Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) қатаң сыны мен бойкот жариялау қаупінен кейін футболдан әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарының бір бөлігін жеке инвесторларға сату жоспарынан бас тартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«Барлық тараптың пікірін мұқият тыңдай келе, бұл бастама бастапқы мақсатымызға қайшы келетін келіспеушіліктер туғызғанын түсіндік. Біздің басты мақсатымыз әрдайым футболды біріктіру және дамыту болды әрі солай болып қала береді», – деді Джанни Инфантино.
Оның айтуынша, ФИФА футболдың дамуына және бірлігіне қызмет етуді басты міндет санайды. Сондықтан аталған ұсыныс бойынша жұмыс жалғаспайды. Сонымен қатар Инфантино жуық арада барлық мүдделі тараптардың қатысуымен кездесу өткізіп, футболдың болашағына қатысты ортақ ұстаным қалыптастыруды көздеп отырғанын жеткізді.
Инфантиноның жоспары қандай еді?
Бұған дейін Джанни Инфантино әлем чемпионаты мен ФИФА ұйымдастыратын өзге де турнирлердің коммерциялық құқықтарындағы үлесті жеке инвесторларға сатуды жоспарлағаны белгілі болған. БАҚ мәліметінше, ықтимал инвесторлардың қатарында АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің туыстары да болған.
Инфантино бұл қадам ұлттық футбол қауымдастықтарының табысын төрт есеге дейін арттырады деп мәлімдеп, жоспарды қабылдау үшін ұлттық федерацияларға 19 қыркүйекке дейін уақыт берген еді.
УЕФА мен КОНКАКАФ қарсылығы
30 шілдеде УЕФА-ға мүше 55 ұлттық футбол қауымдастығы Инфантино бұл жоспарды жүзеге асырған жағдайда ФИФА ұйымдастыратын барлық турнирге бойкот жариялайтындарын мәлімдеді.
«Ешкімнің болашақ ұрпақтың игілігі үшін сеніп тапсырылған дүниені сатуға моральдық құқығы жоқ», – деп мәлімдеді УЕФА.
Еуропалық ұйымның сынына Солтүстік және Орталық Америка мен Кариб бассейні елдерінің футболын дамытуға жауапты КОНКАКАФ конфедерациясы да қосылды. Бұл ұйым құрамына 41 ұлттық футбол федерациясы кіреді.
