Бұл бастама құқықбұзушылықтың алдын алуға ғана емес, жастар арасында отбасы құндылықтарын дәріптеуге, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Қазақстанда тағы бір елді мекен «ішімдіксіз ауыл» қатарына қосылды
фото: баспасөз қызметінен алынды
95
оқылды

Абай облысы Жарма ауданындағы Үкілі ауылының тұрғындары ішімдіктен бас тартты,  деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Абай облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Олардың мәліметінше, Үкілі ауылының тұрғындары ресми түрде «Алкогольсіз ауыл» мәртебесін иеленді. 

Қазір онда 17 шаңырақтан тұратын 51 тұрғыны бар.

Елді мекен бүгінде татулық пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Тұрғындар алкогольді ішімдіктен саналы түрде бас тартып, қауіпсіз әрі тыныш қоғамдық орта қалыптастыруға өз үлесін қосуда. Бұл бастама құқықбұзушылықтың алдын алуға ғана емес,  жастар арасында отбасы құндылықтарын дәріптеуге,  салауатты өмір салтын насихаттауға және ауылдағы береке-бірлікті одан әрі нығайтуға бағытталған, делінген ақпаратта. 

Аталған игі бастамаға Үкілі ауылының әкімі Әскербек Бердікенов қолдау білдіріп, елді мекен халқының ұйымшылдығына жоғары баға берді.

Бұл жетістік  бір ғана адамның емес, бүкіл ауыл тұрғындарының ортақ еңбегінің нәтижесі. Біз үшін ең басты құндылық  халықтың амандығы, балаларымыздың жарқын болашағы және ауылымыздың тыныштығы. Осы бағыттағы бірлігімізді сақтап, алдағы уақытта да салауатты өмір салтын бірге насихаттай береміз, деді ол.