Respublica партиясы төрағасының орынбасары – Орталық аппараттың басшысы Жанат Ысқақов ТМД Парламентаралық ассамблеясының Демократияны дамыту мониторингінің халықаралық институты мен ТМД байқаушылар миссиясының өкілдерімен кездесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Respublica партиясының баспасөзіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Жанат Ысқақов Respublica партиясы қызметінің негізгі бағыттары, жастармен, партия жақтастарымен және кадр резервінің мүшелерімен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Сондай-ақ Respublica-ның негізгі жобалары – POLITIQ саяси көшбасшылық мектебі, кадр резерві және «Шешімдер фабрикасы» жобалары таныстырылды.
Кездесуде сайлау науқанына дайындық, Республикалық сайлауалды штабтың жұмысы және үгіт-насихат жұмысының негізгі бағыттары, соның ішінде цифрлық платформалар мен әлеуметтік желілерді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде халықаралық байқаушылар сайлауды байқау жөніндегі қызметінің қағидаттары, міндеттері мен жұмыс әдіснамасы туралы ақпарат берді.
Кездесу қорытындысында тараптар сайлау процесін халықаралық деңгейде байқау аясындағы ашық кәсіби диалог пен сындарлы өзара іс-қимылдың маңызын атап өтті.
