Жетісу облысының әкімшілік орталығы Талдықорғандағы жағажайлардың бірінен ер адамның мәйіті табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жетісу облысы Полиция департаментінің мәліметінше, марқұмның жеке басы анықталған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
– Денесінде күш қолдану белгілері жоқ ер адамның мәйіті табылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, – деп хабарлады Полиция департаменті.
Ер адамның нақты неден көз жұмғаны сот-медициналық сараптаманың қорытындысынан кейін белгілі болады.
Осыған байланысты полицейлер тұрғындар мен өңір қонақтарын су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Тәртіп сақшылары суға түсер алдында алкогольдік ішімдік ішпеуге, арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылмауға және судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес берді.
