Ұстаздар айыппұл қаупімен емес, кәсіби дамуға жағдай жасалған ортада жұмыс істеуі тиіс.
Жезқазғандағы Respublica форумында Қазақстандағы білім беру саласының келешегі талқыланды
фото: Respublica партиясының баспасөз қызметінен алынды
224
оқылды

Бүгін Жезқазғанда Respublica форумы өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Respublica партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Respublica партиясы атынан Құрылтайға қатысатын кандидаттар мен белсенділер өңірдің өзекті мәселелерін – жол сапасын, денсаулық сақтау жүйесін, өнеркәсіпті және Қазақстандағы білім беру саласының келешегін талқылады.

Форум барысында сөз сөйлеген Respublica партиясынан Құрылтайға кандидат Нұргүл Тау мұғалімге айыппұл салу – дәрменсіздікті мойындаумен тең санайтынын айтты.

"Біз кінәліні іздемейміз, мәселенің шешімін іздейміз. Ауыл мектептері мен қала мектептерінің мүмкіндігі бірдей емес. Сондықтан олардан бірдей нәтиже талап ету – қисынсыз. Жазалаудың орнына тең мүмкіндік жасау қажет. Біз осы ұстанымның арқасында еліміздегі 7 мың білім беру орталығын заңдастыруға қол жеткіздік. Балалар қауіпсіз ортада білім алуы керек, ал ұстаздар айыппұл қаупімен емес, кәсіби дамуға жағдай жасалған ортада жұмыс істеуі тиіс", – деді Нұргүл Тау.