Дания Еспаева бастаған «Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат тобы «Үркер-АШ» ЖШС ұжымымен кездесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева партия кандидаттарымен бірге «Үркер-АШ» ЖШС-не барып, кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Кәсіпорын қызметкерлері үгіт-насихат тобының мүшелерімен өндіріс секторын дамыту, білікті кадрлар даярлау, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және кәсіпкерлікке қолайлы жағдайларды одан әрі жетілдіру бағытындағы өзекті тақырыптарды талқылады.
Кездесуге қатысушылардың сауалдарына жауап берген Дания Еспаева «Ақ жол» демократиялық партиясы өндірістің дамуына қолайлы орта қалыптастыруды, кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуды, экономиканың шынайы секторына инвестиция тартуды және отандық өндірушілерге берілетін тапсырыстар көлемін ұлғайтуды қолдайтынын атап өтті.
Кездесу соңында қатысушылар отандық өндірісті дамытудың келешегі жөнінде пікір алмасып, Қазақстан экономикасын нығайтуға бағытталған шешімдерді әзірлеуде еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер мен саяси институттар арасындағы тұрақты диалогтың маңыздылығын ерекше атап өтті.
