Бұл Мемлекет басшысының Қазақстанды Әділетті, Қауіпсіз және Өркендеген елге айналдыруды көздеген ұлы мұратының сөзбен көмкерілген жинағы.
«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз»: Президенттің таңдаулы сөздерінің жинағы жарық көрді
Фото: ашық дереккөзден алынды
149
оқылды

Кітапта саналы ғұмырын мемлекет ісіне арнаған тұлғаның соңғы 30 жылдан астам уақыт ішінде көңілге түйген ойы қамтылған,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сөз қадірін түсінетін, көкірегі ояу, зерделі қауымға  «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» деген атпен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың таңдаулы сөздерінің жинағы жарық көрді. Жинақ мемлекет басшысының Қазақстанды Әділетті, Қауіпсіз және Өркендеген елге айналдыруды көздеген ұлы мұратының сөзбен көмкерілген жиынтық бейнесі. Яғни, саналы ғұмырын мемлекет ісіне арнаған тұлғаның соңғы 30 жылдан аса уақыт ішінде көңілге түйгені, ойға тамызық болған ұстанымдары мен құндылықтары.

Жинақта күрделі және өтпелі кезеңде мемлекетке басшы болатын тұлғаның ел болашағы, ұлт сапасы жайлы пікір-көзқарасы бұдан ондаған жылдар бұрын қалыптасқаны көрінеді. Озық ойлар өмірлік және кәсіби тәжірибе негізінде жүйеленіп, бүгінде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына айналып отыр. Кітапта түрлі тақырыптар аясында топтастырылған, әр жылдары айтылған сөздер жинақталған.

Жинақтың мақсаты – «сөзін оқы және ойла» деп хакім Абай айтпақшы, тағдыршешті кезеңде мемлекет тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының түп өзегін – Президенттік миссиясын өз сөзімен негіздеу. Мемлекетіміздің бүгіні мен ертеңін ойлаған, даму бағдарын ұғынуға ұмтылған елжанды азаматтар үшін осы кітапты оқып-зерделеу маңызды. 

Кітап жақын арада барлық мемлекеттік кітапханаларға, университеттер мен колледждерге, жастар орталықтарына таратылады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.