Жиынға мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, экологиялық қауымдастықтардың, су шаруашылығы саласының өкілдері мен сарапшылар қатысты. «Байтақ» жасылдар партиясының өкілдерімен кездесуде Аралтөбе ауылынан Балқаш көліне дейінгі аралықтағы Іле өзенінің қазіргі ахуалы, судың азаюы, өзен арнасының таяздауы, балық қорының кемуі және өңірдегі экологиялық ахуал талқыланды.
Шарада география және су қауіпсіздігі институтының мамандары жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесін таныстырды. Ал мемлекеттік орган өкілдері су ресурстарын пайдалану мен қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ақпарат берді.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар мәселені кешенді шешу үшін мемлекеттік органдар мен ғылыми ұйымның қатысуымен тағы бір кездесу өткізуді ұсынды. «Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері мен тұрғындар Іле өзені арнасын қалпына келтіру, салаларын күл-қоқыстан аршу, биоалуандықты сақтау сынды түйткілді талқылады.
Сондай-ақ Балқаш бассейнінің экологиялық жағдайын жақсарту жөнінде де ұсыныстар қажетін айтып, оны бірлесіп әзірлеу туралы шешім қабылдады.
