Respublica өкілдерінің айтуынша, қуатты экономика – қуатты кәсіпорындардан басталады.
Respublica партиясы әйел еңбегі бағаланған өндіріс орнына барды
фото: Respublica партиясы баспасөз қызметінен алынды
189
оқылды

Respublica республикалық сайлауалды штабының Ұлытау облысына жұмыс сапарындағы маңызды кездесулерінің бірі еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің көшбасшы кәсіпорындарының бірі – «Ютария LTD» өндірістік-инновациялық компаниясында өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Respublica партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Кездесу барысында кәсіпорын басшылығы өндірістің тыныс-тіршілігін таныстырып, заманауи тігін цехтарын, өндірістік қуаттарды және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сақтау мен өңірлерге жеткізуді қамтамасыз ететін көтерме-тарату орталығын көрсетті. Бүгінде «Ютария» тек еліміздің ірі кәсіпорындарына арналған бес жүзден астам атаудағы тоқыма өнімдері мен арнайы киім шығаратын өндіріс орны ғана емес, сонымен қатар «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып отырған маңызды серіктес.

Ұжымның басым бөлігі әйелдерден құралған. Сондықтан олар үшін «Ютария» жай ғана жұмыс орны емес, өз қабілетін жүзеге асырып, отбасын асырап, ертеңіне сеніммен қарауға мүмкіндік берген кәсіпорын.

Сондықтан кездесу барысында Respublica партиясы бүгінгі қазақстандық әйелдерді толғандыратын өзекті мәселелерге ерекше көңіл бөлді. Respublica партиясының кандидаттары отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланы қолдауға бағытталған заңнамалық бастамалар туралы айтты.

Соның бірі – Respublica партия бастамаларының нәтижесінде жүзеге асқан, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны бала бір жарым жасқа толғанға дейін сақтау туралы шешім. Бұл – соңғы жылдардағы әлеуметтік саладағы маңызды жетістіктердің бірі.

Сондай-ақ кандидаттар Respublica партиясының мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған аналардың зейнеткерлік жасын төмендету жөніндегі ұсынысына тоқталды. Өйткені мұндай аналар жылдар бойы жұмысты да, ерекше күтімді қажет ететін балаға тәулік бойы қамқорлық жасауды да қатар алып жүреді.

Кездесуде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселесі де кеңінен сөз болды. Кандидаттар Respublica партиясының жанынан құрылған ReWomen жобасы туралы айтып берді. Бүгінде бұл – еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіпкер әйелдерді, қоғам белсенділерін және көшбасшы қыз-келіншектерді біріктіретін ірі қауымдастық. ReWomen тәжірибе алмасуға, білімін жетілдіруге, тәлімгерлік қолдау алуға және әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған заңнамалық бастамаларды бірге ілгерілетуге мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды.

Ашық пікір алмасу барысында кәсіпорын қызметкерлері еңбек жағдайы, отандық өндірісті дамыту, отбасы институтын қолдау, әйелдердің жұмыспен қамтылуы және жеңіл өнеркәсіптің әлеуетін арттыру мәселелерін көтерді. Өз кезегінде партия өкілдері дәл осындай кәсіпорындар өңір экономикасының тірегіне айналып, жаңа жұмыс орындарын ашып, қазақстандық өнімнің ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп отырғанын атап өтті.

Respublica өкілдерінің айтуынша, қуатты экономика – қуатты кәсіпорындардан басталады. Ал қуатты кәсіпорынның негізі – күн сайын адал еңбегімен Made in Kazakhstan белгісі бар өнімді жасап жүрген еңбек адамдары.