Әсіресе балаға көрсетілетін қолдауда бұл талаптың маңызы айрықша. Шымкент қаласында білім алушылар мен тәрбиеленушілерге берілетін қаржылық және материалдық көмекті тағайындау жүйесінің цифрландырылуы осы бағыттағы жұмыстың жаңа кезеңін қалыптастырып отыр.
Бала құқығын қорғау тек оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету немесе білім алуына жағдай жасау мәселесімен шектелмейді. Бұл ұғым баланың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оның сапалы білімге, қажетті ортаға және мемлекет тарапынан тиісті қолдауға қол жеткізуін де қамтиды. Осы тұрғыдан алғанда әлеуметтік көмек көрсету жүйесінің ашық, әділ әрі нақты жұмыс істеуі маңызды.
Қазақстанда әлеуметтік жағдайы белгілі бір талаптарға сай келетін балаларға жергілікті бюджет есебінен қаржылық және материалдық көмек көрсету тетігі қалыптасқан. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары, табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ төтенше жағдайлардан зардап шеккен отбасылардың балалары және заңнамада белгіленген басқа да санаттар бар.
Көмек мұқтаж отбасына бағытталады
Үкіметтің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес әлеуметтік санаттарға жататын балаларға жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржылық және материалдық көмек көрсетіледі. Бұған дейін әлеуметтік санатты анықтау кезінде бірқатар тәуекелдер болған. Атап айтқанда, кей жағдайларда білім алушының әлеуметтік мәртебесі тиісті деңгейде анықталмай, талаптарға сәйкес келмейтін азаматтарға да көмек тағайындалған. Әсіресе атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларды анықтау тетігінде цифрландыру мен ақпараттық жүйелердің өзара интеграциясына қатысты мәселелер болған. Осылайша, осынау санаттағы азаматтарды анықтау кезінде деректерді салыстыру мен тексерудің қосымша тетіктеріне қажеттілік болды.
Бұл мәселе Шымкентте жүйелі түрде қайта қаралды. Қала әкімдігінің бастамасымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің жауапты қызметкерлерінің қатысуымен жұмыс кеңестері өткізілді. Нәтижесінде, мемлекеттік цифрлық ақпараттық жүйелерді өзара интеграциялау бойынша нақты шешімдер қабылданып, Ұлттық білім беру деректер қорында тиісті әлеуметтік санаттарға жататын білім алушылардың тізімін автоматты түрде қалыптастыру мүмкіндігі жасалды. Шымкент қаласында білім алушылар мен тәрбиеленушілерге көрсетілетін қаржылық және материалдық көмекті тағайындау жүйесі жаңғыртылып, өтініш беру процесі толық цифрландырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов атап өтті.
2026 жылдан бастап Шымкентте қаржылық және материалдық көмекке өтініш беру QOSYMSHA ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Яғни азаматтар қажетті құжаттарды жинап, мекемелерге қайта-қайта жүгінудің орнына өтінішті электронды түрде береді. Жүйе отбасының белгіленген талаптарға сәйкестігін тиісті ақпараттық деректер негізінде тексеруге мүмкіндік береді. Көмек тағайындау туралы шешімдер де цифрлық ортада тіркеледі. Бұл өзгерістің мәні тек қағазбастылықты азайтуда емес. Ең бастысы – әлеуметтік қолдау көрсету кезінде адами фактордың ықпалын төмендету, деректердің нақтылығын арттыру және бюджет қаражатының белгіленген санаттағы азаматтарға бағытталуын қамтамасыз ету.
Кейінгі жылдардағы көрсеткіштер де әлеуметтік қолдауға деген қажеттіліктің ауқымын аңғартады. Шымкентте 2024 жылы 46 825 білім алушы қаржылық және материалдық көмекпен қамтылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 57 047-ге жеткен. Ал 2026 жылы 66 мың білім алушыға көмек көрсету жоспарланған. Бұл сандардың артында мыңдаған отбасының әлеуметтік жағдайы, баланың білім алуға деген мүмкіндігі және оның болашағына әсер ететін нақты факторлар тұр. Сондықтан әлеуметтік саясаттағы кез келген реформа ең алдымен статистиканы емес, адамның өмірін жақсартуға бағытталуға тиіс.
