Қазақстан Республикасының Солтүстік Македония Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Сатыбалды Бұршақов Охрид қаласының әкімі Кирил Пецаковпен кездесті.
Охридте Қазақстанның құрметті консулдығы ашылады
Фото: gov.kz
100
оқылды

Кездесу барысында Елші қала басшысына Охрид қаласындағы Қазақстан Республикасының жаңадан тағайындалған Құрметті консулы Гиоргий Войновикті таныстырып, оған Консулдық патентті салтанатты түрде табыс етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Тараптар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Сонымен қатар С.Бұршақов әкімді Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарымен таныстырды.

К.Пецаков муниципалитеттің қызметі, өңірдің экономикалық және туристік әлеуеті, сондай-ақ мәдени іс-шаралар туралы ақпарат берді.

Тараптар Охрид қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулы қызметінің басталуы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, іскерлік байланыстарды дамытуға, мәдени алмасуларды кеңейтуге және екі елдің туристік әлеуетін ілгерілетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Охрид - Солтүстік Македонияның ірі туристік әрі мәдени орталықтарының бірі. Қала мен Охрид өңірі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген және жыл сайын халықаралық мәдени іс-шараларды қабылдайды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.