Елімізде 2026-2027 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімі, каникулдардың ұзақтығы, сондай-ақ 9 және 11-сынып түлектерінің қорытынды аттестаттау кестесі бекітілді. Тиісті бұйрыққа Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Құжатқа сәйкес, барлық орта білім беру ұйымында жаңа оқу жылы 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.
Күзгі каникул 2026 жылғы 26 қазан мен 1 қараша аралығында, қысқы демалыс 2026 жылғы 28 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін, көктемгі каникул 2027 жылғы 22-28 наурыз аралығында өтеді. Ал 1-сынып оқушылары үшін 2027 жылғы 8-14 ақпан аралығында қосымша бір апталық демалыс қарастырылған.
Бұдан бөлек, бұйрықпен мектеп бітірушілердің қорытынды аттестаттау мерзімдері де айқындалды. 9 (10)-сынып оқушыларының бітіру емтихандары 2027 жылғы 31 мамыр мен 11 маусым аралығында, ал 11 (12)-сынып түлектерінің мемлекеттік бітіру емтихандары 1-17 маусым аралығында өтеді.
9-сынып оқушылары қорытынды аттестаттауды 31 мамырда математика пәнінен жазбаша емтихан тапсырудан бастайды. 3 маусымда таңдау пәнінен, 7 маусымда оқыту тілі бойынша, ал 11 маусымда қазақ немесе орыс тілі мен әдебиетінен соңғы емтихан тапсырады.
11-сынып түлектері 1 маусымда Қазақстан тарихынан ауызша емтихан тапсырады. Бұдан кейін 4 маусымда «Алгебра және анализ бастамалары» пәнінен жазбаша емтихан, 9 маусымда оқыту тілі бойынша, 14 маусымда таңдау пәнінен, ал 17 маусымда қазақ немесе орыс тілі мен әдебиетінен қорытынды емтихан өтеді.
Бұйрық 2026 жылғы 15 тамыздан бастап күшіне енді.
