Бейбіт күнде оның қажеті жоқтай көрінеді. Шынында, сарбаздар әлдеқалай уланса, ауырса, мертіксе, дәл осы маман көмекке келеді. Яғни адамды ажалдан арашалап қалуға болатын «алтын сағат» соның қолында. Демек, әскерге алынған арыстың денсаулығын жоғалтпай, мүгедекке айналмай, үйіне аман оралуы соған да байланысты. Ал осы маман тапшылығы мәселесі қалай шешілмек?
Сарбаз өмірінің сақшысы
Қазақстанда әскери дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалады. Жаңа тәртіп бойынша азаматтық дәрігерлер сарбаздарды мерзімді әскери қызметке шақыру кезінде, медициналық комиссия шеңберінде қарайды. Басқа жағдайларда әскери қызметтен босатылғанша, бұл ер-азаматтардың денсаулығы погонды «ақ халаттылардың» білімі мен біліктілігіне, жауапкершілігі мен қамқорлығына байланысты. Сондықтан қоғам белсенділері, сарапшылар әскерді дәрігермен жете қамту үшін оларды азаматтық университеттер мен колледждерде қосымша даярлау туралы бастама көтерген.
Геосаяси ахуал құбылып, әлем аумалы-төкпелі кезеңге киліккен тұста мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыру, сондай-ақ түрлі төтенше жағдайдың алдын алуға сақадай сай болу аса маңызды. Осы орайда қоғам қайраткері, заңгер Ғалиасқар Төлендіұлы әскери-дала жағдайына жан-жақты бейімделген білікті медицина кадрларын даярлайтын тұрақты жүйе құру стратегиялық қажеттілік екенін қадап айтты.
– Мемлекетімізде әскери дәрігерлерді даярлау Ұлттық қорғаныс университеті және әскери институттар базасында жүйелі түрде іске асырылады. Әскери медицина академиясын құру бағытында жұмыстар байқалады. Әскери медициналық білім беру жүйесін кезең-кезеңімен дамытуға мемлекет ерекше назар аударып отыр. Бірақ енді әскери медицина саласындағы медициналық алғашқы көмектің негізгі орта буын мамандарын – әскери фельдшерлерді даярлауды белсенді қолға алу маңызды деп санаймын, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, әскери дәрігерлер мен әскери фельдшерлерді даярлау өзара тығыз байланыста, бірін-бірі толықтыратын бірыңғай жүйе ретінде қарастырылуға тиіс. Бұл әскери-медициналық жүйенің тұрақтылығын, жедел әрекет ету қабілетін және еліміздің заманауи сын-қатерлерге дайындығын қамтамасыз етеді.
– Қазақстанда әскери-медициналық салада орта буын мамандарын даярлау жүйелі жолға қойылмаған. Ал Қарулы Күштер тарапынан кадрларға деген қажеттілік артып келеді. Ел аумағының ұлан-байтақ көлемі, шалғай елді мекендердің күрделі жағдайы, табиғи және техногендік тәуекелдердің өсуі аясында арнайы медициналық білімі бар мамандарды көптеп даярлау стратегиялық мәнге ие болды. Осыған байланысты жоғары медициналық колледж базасында әскери фельдшерлер даярлайтын мамандандырылған бөлімше ашу мүмкіндігін қарастырған жөн, – деді Ғ.Төлендіұлы.
Оның пікірінше, колледждің ұстаздар құрамы мен әдістемелік базасы жаңа білім беру бағдарламасын іске асырумен бірге, әскери медицинаның ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру стандарттарын оқу жүйесіне енгізуге толық мүмкіндігі бар. Мұның сыртында соңғы жылдары медициналық колледждерге түсетін ер балалар саны тұрақты өсу үстінде. Бұл контингент әскери фельдшерлерді даярлауда қызмет талаптарына бейімделген кәсіби құзыреттерін дамытуға, тәртіп пен физикалық даярлық деңгейін арттыруға, сондай-ақ әскери-медициналық бөлімдерге ынталы кадрлар тартуға мүмкіндік берер еді. Бұл Қарулы Күштер мен төтенше жағдайлар қызметтерін білікті орта буын кадрларымен қамтамасыз етуге, дағдарыстық жағдайларға жедел ден қою деңгейін арттыруға, азаматтық және әскери медицина интеграциясын күшейтуге, өңір жастарының кәсіби дамуына жол ашады.
Үкімет ұстанымы қандай?
Ресми мәлімет бойынша қазір Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың орта медициналық персоналмен жасақталуы шамамен 90%-ды құрайды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттардың, сарапшылардың колледждердің әскери дәрігерлерді даярлауына рұқсат ету туралы бастамасы қабылданбағанын хабарлады. Себебі армияны жасақтау үшін бүгінде азаматтық медициналық білім беру мекемелерін, соның ішінде колледждерді бітірген, арнайы әскери даярлығы жоқ мамандармен де келісімшартқа отырып, әскери қызметке ерікті негізде қабылдау жүзеге асырыла бастапты.
Елімізде орта буын медицина мамандарын даярлаумен 78 медициналық оқу орны мен колледж айналысады. Оларда білім алушылар контингенті 30 мың адамнан асады. Ал жыл сайын «Емдеу ісі» мамандығын «Фельдшер» біліктілігі бойынша 10 мыңнан астам маман оқу бітіреді.
Орта медициналық персонал мамандықтары үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы 2026 жылы 37 329 орынды құрады. Салыстырғанда, 2024 жылы 30 991, 2025 жылы 35 892 грант берілген еді. Яғни жыл сайын артып келеді. Медициналық колледждерге 2024 жылы 37 213 адам, 2025 жылы 36 132 адам оқуға қабылданса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 38 мың адамға жеткен.
– Орта медициналық персоналды әскери жауынгерлік даярлау Қарулы Күштердің әскери бөлімшелерінің күнделікті жауынгерлік даярлығы шеңберінде жүзеге асырылады. Бұдан басқа, қосымша білім беру шеңберінде орта медициналық персонал Қорғаныс министрлігінің Әскери медицина орталығының базасында біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрады. Біліктілікті арттыру курстары кәсіби деңгейін көтеру, медициналық көмек көрсетудің жаңа дағдыларын меңгеру мақсатында орта буын мамандарын даяр-лауға бағытталған. 2023 жылы – 257, 2024 жылы – 284, 2025 жылы 259 медициналық персонал біліктілікті арттыру курстарынан өтті, – деп хабарлады Премьер-министр.
Жалпы, О.Бектеновтің пайымдауынша, ведомствоаралық үйлестірудің қолданыстағы жүйесі Қарулы Күштердің қажеттіліктеріне сай медициналық колледждерде орта медициналық персоналды даярлауды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Әскер 2024 жылы 87, 2025 жылы 64 орта медициналық персоналмен жасақталды. 2026 жыл ішінде тағы 90 адам алу жоспарланыпты.

Атап өтетін жайт, бұдан бөлек, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, оның ішінде медициналық университеттердің әскери кафедраларында даярлықтан өткен запастағы сержанттарды әскери қызметке шақыру мәселелерін заңнамалық тұрғыдан реттеу жоспарланып отыр. Бұл міндет жаңа Парламенттің – Құрылтайдың мойнына жүктелмек.
Ертеңге сенім, болашаққа міндет
Осы апта соңында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтын бітірген медициналық қызмет офицерлеріне алғашқы офицерлік атақ беру рәсімі өтті. Биыл алғашқы 12 интерн-түлек офицерлік атақ алды. Оқуын аяқтаған жас офицерлерге Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің дипломдары қоса табысталды. Бұл олардың әскери және жоғары медициналық білімді қатар меңгергенін растайды.
– Оқу барысында алғашқы медициналық, дәрігерге дейінгі және мамандандырылған медициналық көмек көрсету негіздерін меңгердік. Менің «жалпы әскери практика дәрігері» мамандығым бойынша оқу мерзімі 6 жылды құрайды. Соның ішінде 5 жылдық бакалавриат бағдарламасын аяқтадым. Алда 1 жылдық интернатура кезеңі күтіп тұр, – деді салтанатты рәсімде түлек, лейтенант Бекжан Әміров.
Ол генерал дәрежесіне дейін жеткен ақ халатты болғысы келетінін жасырмады. Медициналық қызмет офицерлерінің алғашқы легі 2020 жылы оқуды бітірген болатын. Сол жылы 15 әскери дәрігер алғашқы офицерлік атаққа ие болды. 2021 жылы институт 23 маманды даярлап шығарса, биыл «жалпы практика дәрігері» мамандығы бойынша білім алған 12 түлек офицер погонын тақты.
Оқу орнын жаңа ғана тәмамдаған, Отанға және Гиппократқа қатар ант берген жас офицерлер ендігі кезекте бейбіт күнде де, оқ пен оттың ортасында да сарбаздардың денсаулығы мен өміріне жауап беріп, осы қасиетті борышты адал атқаруға өз мойнына міндеттеме алды. Олар әскерді сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етіп, сарбаздардың сау күйде сап түзеп жүруін басты назарда ұстайды. Бұл міндет әскери бөлімнің тыныш қабырғасындағы тұрақты тірлікте де, далалық жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде де бір сәтке тоқтамауға тиіс.
Тарихқа шолу жасасақ, 1992 жылғы 8 шілдеде Қарулы Күштердің Бас штабының Әскери-медициналық басқармасы құрылған екен. Бұл күн тәуелсіз Қазақстанның әскери медицина жүйесінің бастауына айналды. Бүгінде бұл қызмет мамандары әскерлердің жауынгерлік даярлығын, оқу-жаттығуларды, жұмылдыру жиындарын және Қарулы Күштердің басқа да іс-шараларын медициналық қамтамасыз етеді. Сондай-ақ елімізден тыс жерлерде де өз міндеттерін абыроймен атқарады. Әскери дәрігерлер қазақстандық бітімгерлік контингент құрамында Голан жоталарында әскери қызметшілерге, қажет болған жағдайда жергілікті тұрғындарға да медициналық көмек көрсетіп жүр.
Қорғаныс министрлігінің мәліметіне жүгінсек, әскери медицина жыл санап дамып келеді. Оның құрамына 8 әскери госпиталь, 4 лазарет, Орталық әскери-дәрігерлік комиссия, санитариялық-эпидемиологиялық бөлімшелер және медициналық білім беру ұйымдары кіреді.
Әскери медицина инфрақұрылымын жандандыруға да баса мән берілген. Ақмола облысының Щучинск қаласында Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталі базасында ауыр сырқаттардан және жарақаттардан кейін әскери қызметшілерді оңалтуға арналған бөлімше ашылды. Астана мен Алматыдағы әскери госпиталдарды реконструкциялау және техникалық жаңғырту жұмыстары жалғасты. Семей қаласындағы әскери госпиталға күрделі жөндеу аяқталуға жақын. Сонымен қатар Ақтауда әскери теңізшілерге арналған госпиталь ашу және Алматы қаласында Әскери медицина академиясын құру бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Әскери-медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары олар заманауи диагностикалық және хирургиялық жабдықтармен, оның ішінде компьютерлік томографтармен, цифрлық рентгенологиялық кешендермен, ультрадыбыстық диагностика аппараттарымен және эндоскопиялық жүйелермен жабдықталған.
Жыл сайын әскери-медициналық мекемелерде бірнеше мың әскери қызметші ауруханаға жатып, ем алады. Тәжірибелі әскери дәрігерлер жоғары білікті медициналық көмек көрсетіп, күрделі хирургиялық операциялар жасайды. Бірақ, әрине әскери дәрігердің еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Сарапшылар олардың жалақысының аздығына да назар аудартып жүр.
Әскери медицинаны дамытудың жаңа, өзекті міндеттері де күн тәртібінде тұр. Атап айтқанда, дамыған елдердегі сияқты вакуумдық терапияны қолдана отырып мина-жарылыс жарақаттарын емдеу, санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды жетілдіру, магистралды қан тамырлары жарақаттарын емдеудің заманауи тәсілдерін енгізу, мүгедек болған әскери қызметшілерді медициналық оңалту және басқа мәселелер бар.
Әскери медицинаға көңіл бөлу – денсаулық сақтау саласына ғана емес, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қорғанысына маңыз беру. Өйткені кез келген армияның қуаты қару-жарақпен ғана емес, сын сағатта адам өмірін сақтап қала алатын кәсіби мамандарымен де өлшенеді.
Елдос СЕНБАЙ
