Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылдың сәуір айынан бастап бүкіл ел бойынша «Таза Қазақстан» тұрақты экологиялық акциясы өткізіліп келеді. Акция сенбілік ұйымдастыруға ғана емес, сонымен қатар қалалар мен ауылдарды абаттандыру және көгалдандыру бойынша жүйелі жұмыстарға бағытталған.
Тазалық пен тәртіп ұштасқан тұс
124
оқылды

Қарағанды облысында тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағы­тындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. «Таза Қазақстан» республикалық эколо­гия­лық бағдарламасы аясында өңір поли­цейлері 2026 жылдың басынан бері сани­тариялық талаптар мен абаттандыру қағидаларын бұзудың 26 341 дерегін анықтады. 

Тазалық талаптарын сақтамайтын кәсіпкерлік субъектілеріне ерекше бақылау орнатылған. Іргелес аумақтарды күтіп-ұстау міндетін орындамаған 181 кәсіпорын мен ұйымның басшысы әкім­шілік жауапкершілікке тартылды. 

Олардың қатарында сауда үйлері, дүкендер, қоғамдық тамақтану орындары, сұлулық салондары, жанармай құю стан­салары, автосервис орталықтары және құрылыс нысандары бар. Аталған құ­қық­бұзушылықтар үшін салынған айып­пұл­дың жалпы сомасы 11 миллион тең­геден асты. Бағдарлама аясында абат­тандыру талаптарын бірнеше рет бұзатын тұлғаларға қатысты да қатаң шаралар қабылдануда. Жыл ішінде құқықбұзушылықты қайталаған 159 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауап­керші­лікке тартылып, оларға жалпы сомасы 12 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.

– Құқықбұзушылықтардың алдын алу және оларды дер кезінде анықтау мақ­сатында полиция заманауи техноло­гияларды тиімді пайдаланып келеді. Ұш­қышсыз ұшу аппараттарының (дрон­дардың) көмегі­мен қолжетімділігі қиын аумақтардағы заңсыз қоқыс төгу орындары анықталуда. Қа­былданған шаралардың нәтижесінде өңірде 104 стихиялық қоқыс үйіндісі жойы­лып, қоқысты рұқсатсыз төккен 107 жүк көлігінің жүргізушісі әкім­шілік жауап­кершілікке тартылды. Тазалықты сақтау жұмыстары тұрғын үй секторында да тұр­ақ­ты бақылауда, – дейді Қарағанды облысы полиция департа­ментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Сақшылардың мәліметінше, аула аумақ­тарын талапқа сай күтіп ұстамағаны, оның ішінде көктайғақты уақытылы таза­­ламағаны үшін 12 МИБ (ПИК) төр­аға­сы мен подъезд жауаптылары әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Халықпен кері байланысты нығайту мақсатында облыстың барлық қала және ауданында арнайы чаттар іске қосылған. 

Сонымен қатар тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы да өтініш жолдай алады. Жыл басынан бері осы байланыс арналары арқылы 119 хабарлама келіп түсіп, олар­дың әрқайсысы бойынша жедел шаралар қабылданды. Полицейлер күшейтілген режимде қызмет атқаруды жалғастыруда. Тек соңғы бір аптаның өзінде абаттандыру саласында 1 123 әкімшілік құқықбұзу­шылық анықталып, шағын кәсіпкерлік субъектілері тарапынан жасалған 5 құ­қық­бұзушылықтың жолы кесілді. Сон­дай-ақ азаматтардың бес өтініші бойынша жедел шаралар қабылданып, қалдықтарды заңсыз төккен екі жүк автокөлігі ұсталды. Жергілікті рейдтік іс-шаралар барысында Үштөбе, Доскей ауылдық округтері мен Күнгей шағын ауданында 42 құқықбұзу­шылық анықталды. Қарағанды облысы Полиция департаменті өңір тұрғындарын туған өлкесінің тазалығы мен көркеюіне белсенді атсалысуға шақырады. Қоршаған ортаның тазалығы – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. 

Абаттандыру қағидаларының сақ­талуын бақылау және құқықбұзушы­лықтардың жолын кесу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да ведомство басшылығының ерекше бақылауында жалғасады. Айта кету керек, облыста «Таза Қазақстан» акциясы аясында біраз жұмыстар атқарылды. Мысалы,  ECO FEST – «Заң мен тәртіп» экологиялық фестивалі өтті. Іс-шара қоршаған ортаны қорғау идеясы төңірегіне әртүрлі жастағы қала тұрғындарын біріктірді. Экофестиваль аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі пластик бөтелкелерді жинау акциясы болды. Қала тұрғындары бастаманы белсенді қолдап, пластик ыдыстарды қайта өңдеуге тапсырды. Алғыс ретінде қатысушылар тапсырған бөтелкелерінің санына қарай балмұздақ, хайуанаттар бағына, балалар теміржолына және киноға билеттер алды. 

Сонымен қатар сәуірда бір күнде 4 500-ден аса ағаш отырғызылды. Оған өңірдің түкпір-түкпірінен 45 мыңға жуық тұрғындар, еріктілер мен табиғат жана­шырлары атсалысты. Ерікті жастардан еңкейген қарияға дейін осында. Барлығы бір кісідей жұмылып, саябақ аумағына 1 500-ден астам ағаш отырғызды. «Бұл қоршаған ортаға  қосқан үлес қана емес, елді біріктірген жарқын іске айналды», – дейді жиылғандар. 

–  «Таза Қазақстан» деген бір күндік акция емес. Мен біріншіден, барлық қатысқан жандарға алғысымды айтқым келеді. «Арың таза болса, барлығы таза болады» дейді қазақ. Сондықтан аула, үй, аудан, ауыл, қала өз жанын таза ұстаса, барлық жер таза болады, – дейді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Қорыта келгенде, экологиялық акция тек тазалықтың жаршысы емес, тәртіптің де нәсихатына айналып үлгерді. Алдағы уақытта өңір халқы бұл дәстүрді жалғас­тыра берері анық. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы