Электронды сауда бүгінде қазақстандық кәсіпкерлер үшін қосымша табыс көзі ғана емес, толыққанды бизнес жүргізудің тиімді жолына айналды. Мыңдаған кәсіпкер өз өнімін халықаралық маркетплейстер арқылы сатуда. Сол ірі платформалардың бірі – Wildberries. Сондықтан Ресейдегі компания қоймаларына жасалған шабуылдардан кейін шыққан өрт қазақстандық сатушыларды да әбігерге салған болатын.
Қоймадағы өрт: шығын қайтсе өтеледі?
281
оқылды

Көптеген кәсіпкер тауарын Ресейдегі қоймаларға алдын ала жөнелтіп, сол жерден сатып алу­шыларға жеткізеді. Бұл жүйе сауданы жеңілдеткенімен, белгілі бір қатерлерді де қатар алып келеді. Қоймадағы өрт, табиғи апат немесе логистикалық іркіліс кезінде кәсіпкер өз тауарының сақталуына тікелей ықпал ете алмайды. Мұндай жағдайда ком­панияның жауапкершілігі, ақпа­раттың ашықтығы және шығын­ды өтеу тәртібі бірінші орынға шығады.

«Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасының алдын ала мәлі­меті бойынша, Ресейдегі Wildberries қоймаларына жасал­ған ша­бу­ылдардан Қазақстанның 100-ден астам кәсіпкері зардап шеккен. Олардың жалпы шығы­ны 1 миллиард теңгеден асады. Де­ген­мен бұл түпкілікті көрсет­кіш емес. Қазір зардап шеккен сату­шылардың толық тізімі мен ма­териалдық залалдың нақты көлемі нақтыланып жатыр.

Оқиғадан кейін Қазақ­стан­ның Сауда және интеграция ми­нистрлігі ресми ақпарат жинауға кірісті. Ведомство Wildberries-тің Қазақстандағы ресми өкілі – «ИМВБКЗ» ЖШС-ға сауал жол­дады. Министрлік платформада жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпкерлердің саны, зардап шек­кен сатушылар, оқиғаның олар­дың жұмысына ықпалы және ком­панияның міндеттеме­лерді орындау тәртібі туралы мәлімет сұратқан.

«Объективті әрі ресми ақпа­рат алу мақсатында Wildberries ком­паниясының Қазақстандағы ресми өкіліне сауал жолданды. Онда платформа арқылы тауар сататын қазақстандық кәсіп­кер­лердің саны туралы мәлімет сұ­рал­ды. Сондай-ақ зардап шеккен сатушылардың бар-жоғы мен оқиғаның олардың жұмысына ықпалы анықталады. Компания­ның қазақстандық сатушылар алдындағы міндеттемелерін орын­­дау тәртібі де нақтыланады», – делінген Сауда және ин­те­грация министрлігінің хабар­ла­масында.

Бұған қоса, министрлік дип­ло­матиялық арналар арқылы Қа­зақстанның Ресейдегі Елші­лігіне де тиісті сауал жолдаған. Ел­шілік Ресейдің құзырлы ор­ган­дарымен және Wildberries ком­паниясымен байланыс орна­тып, қазақстандық кәсіпкер­лердің мүддесіне қатысты мәсе­лелерді пысықтауға атса­лы­сады. Оқиға Ресей аумағында болған­дықтан, ресми мәлімет сол елдің жауапты органдарымен бірлесіп нақтыланады.

Ведомство барлық ақпарат жиналмайынша оқиғаның Қа­зақстан нарығына ықпалына қа­тысты түпкілікті баға беруге асық­пай отыр. Министрліктің түс­ін­діруінше, трансшекаралық элек­тронды сауда коммерциялық және логистикалық тәуекел­дер­мен байланысты. Мұндай жағ­дайда тараптардың жауапкерші­лігі келісімшарт талаптары мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралады.

«Оқиға Ресей Федера­ция­сы­ның аумағында болды. Сондық­тан ресми ақпарат дипломатия­лық арналар арқылы және Ре­­сей­дің құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл негізінде алы­нады. Министрлік өз құзыреті шегінде қазақстандық кәсіпкер­лердің заңды мүдделерін қорғау үшін қажетті шараларды қабыл­дап жатыр. Қосымша ақпарат алынғаннан кейін қажет болған жағдайда тиісті түсініктемелер беріледі», – деп хабарлады вед­омство.

Министрліктің қазіргі мін­деті – зардап шеккен кәсіпкерлер мен шығын көлемі туралы нақты дерек жинау. Осы мәліметтер негізінде ғана оқиғаның салдары бағаланып, кәсіпкерлерге қосым­ша түсініктеме беріледі.

Қолдау шаралары кезең-кезеңімен жалғасады

Өрттен кейін кәсіпкерлерді алаң­датқан басты мәселе – кел­тірілген шығынның қалай өтеле­тіні болды. Wildberries компания­сының мәліметінше, қазір сату­шыларға толық өтемақы емес, бизнестің жұмысын тоқтатпауға бағытталған қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Ком­пания шығын көлемін бағалау жалғасып жатқандықтан, төлем­дерді бірнеше кезеңмен аударуды таңдаған. Алғашқы кезеңде қол­дау алғандардың қатарында қа­зақ­стандық сатушылар да бар.

«Біз зардап шеккен сатушы­ларға арналған қолдау төлемд­ерінің екінші кезеңін бастадық. Бұл жолы 97 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкіліне қаражат аударылады, олардың арасында алғашқы кезеңде төлем алған кәсіп­керлер де бар. Қаражат жа­қын арада сатушылардың плат­фор­мадағы балансына түседі және қолданыстағы төлем кестесіне сәйкес қолжетімді болады. Қазір шығын көлемін бағалау жалғасып жатыр. Сондықтан сатушыларды қолдау шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады», – дейді Wildberries компаниясының PR өкілі Ольга Ниязалиева.

