Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмысы Ақтөбе қаласын ғана емес, облыстың барлық аудандық бөлімшелерін да қамтыған.
Партия еріктілері Алға қаласында да белсенді. Олар күн сайын көше аралап, үгіт-насихат материалдарын таратып жүр. Арнайы белгіленген орындарға партияның ақпараттық плакаттарын орналастырып, тұрғындарды сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарымен таныстырады.
Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер мен ақпараттық жұмыстар халықпен ашық байланыс орнатуға және азаматтардың партия жайлы жан-жақты мәлімет алуына мүмкіндік береді.
«Үгіт-насихат жұмысына белсенді қатысып жүрген әрбір еріктіге алғысымызды білдіреміз. Олардың жауапкершілігі мен белсенділігі партияның экологияны қорғау, тұрақты даму және өңірлердің әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларын халыққа кеңінен жеткізуге ықпал етеді», – деді «Байтақ» жасылдар партиясы филиалының басшысы.
Ақтөбе облыс аумағында үгіт-насихат жұмыстары сайлауалды науқанның бекітілген жоспарына сай жүріп жатыр.
Партия қатары жаңа мүшелермен толықты
«Байтақ» жасылдар партиясы жаңа мүшелермен толықты. Бүгін елуге жуық адам партия құрамына өту туралы өтініш берді. Олар өз шешімдерін «саналы таңдау» деп түсіндіреді.
«Бізге бұл партияның ұстанымы жақын. Себебі партия саясат емес, табиғат, өзен-су, орман-тоғай деген ұғымдарды негізге алған. Айналамызды аялауға, қоршаған ортаға қамқорлық танытуға үндейді. Сол үшін қолдап келдік», – деді «Байтақ» жасылдар партиясының жаңа мүшесі, зейнеткер Гүлдара Какерова.
«Байтақ» партиясының негізі 2015 жылдан бастау алады. Сол жылы төраға Азаматхан Әміртаев пікірлестерімен бірге «Байтақ-Болашақ» экологиялық қозғалысын құрды. Ал 2019 жылы саяси партия құру идеясы келіп, ұйым ресми түрде 2022 жылы тіркеледі. Қазір партияның жүз мыңнан астам мүшесі бар, елдің 20 өңірінде филиалы жұмыс істейді.
«40 адам партияға өтуге ниетті екенін айтып, өтініш қалдырды. Олар түрлі маман иесі: эколог, ғалым, әскери қызметкер және басқалар. Үрдіс жалғаса береді деп сенеміз. Өйткені қатарымызға қосыламын деушілер көп. Өйткені қоршаған орта, таза табиғат, таза су, таза ауа – бәрімізге ортақ игілік», – деді Орталық сайлау штабы басшысының орынбасары Дидар Сәтбеков.
Жиын аясында тағы бір шара өтті. Жасылдар партиясы түрлі салада қызмет етіп, Қазақстанның дамуына үлес қосқан бір топ адамды марапаттады.
