Абай облысында жүзеге асырыла бастаған EcoForest толық циклді экологиялық ағаш өңдеу өнеркәсіптік паркі – өңір экономикасы үшін ғана емес, Қазақстанның орман өнеркәсібін әртараптандыру жолындағы маңызды жобалардың бірі.
Инвестиция өңірді өркендетеді
124
оқылды

Семей қаласында іргетасы қаланған өндірістік кешен инвестиция тарту, экспорттық әлеуетті арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытындағы мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі деуге болады.

Соңғы жылдары елімізде шикізаттық емес секторды дамытуға басымдық беріліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әртүрлі деңгейдегі жиындарда өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту және жоғары қосылған құны бар өнім өндіру міндетін бірнеше рет көтерген болатын. Осы тұрғыдан алғанда, Абай облысында қолға алынған жаңа жоба өңірлік бастама ғана емес, ұлттық эко­номикалық саясаттың маңызды құрамдас бөлігі саналады.

Жалпы инвестициялық көлемі 67 миллион АҚШ долларын құрайтын жоба екі өндірістік алаңнан тұрады. Оның негізгі бөлігі Семей қаласында орналасса, ағашты бастапқы өңдеу кешені Бородулиха ау­данындағы Михайловка ауылында салы­нады. Мұндай өндірістік тізбек шикізатты бастапқы өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық циклді қамтамасыз етеді.

Аймақ басшысы Берік Уәли жобаның іргетасын қалау рәсімінде бұл бастаманың халықаралық ынтымақтастықтың нақты нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, былтыр Қытай Халық Республикасында өткен «Үлкен Алтай» халықаралық кон­ференциясында басталған келіссөздер бүгінде ірі инвестициялық жобаға ұласып отыр. Өңірлік үйлестіру кеңесінің қол­дауына ие болған жобаға қажетті жер те­лімдері бөлініп, мемлекеттік қолдау шара­лары көрсетілген.

Бұл жерде назар аударатын маңызды мәселе – жобаның өндірістік бағытынан бөлек, экологиялық сипаты. Кәсіпорын негізінен өрттен зардап шеккен және сани­тарлық кесуге жататын ағаштарды өңдеуге маманданады. Бұл  бір жағынан орман қорын сауықтыруға мүмкіндік берсе, екінші жағынан бұрын толық пайда­ланылмай келген ағаш ресурстарын экономикалық айналымға енгізуге жол ашады.

2023 жылғы «Семей орманы» мемлекет­тік табиғи резерваты аумағындағы алапат өрттен кейін өңірдегі орман шаруашылығын қалпына келтіру мәселесі күн тәртібіне шыққаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа өндіріс кешені санитарлық тазарту жұмыстарын жеделдетіп қана қоймай, ағаш шикізатын қалдықсыз өңдеу технологиясы арқылы табиғи ресурстарды тиімді пай­даланудың үлгісіне айналмақ.

Жобаның ерекшелігі – өндірістің толық циклмен ұйымдастырылуы. Семейдегі кешен жылына 2 миллион текше метрге дейін ағаш өңдеп, шамамен 900 мың текше метр дайын өнім шығарады. Мұнда халықаралық экологиялық стандарттарға сай ағаш тақталары, OSB және FOSB панельдері, MDF, жиһаз өнімдері, инженерлік ағаш материалдары, ағаш пеллеттері, биоотын және органикалық тыңайтқыштар өндіріледі.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай өндіріс құрылымы шикізат сатудан дайын өнім экспорттауға көшудің тиімді жолы болып саналады. Әлемдік тәжірибеде ағашты терең өңдеу өнімдерінің қосылған құны бірнеше есе жоғары. Сондықтан жобаның экономикалық тиімділігі тек инвестиция көлемімен емес, өндірілетін өнімнің экспорттық әлеуетімен де өлшенеді.

Инвесторлар кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде 900-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашылатынын мәлімдеп отыр. Оның ішінде жұмысшылардың 90 пайызы жергілікті тұрғындар болады. Бұл көрсеткіш өңірдегі еңбек нарығына оң әсер етіп қана қоймай, жаңа технологияларды меңгерген білікті кадрлар даярлауға да мүмкіндік береді.

Өнімнің Қазақстан нарығымен қатар Орталық Азия, Еуропа, Жапония және Оңтүстік Корея елдеріне экспортталуы жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде Абай облысының сыртқы саудадағы үлесін арттырып, өңірдің халықаралық өндірістік кооперациядағы орнын күшейте түспек.

Жобаның тағы бір маңызды қыры – Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілуі. Xinjiang Chunzheng Aosi Trading Co., Ltd. компаниясының бас директоры Чжан Ликай өндіріс кешені орманды санитарлық тазартудан бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңді біріктіретінін атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат – ағаш шикізатының әр бөлігін барынша тиімді пайдаланып, өндірістік қалдықтарды ең төменгі деңгейге жеткізу. Бүгінде Абай облысында инвестициялық белсенділік айтарлықтай артып келеді. Биыл өңірде жалпы құны 131,2 миллиард теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 3 263 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал жыл басынан бері 34,62 миллиард теңгенің 14 инвестициялық жобасы пайдалануға беріліп, 598 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы