Былтыр білім ордаларында дау-жанжал бұрқ еткен еді. Кейбір мектеп басшысы «еріктілер қызметін дамыту» сылтауымен мұғалімдерді оқушыларының ата-анасы туралы жан-жақты мәлімет жинауға міндеттеген.
Ұстазға салмақ салмайық
145
оқылды

Олар әр баланың әке-шешесінің қай жерде қандай лауазым атқаратынына, тіпті қанша жалақы алатынына дейін түгендеуді талап еткен. Бұл ата-аналардың орынды наразылығын туғызды. Мектеп чаттарында пікір білдірген азаматтар «бұл ақша жинау үшін қажет» деген қаупін білдірді. Енді мұндай ақпарат жинату үшін жаза енгізілді. Бүгіннен бастап жаңа заң өмірге жолдама алады.

Мұғалімге жаңа қорған

Мемлекет басшысы 2026 жылғы 12 маусымда «Кейбір заңнамалық актілерге педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Негізгі заңына және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» ілеспе заңына қол қойған-тын. Қос құжат та «алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң», яғни 11 тамызда қолданысқа енгізіледі. Мұғалім­дерді қорғауды күшейтуге қандай қажеттілік туындады? Өмірге қандай жаңалықтар енгізілмек?

Бір қызығы, ілеспе заң 2 ғана баптан тұрады. «1-бап. 2014 жылғы 5 шілдедегі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне мынадай өзгерістер енгізілсін: 409-баптың 7-3-бөлігінде: 2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын: «2) педагогтан ҚР білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етіп алдыру, сондай-ақ оған құжаттарды бір мезгілде қағаз жет­кізгіште және электрондық нысанда жүргізу міндетін жүктеу;», – делінген бірінші бапта. Екінші бап одан да қысқа: «5) тармақшадағы «орта» деген сөз алып тасталсын». Тұтас бір заң небәрі 96 сөзден құралған.

Алайда оның мұғалімдер қауымы үшін маңызы зор. Бұған дейінгі реформа аясында ұстаздар қауымын келесі жұмысқа жегуге тыйым салынған еді: біріншіден, Қазақстан заңдарында көзделген жағдайларды қос­пағанда, педагогты кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға; екіншіден, оларға қатысты Қазақстан Республикасы заңдарында көзделмеген тексеру жүргізуге; үшіншіден, педагогқа тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге, мысалы, желілік маркетингке жұмылдыруға тосқауыл қойылған еді. 

Алайда өмір мен тәжірибе көрсеткендей, педагогтарды мектеп не жергілікті әкімдік ұйымдастыратын түрлі шараға мәжбүрлеп қатыстыру, оқушы­лардан және ата-аналардан түрлі ақпарат пен есеп жинатқызу сияқты кесірлер тыйылмапты. Салдарынан, екі жыл бұрын Семейде қалалық шыршаны безендіру жұмысы жүктелген мұғалім жерге құлап мертіккенде, оны ешбір заң қорғай алған жоқ.

Сондықтан заң арқылы «педагогтан Қазақ­станның білім беру саласындағы заңнама­сында көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етіп алдыруға, сондай-ақ оған құ­жат­тарды бір мезгілде қағаз жет­кіз­гіште және электрондық нысанда жүргізу міндетін жүктеуге» тыйым салынды. Мұның сыртында «мемлекеттік білім беру ұйымы­ның педаго­гын өз кәсіптік қызметін жүзеге асыру кез­ін­де мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тартуға» жол беріл­мейді. 

Бұл талап бұзылса, бірінші жолы тек ескерту беріледі. Бір жыл ішінде қайталанса, лауазымды адамдарға – 20 АЕК (2026 жылы – 86 500 теңге), шағын кәсіпкерлік нысандарына немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК (259 500 теңге), орта кәсіпкерлікке – 80 АЕК (346 000 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК (519 000 теңге) айыппұл салынбақ. 

ЖИ дәуіріндегі адалдық

Айта кету керек, бұл қос заң Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2025 жылғы «Тамыз конференциясында» берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленіп, ескі Пар­ламент оны шұғыл қабылдады. Басты жаңалықтар, әрине Негізгі заңда қарас­тырылған. Олар педагогтардың құқығын қорғауды күшейтуге, оларды кәсіби қыз­мет­пен байланысты емес міндеттерге тар­туға жол бермеуге, сондай-ақ білім беру, бала құқығын қорғау заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған. 

Ең алдымен, құжат «академиялық адал­­дық» ұғымын енгізді: ол білім беру сап­асын арттыруға, зияткерлік меншікті құрметтеуді қамтамасыз етуге және білім беру процесіне қатысушылардың жауап­кершілігін қалыптастыруға тиіс. Бүгінде білім беру жүйесіне цифрландыру қарқынды еніп жатыр. Бұл технологиялар білімді кемелдендіруге мүмкіндік береді, сонымен бірге студенттердің, тіпті педагогтардың дай­ын жұмыстарды көшіре салуы, жасанды интеллектіні орынсыз пайдалануы, ғылыми деректерді бұрмалауы сияқты қауіп-қатерлер де өрши бастаған. 

Тағы бір түйткіл – ЖИ-дің кез келген мәтінді «ЖИ генерациялаған» деп тану тәуекелі. Барлық оқу орындары – мектеп, колледж, университеттер антиплагиат жүйе­лерін жаппай енгізу үстінде. Бірақ өзі­нің ғылыми жұмысын тексерген көптеген педагог, тіпті ғылыми мақалалардағы әде­биеттер тізімінің өзін бұл жүйе плагиат деп танитынын анықтап, шағымданды. Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері мұның бәрін академиялық адалдық тетіктері арқылы реттеуге міндетті.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова жаппай цифрландыру және ЖИ заманында академиялық адал­дықты енгізуге және сондай мәдениетті қалыптастыруға баса мән берілетінін ха­бар­лады. Оқытушылар мен студенттердің арасында жұмыс барысында ЖИ-ді дұрыс пайдалану жолдары, сондай-ақ жаңа жағдайда академиялық жазбаны, яғни ғылыми жұмыстарды, жазба жұмыстарын қалай жазу керегі жан-жақты түсіндірілуге тиіс.  

– Министрлік бұл бағыттағы жұмысқа кірісті: арнайы курс жүргізіледі. Ол курс­тарды, бір жағынан, ЖОО-лар, екінші жағынан, Қазақстан жоғары оқу орында­рының қауымдастығы ұсынады. Ал министрлік студенттерге арнап, AI-Sana бағдарламасын жасады. Оның аясында бұған дейін 670 мыңнан астам студент оқы­тылды. Оқытушылар үшін 2026 оқу жылы­нан бастап америкалық OpenAI компаниясымен бірге арнайы курстар жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе біздің назары­мызда және ол алдағы уақытта да жалғасады,  – деді вице-министр. 

Ол кейбір кемшілігіне бола, антипла­ги­ат­тан бас тартылмайтынын қадап айтты: «Бұл өте қажет, себебі шәкірттер де, педа­гогтар да жазбаша жұмыстарды немесе ғы­лыми жұмыстарды адалдықты сақтай отырып жазғаны қажет. Мұның бәрін қол­­мен тексеріп отыру қиын. Жоғары оқу орын­д­ары әртүрлі жүйені пайдаланады, оның ішінде қазақстандық, халықаралық жүйелер бар. Бірақ бұл да жеткіліксіз: ең бастысы, біздер антиплагиатты оқу проце­сінде және бағалау жүйесінде қолдануымыз керек. Бұл мәселе де назарымызда», – деді Г.Көбенова.

Жаңа заңның елді елең еткізген және қоғамда кең талқыланған келесі жаңалығы – оқушыларды білім ошағы аясында смартфоннан уақытша айыру мәселесі. Бұған дейін әр мектеп төл қамқоршылар кеңесімен, ата-аналар комитетімен келісіп, тиісті шешімді өз бетінше қабылдап келді. Енді жаңа заң білім беру саласындағы уәкілетті органға – қазіргі Оқу-ағарту министрлігіне «орта білім беру ұйым­дарында білім алушылардың ұялы байла­ныстың абоненттік құрылғыларын пайда­лану қа­ғи­даларын бекіту» құқығын берді. Ендеше, министрлік сабақ кезінде смарт­фонды қолдануға тыйым салса, бұл талап бүкіл республикаға, мемлекеттік және жекеменшік мектептерге тең қолданылатын болады. 

Кадр мәселесі қалай шешілмек?

Тағы бір тың жаңашылдық: бұдан былай мектептен тыс уақытта педагогтар бала­лардың мінез-құлқы мен іс-әрекетіне жауап бермейді. Осы мақсатта ескі депутатт­ық корпус «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 70-ші бабына өзгеріс енгізіп, баланы тәрбиелеу және дамыту жөніндегі міндеттерді орындау шеңберінде оның өмірі, денсаулығы және қауіпсіздігі үшін ата-аналардың тікелей жауапкершілігін бекітті. Сонымен қатар заңда білім беру ұйымының педагогы немесе басшысы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қатысты болған оқиғалар үшін тек қана кәсіптік қызметті жүзеге асыру кезеңінде, оның ішінде білім беру процесіне байланысты лауазымдық міндет­терін орындау кезінде ғана жауапты болатыны нақтыланды.

Жеке блокта педагогқа құжаттарды қағаз және электрондық нысанда бір мез­гілде жүргізу міндетін жүктеуге жол бермеу туралы түзету енгізілді. Бұл мысалы, ғалам­торға қосылмаған немесе мобильді интернет арагідік қана пайда болатын елді мекендерде қағаз және электронды күнделікті қатар жүргізу тәжірибесін жоймақ. Келесі маңыз­ды бағыт талантты түлектерді қолдау: ха­лықаралық кәсіби шеберлік конкурс­тарының, оның ішінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасындағы WorldSkills жеңімпаздарына ҰБТ тапсырмай-ақ, жоғары оқу орындарына түсу құқығы беріледі.

Қалай болғанда, қазіргі қоғамның кел­­беті мен ертеңгі ұрпақтың тағдыры білім ордаларының бүгінгі тыныс-тірші­лігімен тікелей сабақтасып жатқаны сөзсіз. Қаншама кешенді іс-шаралар жүзеге асы­рылып жатса да, білім беру жүйесінде әлі де болса қосымша шешімдерді талап ететін күрмеулі мәселелер сақталып отыр. Ең басты сынақтардың бірі – кадр тапшылығы. Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына жүгінсек, 2025-2026 оқу жылын еліміздегі 400-ден аса мектеп директорсыз аяқтады. Бұл өз кезегінде басқару жүйесінің икемді­лігіне, әкімшілік сапаға және білім беру реформаларының жүзеге асуына кері әсер етпей қоймайды. Басшы орнының бос қалуы – ұжым жұмысының үйлесімсіздігін тудыратын ұйымдастырушылық ақау.

Мектеп кемесінің бағытын айқындар басшы ғана емес, нақты ғылым нәрімен сусындатар пән иелерінің орны да ойсырап тұр. Түрлі пән (әсіресе жаратылыстану ғылымдары) бойынша 5 мыңнан аса педа­гогтың тапшылығы өткір күйінде қалды. Бұл проблема ауылдық аймақтарда тіпті тереңдей түседі: барлық бос жұмыс орнының жартысынан көбі ауыл мектеп­терінің еншісінде. Содан ұстаздар өз мамандығынан тыс пәндерді де жүргізуге мәжбүр: бұл білім беру сапасының төмендеуіне соқтырады, білім көшін кері тартады.

Педагог мамандығының қоғамдағы беделі мен тартымдылығын әрі қарай арт­тыру жеке назарды талап етеді. Педагоги­калық мамандықтарды бітірген түлектердің әрбір бесіншісі мектепке барып жұмыс істеуден бас тартады. Барғанының бір бөлі­гі бірер жылдан соң саладан кетіп қала­ды. Кадрлар даярлау мен саланың нақты қажеттіліктері арасында алшақтық сақталған.

Оқу-ағарту министрлігі бұл олқылық­тардың орнын толтыру үшін нақты қадамдар жасап жатыр. Мектеп директорларының бос орындарының саны бірте-бірте азайып, бұрынғы 500-ден бүгінде 400-ден астамға дейін азайтылған. Соның ішінде 200-ден көбі – ауыл мектептерінің үлесінде. Вед­омство бұл проблеманы жазғы каникулда кезең-кезеңімен шешуге күш салып жатыр. Бос орындардың көпшілігі Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының ауылдық елді мекендеріне тиесілі көрінеді. 

Ауылдық жерде, негізінен шағын жинақты мектептер орналасқан. Сондықтан көптеген мектеп директорлығына үміткер Оқу-ағарту министрлігі бекіткен біліктілік талаптарына сай келмейді. Осыған орай ведомство бұл тетікті жаңа аттестаттау қағидалары аясында қайта қарап жатыр. Нақтылағанда, мектеп директорларына қойылатын санаты бойынша талаптар педагог-сарапшыдан педагог-модераторға де­йін төмендетілмек. Бұл ретте дирек­тор­лыққа кандидаттар мен педагогтардың біліктілігі менеджмент курстары аясында арттырылатын болды. Жаңашылдыққа ұмтылған бұл қадам – қасаң қағидаларды өмір талабына бейімдеудің бір көрінісі.

Жаңа заң қоғамдағы мұғалімнің рөлін күшейту жөніндегі Мемлекет басшысы қойған міндеттеріне сәйкес келеді. Бұл түзе­тулер әкімшілік жүктемені азайту және білім беру үрдісін ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін енгізу арқасында педагогтардың жұмыс тиімділігін арттыруға да өз үлесін қоспақ. Әйткенмен, саладағы барлық түйткіл бірден тарқатылады деу ерте. Өзге де көкейкесті мәселелерді шешу жаңа Құрыл­тайдың еншісіндегі жауапты міндет болмақ.

 Айхан ШӘРІП