Елордада Халықаралық бокс күніне орай өтетін IBA Nomad бокс кешіне қатысатын алғашқы спортшылардың есімдері белгілі болды. Жанкүйерлер алдында UFC-дің бұрынғы жауынгері Жалғас Жұмағұлов, әлемдік жарыстардың жүлдегерлері Сәкен Бибосынов, Санжар Тәшкенбай, сондай-ақ Алмаз Нұрғали мен Айдос Жаппарбергенов шаршы алаңға шығады. Басқа боксшылардың қарсыластары кейінірек жарияланады.
Әуесқой бокста барлық биікті бағындырып, екі дүркін әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай енді кәсіпқой рингте бақ сынайды. Оның дебюттік жекпе-жегі 28 тамызда Астанада өтеді. Санжар филиппиндік тәжірибелі боксшы Нил Джакомоспен жұдырықтасады. Қарсыласы кәсіпқой рингте 8 кездесу өткізіп, 7-еуінде жеңіске жеткен.
Қос мықты IBF ASIA вакантты чемпиондық белдігін сарапқа салады, яғни Санжар бірден титулдық жекпе-жекке шығу мүмкіндігіне ие болып отыр. Айта кетейік, ол жуырда ғана ұлттық құрамамен бірге АҚШ-та жаттығу жиынына қатысып, кәсіпқой боксшылармен спарринг өткізген еді. Турнирдегі барлық жекпе-жектер кәсіби бокс және MMA қолғаптарымен өтетін бокс ережесі бойынша ұйымдастырылады. IBA Nomad кеші жыл сайын 27 тамыз – Халықаралық бокс күніне орай өткізіліп келеді. Бұл мерекені 1974 жылы Кубаның Гавана қаласында өткен алғашқы әлем чемпионатының құрметіне Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) бекіткен.
С.БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
