Телевизиялық пікірталасқа «Әділет», ЖСДП, «Байтақ», Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл», «Ақ жол» және Respublica партияларының өкілдері қатысты.
Партиялардың сайлауалды телевизиялық дебатының қорытындысы шықты
Фото: видеодан скрин
71
оқылды

Астанада Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партия өкілдерінің қатысуымен өткен телевизиялық сайлауалды дебат жобасы аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Білім беру жүйесін дамыту мәселелеріне арналған ауқымды пікірталас Жетінші арнаның тікелей эфирінде көрсетілді. 

Телевизиялық пікірталасқа «Әділет», ЖСДП, «Байтақ», Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл», «Ақ жол» және Respublica партияларының өкілдері қатысты. 

Эфир барысында қатысушылар білім беру жүйесін дамытуға қатысты ұстанымдарын ұсынып, саланың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты және сайлауалды бағдарламаларындағы басым бағыттарды таныстырды. 

Дебат басталар алдында Жетінші арнаның тікелей эфирінде қатысушылардың сөз сөйлеу ретін анықтайтын ашық жеребе тарту рәсімі өтті. Жоба төрт кезеңнен тұрды. Саяси партиялар өздерінің сайлауалды бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстырып, білім беру саласын дамыту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды, бір-біріне сұрақ қойып, көрермендердің сауалдарына жауап берді және сайлаушыларға қорытынды үндеу жасады. 

Пікірталас барысында білім беру жүйесін цифрландыру, жоғары білімнің қолжетімділігін кеңейту, білікті жұмысшы кадрларды даярлау, экологиялық мәдениетті дамыту, ауыл жастарын қолдау бағдарламаларын жетілдіру, педагогтердің мәртебесін арттыру және қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін күшейту мәселелері талқыланды. 

Кезеңдер арасындағы үзілістерде Жетінші арнаның шағын студиясында саясаттанушылар мен білім саласының сарапшылары ұсынылған бастамаларды талдап, пікірталас барысына қатысты өз бағаларын берді. Эфир бойы көрермендер QR-код арқылы ұйымдастырылған онлайн дауыс беруге қатысып, «Қай партия спикерінің сөзі сізге көбірек ұнады?» деген сұраққа жауап берді. 

Онлайн дауыс беру қорытындысы: 

Онлайн дауыс беруге 73 628 көрермен қатысты. 

Дауыс беру нәтижесі төмендегідей болды: 

1. «Әділет» партиясы — 45,48 %; 

2. «Ауыл» партиясы — 15,58 %; 

3. Respublica партиясы — 12,01 %; 

4. ЖСДП — 9,71 %; 

5. «Ақ жол» партиясы — 7,98 %; 

6. Қазақстан Халық партиясы — 6,96 %; 

7. «Байтақ» партиясы — 1,58 %; 

8. «Ешқайсысын қолдамаймын» — 0,70 %. 

Жетінші арнадағы телевизиялық дебат саяси партиялар, сарапшылар қауымдастығы мен сайлаушылар арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Интерактивті формат көрермендерге пікірталасты тамашалап қана қоймай, сұрақ қойып, пікір білдіріп және онлайн дауыс беру арқылы оған тікелей қатысуға мүмкіндік берді. 

Теледебаттың толық жазбасы, эфирдің үздік сәттері, сахна сыртындағы эксклюзивті материалдар және қосымша бейнематериалдар Жетінші арнаның ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланады. 

Телевизиялық дебат Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұйымдастырылып, Жетінші арнаның тікелей эфирінде көрсетілді.