Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры аясында журналистерге Наурызбай ауданындағы маңызды инфрақұрылымдық жобаның бірі – Ақсай өзеніндегі су жинау құрылысы мен су дайындау станциясының құрылысын таныстырды. Онда аудан әкімі Нәзира Тоғызбаева жобаның қалай іске асып жатқанын журналистерге баяндап шықты, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл нысан қаладағы ең жылдам дамып келе жатқан аудан үшін стратегиялық маңызға ие. Пайдалануға берілгеннен кейін ол Наурызбай ауданы тұрғындарын сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз етіп, қаланың инженерлік инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға сеп болмақшы.

«Аудандағы ең өзекті мәселенің бірі - ауызсу тапшылығы болатын. Жаңа тұрғын үй салынып, инфрақұрылым кеңейіп, халық саны артып жатыр. Соған байланысты қолданыстағы инженерлік желі осы жүктемеге төтеп бере алмай отыр. Ақсай сүзгілеу станциясының салынғаны жақсы болды. Ол енді Наурызбай ауданы мен Алматы облысының Қарасай ауданының 100 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауызсумен қамтамасыз етпек», – деді аудан әкімі.
Нысанды аралау барысында журналистерге су дайындау станциясын көрсетті. Мұнда радиалды және көлденең тұндырғыштардың, әрқайсысының сыйымдылығы 5 мың текше метр болатын таза су резервуарларының, сондай-ақ су дайындау блогының құрылысы толық аяқталған. Әкімшілік-зертханалық корпустың ішкі әрлеу жұмысы да аяқталып қалыпты.

Жобаның барлық желілік нысандары да толық дайын. Ұзындығы 5,9 шақырым болатын магистральдық су құбыры салынып, бес көлік көпірі мен алаңнан тыс газбен жабдықтау желілерінің құрылысы аяқталды.
Суды тазартуға арналған осы заманғы жабдықтарға көп көңіл бөлінген. «ВодЭкоФильтр» компаниясы шығарған су тазарту кешені нысанға жеткізіліп, оны монтаждау жұмысы басталды.
Мамандардың «Алматы Су» ШЖҚ МКК-мен бірлесіп жүйені сынақтан өткізгендерін айтады. Жобалық су қабылдау құрылғылары арқылы Ақсай өзенінен су алынып, оны магистральдық су құбыры арқылы жеткізген. Технологиялық резервуар мен су дайындау құрылысы суға толтырылғаннан кейін оны бақылау мақсатындағы залалсыздандырып шығыпты.
Зертханалық талдау нәтижелері судың сапасы барлық санитарлық және техникалық талаптарға толық сәйкес келетінін растады.
Қазіргі уақытта жобаны іске асырудың соңғы кезеңі – іске қосып, реттеуді қолға алды. Бұл жұмыс нысанды ресми түрде пайдалануға берер уақыттағы міндетті кезең, ол барлық инженерлік жүйенің қалай жұмыс істейтінін тексеруге мүмкіндік береді.

Жоба өкілдерінің айтуынша, жаңа су жинау құрылысы мен су дайындау станциясын 2026 жылдың тамыз айының соңында толық іске қоспақшы.
«Қазіргі уақытта нысанның құрылысы толық аяқталды. Іске қосып, реттеп жатырмыз қазір. Соған қарамастан, қазірдің өзінде тұрғындарға су беріле бастады. Бүгінде станцияның өнімділігі сағатына шамамен 300 текше метр суды құрайды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, барлық ғимарат пен құрылыс толық бітті, жабдықты орнаттық, қызметтік бөлмелер жабдықталды, аумақты абаттандырып болдық. Алдағы бірнеше күн ішінде іске қосу мен реттеу жұмысы мен жабдықтарды соңғы рет баптау аяқталған соң, станция жұмыс істей бастайды», – деді жоба құрылысының жетекшісі Гайраджан Турдиев.
Наурызбай ауданының әкімі Нәзира Тоғызбаеваның айтуынша, бұл нысанды пайдалануға беру ауданның инженерлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болады. Жоба өсіп келе жатқан халықты ұзақ жылдар бойы сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, сумен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын айтарлықтай арттырып, ауданның одан әрі дамуына қажетті қосымша қуат қорын қалыптастырмақ.