Адами фактор азайып, деректер нақтыланады
Шымкенттегі цифрландырудың тағы бір маңызды қыры әлеуметтік көмектің атаулылығын күшейту. Бұрын деректердің толық сәйкес келмеуі кейбір жағдайда көмек алушылардың санын анықтауға әсер етсе, ендігі автоматтандырылған жүйе әлеуметтік мәртебені барынша нақтылауға мүмкіндік береді. Бұл бір жағынан заң талаптарына сай келмейтін өтініштердің алдын алса, екінші жағынан шын мәнінде қолдауға мұқтаж баланың назардан тыс қалмауына жағдай жасайды.

Мұндай тәсіл еңбек саласындағы саясаттың дамуымен де тікелей сабақтас. Отбасының табысы, ата-ананың жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік жағдайы мен баланың әл-ауқаты – бір-бірінен бөлек қарауға келмейтін мәселелер. Тұрақты жұмыспен қамту мен лайықты еңбек жағдайлары қамтамасыз етілген сайын отбасының әлеуметтік тәуелділігі де төмендейді. Ал әлеуметтік қолдау жүйесі еңбек етуге мүмкіндігі жоқ немесе өтпелі кезеңде көмекке мұқтаж азаматтарды нысаналы түрде қолдауы қажет. Сондықтан қазіргі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты азаматқа тек жәрдемақы беру емес, оның экономикалық дербестігіне жағдай жасау. Бұл ретте еңбек нарығындағы сұранысқа сай маман даярлау, жастарды жұмыспен қамту, ата-аналардың еңбек құқықтарын қорғау, табысы төмен отбасыларды қолдау және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру өзара байланысты міндеттер ретінде қарастырылуы керек.
Қолдау бала мүддесіне бағытталуға тиіс
Шымкенттің тәжірибесі осы бағыттағы өзгерістердің бір ғана әлеуметтік төлем жүйесімен шектелмейтінін көрсетеді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруға, шешім қабылдауды жеделдетуге және әлеуметтік саясатты нақты деректер негізінде қалыптастыруға жол ашады.
Бұл цифрлық трансформацияның адам өміріне тікелей әсер ететін мысалы. Бұрын белгілі бір әлеуметтік санатты анықтау үшін бірнеше дереккөзді салыстыру қажет болса, қазір бұл процестің едәуір бөлігі автоматтандырылып отыр. Демек, цифрландырудың түпкі мақсаты технологияны енгізу емес, мемлекеттік қолдауды азамат үшін барынша түсінікті, қолжетімді және әділ ету. Бала құқығын қорғау саласында мұндай жүйелі тәсілдің маңызы ерекше. Өйткені баланың әлеуметтік жағдайы оның оқуына, психологиялық ахуалына, ортаға бейімделуіне және болашақ мүмкіндіктеріне әсер етеді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек уақытылы әрі нақты болған жағдайда отбасы қиын кезеңнен тұрақтырақ өте алады.
Шымкентте қолға алынған жаңа тетік осы міндеттерді бір арнаға тоғыстырады. Әлеуметтік көмекті цифрландыру бір қарағанда техникалық жаңашылдық болып көрінгенімен, оның қоғамдық маңызы әлдеқайда кең. Бұл – мемлекеттік саясаттағы әділеттілік қағидатын күшейтуге, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына, балалардың құқықтарын қорғауға және әлеуметтік қолдаудың сапасын арттыруға бағытталған қадам.
Ең бастысы, мұндай өзгерістер азамат пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға тиіс. Себебі әлеуметтік саясаттың шынайы нәтижесі бөлінген қаражаттың көлемімен емес, оның кімге, қалай және қаншалықты уақытылы жеткенімен өлшенеді. Шымкенттің тәжірибесі көрсеткендей, әлеуметтік саланы цифрландыру заманауи басқарудың талабы ғана емес. Ол баланың құқығын қорғау, отбасының әл-ауқатын арттыру және еңбекке негізделген тұрақты қоғам қалыптастырудың маңызды құралдарының біріне айналып келеді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы
