Aikyn.kz әлемнің ең қымбат қаласының бірі Лондонда жанармай бағасының өсуін Telegraph басылымының хабарламасына сүйеніп талдайды.
Сарапшылардың айтуынша, мұнай бағасы төмендей бастағанымен, бұл өзгеріс әзірге жанармай құю бекеттеріндегі бағаларға әсер етпеген. RAC автоклубының мәліметінше, дизель отынының орташа бағасы литріне 1,82 фунт стерлингке дейін (1 150 теңге) көтеріліп, бір айда 10%-ға қымбаттаған. Ақпан айының соңынан бері дизель бағасы 27%-ға өскен. Ал бензин бағасы литріне 1,62 фунт стерлингке (1 023 теңге) жетіп, толық жанармай құю құны шамамен 89 фунт болған (56 200 теңге). Бұл көрсеткіш бір айда 7%-ға, ал соғыс басталғалы бері шамамен 22%-ға артқан.
RAC ұйымының саясат жөніндегі жетекшісі Саймон Уильямстың айтуынша, соңғы апталарда жанармай бағасы Ирандағы соғыс басталғаннан бергі ең жоғары деңгейге жеткен. Оның айтуынша, мұнайдың әлемдік бағасы арзандап келе жатқандықтан, алдағы уақытта жанармай бағасының өсуі тоқтап, біртіндеп төмендейді деп болжануда.
Қазіргі уақытта Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 80,6 долларға дейін төмендеген. Бұл көктемдегі 114 долларлық ең жоғары деңгейден шамамен 30%-ға төмен. Сарапшылардың пікірінше, АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал бейбіт келісімге қатысты қайта оянған үміт, президент Трамптың жұмсақ мәлімдемелері мұнай нарығына оң ықпал етіп отыр.
Ұлыбританияның энергетика министрі Миэтта Фанбуллех үкіметтің жанармай бағасын жіті бақылап отырғанын айтып, қазіргі бағалар халыққа үлкен салмақ түсіргенін мойындаған.RAC сарапшылары бөлшек саудадағы «ракета мен қауырсын» құбылысына назар аударады. Бұл жағдайда мұнай қымбаттағанда жанармай бағасы бірден өседі, ал мұнай арзандағанда бөлшек бағалар өте баяу төмендейді.
Жанармайдың қымбаттауы Ұлыбритания үкіметіне де қысымды күшейтті. Сарапшылар жанармай акцизін көтеру жоспары кейінге қалдырылуы ықтимал екенін айтады. Бұған дейін өмір сүру құнының өсуіне байланысты үкімет акциз мөлшерлемесін көтеруді уақытша шегерген болатын.
Қазақ елі үшін де бұл маңызы мәселе. Қазақ елінде де жанармай бағасына әлемдік мұнай нарығындағы өзгерістер әсер етеді. Егер Таяу Шығыстағы геосаяси тұрақсыздық сақталса, бұл халықаралық логистика мен мұнай бағасының құбылуына ықпал етіп, ішкі нарықтағы жанармай құнына да қысым түсіреді. Мұнай бағасының төмендеуі экспорттық кірістердің азаюына да әсер ететіні белгілі.
