Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының хатшысы әрі Құрылтай депутаттығына үміткер Владимир Мартель Алматы қаласындағы Сайран амфитеатрында кездесу өткізді.
«Байтақ» партиясы Сайранда кездесу өткізіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды
Фото: "Байтақ" партиясының баспасөз қызметінен алынды
184
оқылды

Жиынға экология және қоршаған орта басқармасына қарасты «Жасыл Алматы» кәсіпорны қызметкерлері мен тұрғындар шақырылды. Шараға 80-нен астам адам қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылып, экологиялық қауіпсіздік, қаланың тұрақты дамуы, қоғамдық орындарды абаттандыру және Сайран су қоймасын сақтау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ тұрғындармен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, олардың ұсыныс-пікірі тыңдалды.

«Алматының болашағы – оның экологиялық жағдайына тікелей байланысты. Сайран сияқты табиғи аумақтарды сақтап, қоғамдық кеңістіктерді дамыту – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырудың маңызды бөлігі. Біз үшін халық пікірін тыңдап, нақты ұсыныстарын сайлауалды бағдарламамызға енгізу – басты міндеттердің бірі», – деп атап өтті Владимир Мартель.

Тұрғындар да үнсіз қалмады. Сайран су қоймасының экологиялық жай-күйі, жасыл аймақтарды көбейту, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және қоғамдық орындарды абаттандыруға қатысты өз ұсыныс-тілегін ортаға салды.

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы тұрғындармен ашық диалог орнатып, экологиялық қауіпсіздік пен қаланың тұрақты дамуына бағытталған бастамаларды жүйелі түрде ілгерілетуді жалғастыра бермек.