Биыл алғаш рет іс-шараға бірден төрт халықаралық хедлайнер қатысады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін фестивальдің басты қонақтары ретінде Николай Костер-Вальдау, Иньяки Годой және Таз Скайлар таныстырылған болатын. Енді бұл жұлдызды құрамға Peaky Blinders («Острые козырьки») сериалындағы Артур Шелби рөлі арқылы танылған британиялық актер Пол Андерсон қосылады.
Фестиваль барысында актер басты сахнада өнер көрсетіп, шығармашылық жолы мен әйгілі киножобалардағы жұмысы туралы әңгімелейді. Сондай-ақ жанкүйерлердің сұрақтарына жауап беріп, фото және қолтаңба сессияларына қатысады.
Пол Андерсон бұдан бөлек «Шерлок Холмс: Көлеңкелер ойыны» (Sherlock Holmes: A Game of Shadows), «Аңыз» (Legend), «Тірі қалған» (The Revenant), «Теңіздің қақ жүрегінде» (In the Heart of the Sea), «Қорқыныш аллеясы» (Nightmare Alley) және басқа да халықаралық фильмдерде ойнаған.

Comic Con Astana жылдар бойы Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениеттің ең ірі фестивалі ретінде танылды. Әр жылдары оның хедлайнерлері қатарында Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек, Скотт Эдкинс, Эсай Моралес, Майкл Рукер, Шон Ганн, Перси Хайнс Уайт, Пьер Спенглер және Александр Кузнецов болды.
Фестивальдің дәстүрлі бағдарламасына халықаралық косплей байқауы да енген. Ол жыл сайын түрлі елдерден келген үздік қатысушылардың басын қосады. Биыл байқаудың жүлде қоры 20 миллион теңгені құрап, өңірдегі ең ауқымды косплей турнирлерінің біріне айналмақ.
Биылғы Comic Con Astana дәстүр бойынша екі алаңда – Barys Arena мен «Алау» мұз сарайында өтеді.
Фестиваль билеттерін comicconastana.kz ресми сайтынан сатып алуға болады.