Компания бұған дейін алғаш­қы кезеңде 88 мыңнан астам сату­шыға қолдау төлемдерін аударған. Сонымен қатар өңірлік қойма­ларға транзиттік жеткізу тегін ұйымдастырылып, тауарларды сақтау шарттары жеңілдетілді. Логистика құнына әсер ететін өңір­лік индекстер уақытша бекі­тіліп, кейбір санаттағы тауарларға сатып алушылар үшін берілетін жеңілдіктер платформаның өз қаражаты есебінен ұлғайтылған. Бұдан бөлек, WB Банк сатушы­ларға несие каникулын ұсынып, есепшоттарға қызмет көрсету ақысын және рубльмен жасалатын аударымдар үшін комиссияны алып тастаған.

«Біздің мақсатымыз – кәсіп­керлердің сатылымын сақтап қалуға көмектесу және олардың қосымша шығынын барынша азайту. Сол себепті логистика мен қойма қызметтеріне бірқатар жеңіл­дік енгіздік, ал WB Банк сатушыларға қаржылық қолдау шараларын ұсынды. Қазір оқи­ғаның барлық салдары бағаланып жатыр. Осы жұмыстың қорытын­дысына қарай қолдау тетіктері де кеңейтіледі. Біз серіктестерімізді қабылданатын барлық шешім ту­ралы ресми арналар арқылы тұрақ­ты түрде хабардар етіп отыр­амыз», – дейді компания өкілі.

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Wildberries Қазақстанда шұғыл түрде жаңа қоймалар іздеп жатыр деген ақпарат тарады. 

Ал­айда компания бұл мәліметті жоқ­қа шығарды. Оның айтуынша, Қазақстанды қоса алғанда, бар­лық қатысушы елдерде логис­ти­калық нысандарды салу бұрыннан бекітілген жоспар бойынша жал­ғасып келеді. Қазір негізгі күш тауарларды әртүрлі қоймалар ара­сында тиімді қайта бөлуге және серіктестердің тұрақты жұ­мыс­ын қамтамасыз етуге бағыт­талған. Сонымен қатар компания алдағы уақытта Қазақстанның мемлекеттік органдарымен және бизнес қауымдастықтарымен бір­қатар жұмыс кездесуін өткізіп, қазақстандық сатушыларды қолдау жөніндегі жол картасын талқылауды жоспарлап отыр.

«Біз логистикалық инфра­құрылымды бұрыннан бекіті­лген жоспар бойынша дамытып келе­міз және жаңа нысандардың бір бөлігі жақын уақытта іске қосыла­ды. Қазір басты міндет – тауар­лар­ды қоймалар арасында тиімді қайта бөліп, серіктестердің биз­несінің тұрақтылығын сақтау. Қа­зақ­стандағы мемлекеттік ор­ган­дармен және бизнес қауым­дастықтарымен кездесулер өткі­зіп, қазақстандық сатушыларды қолдау жөніндегі жол картасын талқылауды көздеп отырмыз. Бұл бағыттағы барлық шешімдер тура­лы серіктестерімізге ресми арналар арқылы тұрақты түрде хабарлап отырамыз», – деді Ольга Ниязалиева. 

Шығын көлемі нақтыланып жатыр

«Атамекен» ұлттық кәсіпкер­лер палатасының мәліметінше, қазір елдің барлық өңірінен ақпарат жиналуда. Алдын ала есеп бойынша, Ресейдегі Wildberries қоймаларына жасалған шабуыл­дардан Қазақстанның 100-ден астам кәсіпкері зардап шеккен. Олардың жалпы шығыны 1 мил­лиард теңгеден асады. Алайда зардап шеккен сатушылардың толық тізімі мен материалдық зала­лдың нақты көлемі әлі нақты­ланып жатыр.

Палата бұл жұмысты өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен, жер­гілікті атқарушы органдармен және салалық қауымдастықтармен бірлесіп жүргізуде. Кәсіпкерлер ұсынған мәліметтер жинақталып, келтірілген шығын көлемі рас­тай­тын құжаттар негізінде есептеледі. Бұл ақпарат кейін өтемақы төлеу және құқықтық қолдау көрсету мәселелерін шешу үшін қажет.

«Атамекен» мәселені мемле­кеттік деңгейде қарауды ұсынды. Палата Сауда және интеграция министрлігіне ресми хат жолдап, қазақстандық кәсіпкерлердің құ­қықтарын қорғау үшін мемле­кет­аралық өзара іс-қимыл тетік­терін пайдалануды сұраған.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар, «Атамекен» палатасы, Wildberries басшылығы және кәсіпкерлер қатысатын жұмыс тобын құру ұсынылды. Мұндай алаң шығынды бағалаудың ортақ тәртібін әзірлеуге, төлемдерді жеделдетуге және зардап шеккен сатушыларға құқықтық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Wildberries қоймаларындағы оқиға бір ғана компанияның ішкі мәселесі болып қалған жоқ. Ол халықаралық маркетплейстер арқылы жұмыс істейтін қазақ­стан­дық кәсіпкерлерді қорғау тетіктерін жетілдіру қажеттігін көрсетті. Ендігі маңызды мәселе – кәсіпкерлердің шығынын өтеу­мен қатар, осындай жағдайларда мемлекет, бизнес пен плат­фор­маның қалай әрекет ететінін алдын ала айқындайтын нақты жүйе қалыптастыру. 

Кәмила дүйсен