Әлемдік экономикада инфляциялық қысым қайта күшейіп келеді. Reuters агенттігінің халықаралық экономистер арасында жүргізген сауалнамасы соңғы айларда инфляция бойынша болжамдардың қайта өскенін, ал әлемдік экономиканың даму қарқынына қатысты бағалардың төмендегенін көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, бұған мұнай мен газ бағасының өсуі, халықаралық сауда бағыттарындағы тұрақсыздық және тауар жеткізу шығындарының артуы әсер етіп отыр. Соған байланысты көптеген орталық банктер ақша-кредит саясатын жеңілдетуге асықпай, инфляцияны бақылауда ұстауға басымдық беріп отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл процесс Қазақстан үшін де маңызды. Ұлттық статистика бюросының биыл маусым айындағы мәліметіне сәйкес, елдегі жылдық инфляция 10,3%-ды құрады. Бұл мамырдағы көрсеткіштен – 10,4%-дан сәл төмен болғанымен, айлық инфляция 0,8%-ға жетті. Бір жыл ішінде азық-түлік бағасы 10,4%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,7%, ал ақылы қызметтердің құны 9% өсті.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, соңғы тоғыз айда инфляция біртіндеп баяулағанымен, оны толық тұрақталды деуге әлі ерте. Оның сөзінше, бұған қатаң ақша-кредит саясаты, ақша массасын реттеу шаралары, Үкіметтің инфляцияға қарсы қабылдаған шешімдері және тұтынушылық несиелеуді шектеуге бағытталған шаралар әсер еткен.
«Жылдық инфляция тоғыз ай қатарынан төмендеп, маусым айында 10,3%-ды құрады. Дегенмен инфляция әлі де екі таңбалы деңгейде қалып отыр. Сондықтан толық тұрақталды деп айтуға әлі ерте», – деді Тимур Сүлейменов.
Сүлейменов инфляцияға сыртқы факторлар, атап айтқанда геосаяси ахуалдың күрделенуі мен әлемде азық-түлік бағасының қымбаттауы да әсер етуі мүмкін екенін айтты.
Ұлттық банк 24 шілдеде базалық мөлшерлеме жөнінде қабылдаған шешімін де жариялаған еді.
«Инфляциялық күтулер жеткілікті шамада жоғары күйінде қалып отыр. Бұл инфляциялық тәуекелдердің сақталғанын көрсетіп, ақша-кредит саясатын жеңілдету үшін байыпты тәсілдерді қажет етеді», – деді Тимур Сүлейменов.
Әлемдік экономикадағы инфляциялық қысымның қайта күшеюі Қазақстан үшін де маңызды болып отыр. Елдегі инфляция деңгейі біртіндеп төмендегенімен, Ұлттық банк сыртқы тәуекелдердің сақталып отырғанын ескертеді. Демек, алдағы кезеңде әлемдік нарықтағы өзгерістер Қазақстандағы инфляция динамикасына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі болып қала береді.
