Ақтөбеде 12 жастағы қызды қағып, оқиға орнынан ізін суытқан электрвелосипед жүргізушісі анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол – Ақтөбе қаласының 58 жастағы тұрғыны. Қазір оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Жол-көлік оқиғасы 30 шілде күні кешкі сағат 18:00 шамасында Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы «Сазды» аялдамасы маңында болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, электрвелосипед мінген ер адам велосипедпен келе жатқан 12 жастағы қызды қағып кеткен. Алайда зардап шеккен балаға көмек көрсетудің орнына оқиға орнынан кетіп қалған.
Жарақат алған қыз облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оның жоғарғы жақ және бет сүйектерінің сынғанын, сондай-ақ алдыңғы тістерінің түсіп қалғанын анықтады. Мамандардың айтуынша, бүлдіршінді ұзақ уақыт емдеу қажет.
Оқиғадан кейін қыздың анасы әлеуметтік желіде куәгерлерден көмек сұрап, бейнебақылау камералары мен автокөліктердің бейнетіркегіштеріндегі жазбаларды қарастыруды өтінген.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жалғасып жатыр.
