыс деңгейі бойынша үй шаруашылықтарына жүргізілген іріктемелі зерттеу нәтижесінде алынды.
Орта есеппен бір тұрғынға тоқсан ішінде 20,7 келі ет және ет өнімдері тиесілі болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 20,6 келі болған. Сүт және сүт өнімдерін тұтыну 57,2 литрден 58,1 литрге, жұмыртқа 52 данадан 54 данаға, көкөніс 18,3 келіден 18,7 келіге, картоп 11,3 келіден 11,4 келіге дейін өсті. Сондай-ақ балық пен теңіз өнімдерін тұтыну 3,5 келіден 3,6 келіге дейін артты.
Сонымен қатар бірқатар санаттар бойынша төмендеу байқалды. Атап айтқанда, жарма және дәнді дақылдар өнімдерін тұтыну 31 келіден 30,6 келіге дейін қысқарды. Майлар мен тоңмайларды тұтыну өзгеріссіз қалды. Жеміс, жидек пен жаңғақты тұтыну 17,5 келіден 17,4 келіге, қант, тосап және балды тұтыну 10,8 келіден 10,3 келіге дейін азайды.
2026 жылдың I тоқсанында Қазақстанның бір тұрғыны орта есеппен 11,4 келі картоп, 6 келі бірінші сұрыпты ұннан дайындалған бидай наны, 6 келі сиыр еті, 4,8 келі алма, 4,6 клі құмшекер, 4,2 келі күріш, 3,1 литр айран, 2,6 келі макарон өнімдері, 2,4 литр шикі сүт, 2,1 келі жаңа немесе салқындатылған балық, 54 жұмыртқа және 0,3 келі қара шай тұтынған.
2026 жылдың I тоқсанында жан басына шаққандағы көкөніс тұтыну көлемі орта есеппен 18,7 келі болды. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,2% өсіп, 18,3 келіден 18,7 келіге жетті.
Қала тұрғындары ауыл тұрғындарына қарағанда көкөністі көбірек тұтынған. Қалалық жерде орташа көрсеткіш бір адамға 19,3 келі болса, ауылдық жерде 17,6 келі болды.
Көкөністі ең көп тұтыну Алматы қаласында тіркелді – жан басына шаққанда 23,2 келі. Одан кейін Жетісу облысы – 22,8 келі және Түркістан облысы – 21,4 келі. Ең төменгі көрсеткіштер Шығыс Қазақстан облысында – 16,5 келі, сондай-ақ Абай және Алматы облыстарында – әрқайсысында 16 келі болды.
Ет және ет өнімдерін тұтынудың ең жоғары деңгейі Шығыс Қазақстан, Жетісу, Ақмола және Қарағанды облыстарында тіркелді. Ал ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында байқалды.
Азық-түлік өнімдерін тұтыну бойынша деректер тұрмыс деңгейі бойынша 12 000 үй шаруашылығын іріктеп зерттеу нәтижелері бойынша есептелген.
Орташа жан басына шаққандағы негізгі тамақ өнімдерін тұтыну – қарастырылып отырған кезең ішінде үй шаруашылығының бір мүшесінің орташа тұтынған тамақ өнімдерінің (әрбір өнімнің түрі бойынша бөлек) саны. Ол азық-түлік тауарларының жекелеген түрлерін тұтынудың көлемін үй шаруашылығы бар мүшелерінің санына бөлу жолымен есептеледі. Ірілендірілген топтар бойынша тұтыну құрамдастарды бастапқы өнімге қайта есептеу есебімен анықталады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
