Қорғаныс министрлігі «Бөлімше командирлерін цифрлық даярлау» порталын іске қосты.
«Бөлімше командирлерін цифрлық даярлау» порталы іске қосылды
Фото: gov.kz
130
оқылды

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша, Қорғаныс министрлігі Ақпараттық технологиялар департаментінің мамандары «Бөлімше командирлерін цифрлық даярлау» атты жаңа портал әзірледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Веб-портал Қорғаныс министрлігінің жабық желілік сегментінде орналастырылған. Оның көмегімен пайдаланушылар әскерлер мен ресурстарды автоматтандырылған басқару жүйелерінің негіздерін меңгеріп, әскери саладағы жасанды интеллект технологияларымен, сондай-ақ жергілікті есептеу желілерін өрістету деңгейлерімен таныса алады.
Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, қазіргі заманғы командир технологиялық өзгерістердің бастамашысы әрі жетекшісі болуы тиіс. Ол жеке құрамды жаңа цифрлық құралдарды тиімді пайдалануға бейімдеп, олардың қызмет барысында нәтижелі қолданылуын қамтамасыз етуі қажет.
Жаңа талаптарға сәйкес, әскери бөлім немесе мекеме командирі лауазымына тағайындалатын әрбір үміткер міндетті түрде портал арқылы онлайн тестілеуден өтеді. Тестілеу нәтижелері Қорғаныс министрлігінің басшылығы тарапынан қаралады.
Бүгінде командир тек цифрлық құзыреттерді жетік меңгеріп қана қоймай, бөлімшенің күнделікті қызметіне заманауи ақпараттық технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізуге бастамашы болуы тиіс.
Бұл басқару тиімділігін арттыруға, шешім қабылдау жеделдігін қамтамасыз етуге, жоспарлау мен бақылау сапасын жақсартуға, сондай-ақ әскери саланың цифрлық трансформациясы жағдайында бөлімшелердің жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығын күшейтуге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Қарулы Күштердің барлық әскери басқару органдарында, құрамаларында және әскери бөлімдерінде командирлерге арналған цифрлық сауаттылықты арттыру, автоматтандырылған басқару жүйелерін, жасанды интеллект технологияларын, заманауи деректерді өңдеу және талдау құралдарын, қорғалған ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және бөлімшелерді басқарудың цифрлық құралдарын меңгеру бойынша арнайы оқу сабақтары ұйымдастырылып жатыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.